Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Байқау! 673 1 пікір 5 Қараша, 2024 сағат 10:01

Күтпеген жүлде

Фото: Жарқын Сәленұлы

Биылғы жылғы ең алғаш шешендік сайысқа қатысуым үлкен мүмкіндікке жол ашты. Оқиға барысы былай басталған еді.

Қарбалас сабақ күндерінің бірінде қазан айының 8-і күні Көкшетауда өтетін "Іші-алтын, сырты-күміс сөз жақсысы” шешендік сайысы “Ақберен” байқауына іріктеу мақсатында сөз додасы болатыны жайлы хабарлама келді.

Бұл хабарды естіген мезетте, не де болса бағымды сынап көрейін деп қатысуды жөн көрдім. Әне-міне дегенше байқау өтетін күн де келіп жетті. Барынша дайындығымды шыңдап, білген-түйгенімді пайымдап, ой елегінен өткіздім. Сөйтіп, сайыс та басталып кетті. Таяқ жерге тасталды, сайыста жеребемен басталды. Асығыма қарасам, 1 саны... Әрине, жеребе үстінде таңдалған бұл нөмір кез-келген қатысушыны абдыратып, әбігерге салары сөзсіз. Не де болса, нар тәуекел деп сөз тізгінін алып, ой өрбіттім. "Бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, таппай айтсаң келеке қылады" деп Досбол шешен айтпақшы, шаршы топта сөз бастаудың қиындығы осындайда көрінеді.

Алғашында сасқалақтап, ойымды дұрыс жеткізе алмағанмен, кейіннен ұтымды ой айтып, сөзімді жүйелеп, жинақтай білдім. Әділ қазы алқасы ретінде мектебімізден түлеп ұшқан “Ділмар” үйірмесінің бетке ұстар мүшелері Ақерке мен Аяулым есімді әпкелеріміз өздерінің ой пайымының жүйелілігін, ұшқырлығын көрсетіп , қатысушыларға дөп сын айта білді. Әділ қазы алқаларының сынынан өтіп, сайыс үстіндегі жіберген қателіктерімді бір саралап, көптеген өмірлік тәжірибе алдым. Марапаттау сәтін бәріміз тағатсыздана күттік. Әрбір оқушының ішінде толқынды теңіздей толқытқан толқу сезімі болғаны анық. Ақыры, жүлделі орындармен оқушыларды  марапаттау басталды. Өзімнің атымды естуге жүрексініп, қобалжи бастадым. 3-орында жоқпын, 2-орында да атым аталмады, 1-орын да өзге оқушыға табысталды. Сене алар емеспін... Бас жүлде иегері атандым! Көрші сыныптағы Әмина құрбыммен бірге  әсем Көкшетаудың баурайында өтетін байқауға баратынымның өзі қандай бақыт десеңізші! Мұны естігенде жүрегім дүрсілдеп, төбем көкке жетердей қуанып, нағыз шаттыққа бөлендім. Бір сәтке барлық ауыртпалықты шетке ысырып қойып, қуанышқа бой бердім. Бірақ, кейіннен үлкен жауапкершілікті сезіне бастадым... Не дегенмен Республикалық байқау ғой. Абай мектептерінің түкпір-түкпірінен іріктеп алынған жүзден жүйрік мыңнан тұлпар болып оза шапқан нағыз сөз дүлдүлдері бақ сынасады. Мұны ойлаудың өзі ішімде үрей, қорқыныш ұялататын еді. Дегенмен, артқа шегінерге жол жоқ. Қалай болса да мектептің, сенім артқан ұстаздарымыз бен жақындарымыздың үмітін ақтап, жүлдемен оралу керек деп өзімді іштей  қайрап жүрдім. Күнделікті ойымда жүретін бірден-бір уайымым – осы сайыс еді. Байқау мерзімі жақындаған сайын дайындығымды күшейте бердім. Айнаның алдында сөз сөйлеп машықтанып, сөйлеу шеберлігіме, мәнеріме баса назар аудардым.

Күндіз де, түнде де ойлайтыным байқау еді. Сөзге арқау етерлік нақыл сөздер мен тағылымы мол шешендік оқиғаларды жинап, жүйеледік. Әмина екеуіміз 8-9сыныптардың сабағы кезінде шешендік сайыс жасап  жаттығатынбыз. Әр жасалған шешендік сайыстағы айтылған сын бізді шыңдап, өсуімізге ықпал еткендей. Ғабит Мүсірепов айтқандай: "Көркем сөз суықта да өседі, ыстықта да өседі, күндіз де өседі, түнде де өседі. Тек ақ мамық төсекте өспейді, әлпештеген алақанда өспейді. Сынсыз өспейді, талас-тартыссыз өспейді." Осылайша үздіксіз дайындықпен күндер өтіп жатты. Ақыры, Көкшетауға жолға шығатын күн де келіп жетті. Жолға керек-жарағымызды дайындап, мектебімізден аса үлкен сенім мен үмітті арқалап сапарға шықтық. Аяулы ұстаздарым мен қымбатты сыныптастарымның, үйдегі жақындарымның ыстық лебізі мен қолдауы ерекше қуат бергендей болды. Алматы мен Көкшетаудың арасы біршама алыс еді. Пойызбен баратындықтан, жол ұзақ. Дегенмен, Қизат ағай өзінің ұстаздық жолымен, жүріп өткен қиындықтары мен басынан кешкен қызықты хикаяларымен айтты. Әмина құрбым мектеп өміріндегі көрген қызғылықты оқиғаларын әңгімелеген кезде уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалдым. Расында, мектепте қатал болып көрінген мұғалімдер шын мәнінде мейірбан, балажан, жанашыр адамдар екен. Қизат ағайдың оқиғаларынан өмірлік сабақ, тәлім алғандаймын.

Ертесі күні Жарқын ағайдың жан досы, серігі – әнші, журналист Жасұлан ағаның үйінде қонақ болдық. Үйге кіре қалған сәттен бастап ерекше жылулық,  қонақжайлылықтың иісі сезілді. Кейіннен барлық үй ішімен дастарқан басына жайғастық. Дастарқанның сәнін келтірген Жасұлан ағаның домбырамен орындаған әсем әндері мен ғибратты әңгімелері болды. Одан бөлек, Бақытнұр Әбілезұлы ағамыздың оқиғалары, орындаған әуезді әндері де жүрекке жетті. Бұл шаңырақта Жасұлан ағаның қос қанаты, тірегі, екі ұлы өсіп келе жатыр екен. Үлкен ұлы Нұрасыл 80-ге жуық шешендік оқиға, өлең, ғибратты сөзді жатқа біледі екен. Бұл 7-сынып оқушысы үшін таңқаларлық нәрсе еді. Одан бөлек, Нұрасыл өлеңді нақышына келтіріп жазып, әр тармаққа мән-мағына сыйдыра білген нағыз ақын екен. Жасұландай ірі ағамыздың жолын жалғар мықты азаматтың өсіп-келе жатқаны әлбетте, бізді бір марқайтып қойды. Келесі сөз кезегі бізге, Әмина екеуімізге келді. Жарқын ағайдың нұсқауымен күзгі демалыс тапсырмасын орындау, яғни, дастарқан басында ғибратты сөз айту орайы келіп тұр екен. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, Әмина екеуіміз өнегесі мол шешендік оқиғалардың бірнешеуін баяндап, өз шығармашылығымызбен бөлістік. Дастарқан басында айтылған ой, әңгіме, өлең мен ән адамға өзгеше әсер береді екен. Қарапайым сабақта, жыр шұғылада айтылатын ақпараттардан гөрі әлдеқайда есте жақсы сақталып, өмірлік сабақ ретінде жатталып қалды. Он сабақтан ала алмаған дүниені бір дастарқан басынан игеріп, өмірге қажетті ақпаратқа қол жеткізе алады екенбіз. Сонымен қатар, дастарқан – адамдарды бауырмалдыққа, мейірімге, отбасылық құндылықтарды сақтауға, қонақжайлылыққа тәрбиелейді. Бір дастарқан басына жиналу арқылы әр отбасы мүшесі тәлім тәрбие алып, бір-біріне деген сыйластық, жанашырлық қалыптастырады. Дастарқан үстінде мағыналы ойлар, әңгімелер айтылса қандай жақсы! Сөйтіп, берекелі дастарқан өзінің мәресіне жетіп, келесі сапарға жолға шықтық. Бұл күннің қалдырған әсерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Осылайша, Сәкен атамыз “Арқаның кербез сұлу Көкшетауы” деп жырлап кеткен Көкшетау қаласына келдік. Пойыздан түсе салысымен бізді жайдары көңіл күймен күтіп алған мектеп мұғалімдері болды. Түн ортасында келсек те қонақжайлылық үлгісін көрсетіп, сыйластық танытқан ұстаздарға іштей риза болдық. Келесі күні сайысқа келген оқушылар мен ұстаздарды мектеп алдына шақырып, ән айтып, шашу шашып кіргізді. Одан бөлек, киіз үй тігіліп, алыс сапардан келген қонақтарға ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Мектеп директоры Анаргүл апай сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді. Біздің мектептің ұстазы Алтынгүл Кенжеғарақызы да ыстық ықыласын білдіріп, алғысын айтты. Артынша, Жарқын ағай өзінің “Шешендік өнер” пәнін енгізу, оның пайдасы, берері туралы жобасын таныстырды. Бәріміз құлақ салып тыңдадық. Кейіннен, мұғалімдер семинар өткізу мақсатында бір бөлек, оқушылар бір бөлек жиналды. Оқушыларға квест ойынын ұйымдастырған екен. Сөйтіп, жеребе арқылы 4 топқа бөліндік. Мен 3-топта екенмін. Топпен бірігіп жұмыс істеп, жасырын қағаздарды тауып, берілген тапсырмаларды басқа топтардан бірінші болып аяқтаған біздің топ жеңіске жетті. Әр топты марапаттап, сыйлық тарту етті. Кейіннен, бар оқушы жиналып кино көріп, караоке айттық. Бір уақытта, сол мектептің оқушылары бізге Көкшетау зауытында өндірілген балмұздақтар таратты. Дәмі тіл үйіретін балмұздақтар көңілімізді одан бетер көтеріп, сол сәттен ләззат алғандай болдық. Түскі астан кейін барлық мұғалімдер мен оқушылар бірігіп, Бурабай ұлттық саябағына саяхатқа шығатын болдық. Солайша керемет көңіл күймен сапарға шықтық. Автобус іші көңілді еді. Айналаға зер салсаң Көкшетаудың әсем табиғатын көресің. Ауа-райынан салқындық, ызғар байқалғанымен, біздің саяхатымызға тосқауыл болмады. Бурабай өлкесіне жақындаған сайын, таулы аймақтар, өзен-көлдер көріне бастады. Бурабайдың тамаша табиғатын бейнелейтін бірден-бір көрініс–қарағайлы орман еді. Автобустан түсіп, терең тыныс алдық. Ауасының өзі жанға жайлылық тудыратындай таза, тұнық еді. Көкшенің оң жағындағы Үш қыз тауын өз көзімізбен көріп, тәнті болдық. Кейіннен, осы уақытқа дейінгі өзіміз естіп, көруге құмартып жүрген Оқжетпес тауын, Жұмбақтасты кездестірдік. Әрқайсысы жайлы қызық ақпараттармен бөлісіп отырған апайды бәріміз ұйып тыңдадық. Қарасаң көз тоярлық қаз қатар тізілген қарағайлар жан тыныштығын сыйлайды. Ну орманға көз жүгіртсең жаның бір сәтке тынышталып қалғандай күй кешесің. Осылайша, Көкше жерінің әсем аймақтарын, таңғажайып табиғатына көзайым болып қайттық. Естелікке Көкшетаудың баурайынан неше түрлі жәдігерлер сатып алдық. Қайтарда мейрамханаға соғып, ішімізге ел қондырып, көңіліміз жайланып қайттық. Жол бойы оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, өлең оқып, әрқайсысы қайталанбас шығармашылығымен бөлісті. Әне-міне дегенше кеш батып, бүгінгі күн де өз мәресіне жетті. Қоржынымызға жаңа естеліктер, жаңа ақпараттар, жаңа оқиға енді. Бұл күннің біздерге берері мол болды. Ертеңгі күні бәрімізді толқытқан, көптен күткен тартысты сайыс еді. Сонымен қатар, таң атысымен Әмина екеуіміз ұстаздарымыз Жарқын ағай мен Қизат ағайдың бастауымен “Көкше” телеарнасында сұқбат беретін болдық. Осындай маңызды оқиғалар орын алатын ертеңгі күнді аса үлкен толқыныспен, сеніммен күттім.
Таң атты. Ұлттық киімімізді киіп, сақадай сай болып телеарнаға келдік. Мен күткендей аса қорқынышты емес екен. Осыған дейінгі көрген-білгенімді жинақтап, сүбелі сөз айтып шығуға тырыстым. Сұқбат сәтті аяқталды. Ал енді бізді күтіп тұрғаны шешендік сайыс еді...
Телеарнаға сұқбат бергендіктен, сайысқа сәл-пәл кешігіп қалыппыз. Ұстаздар мен әділ қазы алқалары қатысушыларға сәттілік тілеп, ақ ниетімен қолдау білдірді. Кейіннен, бірден жеребе тасталды. Сахнаға 12 мектептен келген 24 оқушы қаз қатар тізіліп, жеребеден бір-бірлеп асықтарды суырып ала бастады. Кезек маған да келді. Бір қызығы жеребеде түскен сан – 1... Дәл өткендегідей. Бұл сәтте біраз абдырап қалғаным рас. Әминаның түрінен де абыржу байқалды. Дегенмен, бойымызды тез жинап алдық. Шегінуге болмайды деп өзімізді бір жігерлендіріп алдық. “Тіземнен сүріндірсеңде тілімнен сүріндірме” деп шаршы топта сөз бастадық. Тақырыпты шамамыз келгенше осы уақытқа дейінгі жиған білімімізбен, түйген ойларымызбен, жаттаған шешендік оқиға, нақыл сөздерімізбен көркем түрде ашуға тырыстық. Қарсыластарымыз да осал емес екен. Әмина екеуіміз бір-бірімізді толықтырып, жұптық сайысты жандандыра алдық. Сөйтіп жүріп біздің шешендік сайыс та тамамдалды. Жасарымызды жасап болған соң, қандай сын болса да қабылдауға дайын болдық. Жүзіктің көзінен өткізіп сынға алатын әділ қазылардың айтқан сыны, жіберген қателіктеріміз бізге сабақ болды. Бір шыңдалып, “шешендік өнер”пәні бойынша белгілі бір деңгейге көтеріліп, дамығандай болдық. Артынша өзге оқушылар да сайысқа түсті. Әр шешендік сайыстан алармыз көп болды. Мұқият бақылап, тәжірибе жинап отырдық. Екінші кезең түскі астан кейін болатын болды. Тартысқа, қызыққа толы бұл сайыстың бірінші кезеңі аяқталды. Әр қатысушы шамасы келгенше тақырыпты сан қырынан қарастырып, ашуға тырысты. Ендігі кезекте екінші кезең, бар қатысушыны тығырыққа тіреп, тұтқиылдан сұрақ жаудыратын кезең. Әуелдегідей Әмина екеуіміз бірінші бастадық. Қойылған сұрақ аса қиын емес еді. Дегенмен, сахна алдындағы сынай қарап отырған жүздеген көздер мен пікірлер нендей мықты оқушы болса да абдыратып, әбігерге салары айдан анық. Сұраққа белгілі бір деңгейде, толық жауап беруге тырыстық. Бұл кезеңнің басты айырмашылығы – кішкене оқиғаға терең астарды, мән-мағынаны сыйдыра білуінде еді. Яғни, бір ауыз сөздің астарында қаншама терең ой жататындығын түсіне аламыз. Өкінішке қарай, көп қатысушы осы кезеңнен ақсады. Қарапайым сөздің мағынасын түсіну қиындық тудырды. Бұған әділ қазы алқаларының қапа болғаны рас. Дегенмен, ары сүйреп, бері сүйреп жүріп бұл кезең де соңына жетті. Ал ендігі сәт, бәріміз тағатсыздана күтетін марапаттау кезеңі... Бұл уақыттағы іштегі алай-дүлей сезімді, уайымды, толқынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы кездегі бес минут бес жылдай сезіліп, сарғайтып, сабылтып келді. Ең әуелі кешегі өткен семинарда өз тәжірибесімен бөліскен мұғалімдерді марапаттады. Сонымен қатар, барша қатысқан оқушыларға мектеп атынан арнайы сыйлық, сертификат берілді. Ендігі кезек біздің осы уақытқа дейінгі дайындығымыз бен уайымымыздың жемісін көріп, жақындарымызды қуантудың реті келетін сәт – қатысушыларды жүлделі орындармен марапаттау. Бірінен соң бірі айтылып, табысталып жатқан орындар... Он екі мектеп арасынан тек жеті мектеп қана орынға ілінетін еді. Айтулы сәт тез келіп жетті. Іштегі қобалжу үдеп барады. Ақыр соңында естігеніміз: Бас жүлде иегері – Тақылбекқызы Айсымбат пен Смағұлқызы Әмина болды. Қандай әсерлі, тарихи сәт десеңізші! Бір қызығы, іріктеу кезеңіндегі оқиға, тарих қайталанды. Дәл сол кездегідей жеребеде таңдаған нөмірім – 1, алған орынымыз – бас жүлде болды. Қуанышымда шек жоқ еді! Бар үміт артқан жақындарыма, ұстаздарым мен сыныптастарыма сүйінші хабарды жеткізіп, шаттыққа бөлендім. Бұл өмірдегі ең бір айтулы сәттердің бірі ғой. Соншама дайындалып, тер төгіп барған жарысыңнан бас жүлдемен оралуды елестетіп көріңізші?! Қандай адам болсын ішінде шаттық, үлкен қуаныш ойнайды емес пе? Осылайша, көптен күткен қызығы мен шыжығы қатар көрінген бұл тарихи күн әрбір қатысушыға сабақ болып, жарқын, ыстық естеліктерімен жадында сақталып, өз мәресіне жетті. Қазақта " Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей шешен боларсың" деп текке айтылмаса керек. Болашақта осы сынды топ ортада шешендік сайыстарға түсіп үздіксіз шыңдалудың арқасында үлкен белестерді бағындырып, шешендік өнерді насихаттауға өзімнің үлесімді қосарым анық!

Айсымбат Тақылбекқызы, Абай атындағы РММИ-дің 9-сынып оқушысы, “Ділмар” үйірмесінің мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1974