Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
46 - сөз 1733 1 пікір 15 Қараша, 2024 сағат 14:59

Бағаналы терек

Сурет malim.kz сайтынан алынды.

Эссе

Талант пен тағдыр
Тұрып кеткім келеді, тұра алмаймын,
Жүріп кеткім келеді, жүре алмаймын.
Желегі желкілдеген дер шағында,
Құлаған жел-дауылдан шынардаймын!
(Нұртас Исабаев)

Жап-жас кезінде Мәскеуде оқыды. «Ұстаздардың жақсысы, Шынында да Мәскеуде!», – деп Қадыр ақын айтқандай, талайдың қолы жетпейтін Әдебиет институтында небір ғибраты мол ғұламалардың дәрісін тыңдады. Кәдімгі Горький атындағы әлемге әйгілі білім ордасының берекелі бесігінде тербелді. Институт жанындағы Жоғары әдеби курсты емес, әйгілі оқу орнының нақ өзін тәмамдаған санаулы қазақтың бірі.

Ол тумысынан романтикаға жақын-ды. Жұрттың бәрін жанымен және жүрегімен жақсы көрді. Жұртты айтасың, айналасындағы әсем әлемнің әр дүниесін шексіз сүйді. Аспан мен жерді, өзен мен көлді, шалғын мен шөлді... Тамылжыған табиғаттың әр құбылысы оның құлшынысын оятты. Өмірге өте құштар болды. Тегінде, топырақ таптап, аршындап адымдап жүрген жұмыр басты пенделердің ішінен өмірге құмар емес адам табыла қоймас. Бірақ оның құштарлығының жөні бөлек-ті. Жауқазын жырлары сол сипаттан ауытқымады.

Тағдыр оған көп нәрсе берді. Алдымен талант берді. Оған қоса мәрт мінез берді. Бақ-берекет берді. Содан соң атан түйе қайысардай ауыр сынақ берді. Ақырында темірдей төзім, шарболаттай шыдам берді. Соның бәрінен мұқалмай аман-есен өтті ағамыз. Жас күнімізде, Алматыда тұрған кезімізде Нұртас ағаның үйіне жиі баратынбыз. Алабөтен бір жылылық бар-ды сол шаңырақта. Оған да көп уақыт өтті. Нұрекең әлі сол баяғы сырбаз әрі салиқалы қалпы. Күрсінгенін білдірмейді, көкірегін тілдірмейді, көрінгенге ілдірмейді. Сырын ашпайды, сөзін шашпайды. Сынын бұзбайды. Сондықтан ақынның өзі:

Өміріме шашып тағы нұр күн, ай.
Қуанам ба – білер оны бір құдай.
Ақ жаңбырдай жауған ұзақ тынымсыз,
Сол кез қайта келер ме еді, шіркін-ай! –

деп жырлағандай, Алатау баурайындағы алаңсыз күндерді сағынасың кейде...

Енді сол өткен дәуірге көз жіберіп көрелікші... Сексенінші жылдардың басында КазГУ-де оқып жүргенімізде әйгілі бесінші жатақхананың тұрғындары белгілі ақындармен кездесу кешін өткізді. Сол кеште бір түркістандық жас ақын Нұртас Исабаевтың өлеңіне жазған пародиясын оқыды. Ол әдепкі шумағын қайырып тастап, енді екіленіп екінші шумаққа көстеңдеп көше бергенде төрде отырған Иранбек Оразбаев гүр ете қалды:

– Әй, айналайын, дәл осы жерден қоя ғой. Нұртас жақында ғана жол апатына ұшырап, содан әлі еңсесін көтере алмай жатыр. Мынадай пародия-сародияңды ертең өзі тәуір болған соң жазарсың!

Отыз бес жастағы жігерлі Иранбек ағамнан айқай естіген әлгі жас ақын жым болды...

Бұл кезде Нұртастың өлеңдері баспасөзде біршама жарияланып тұратын. Мәскеуде оқитынын да білетінбіз. Сол дәуірде Невель Әбілев, Бақыт Қайырбеков сынды бірқатар ақын оқыған М.Горький атындағы Әдебиет институтына жаңақорғандық жыр жүйрігі Нұртас Исабаевтың да табан іліктіргенін мақтан ететінбіз. Ал бірақ мына жағдайдан хабарсыз екенбіз. Осы бір әсерлі кешке жиылғандар жүрегіне мұң ұялатып тарасты.

Ұзамай «Лениншіл жаста» Нұрлытай Үркімбайдың Нұртас пен Ленаның ғажайып тағдыры туралы «Махаббат жыры» деген ғаламат дүниесі жарқ ете қалмасы бар ма! Қазір қит етсе, хит дейтін болдық қой. Шын мәнінде, нағыз хит Нұрлытай әпкемнің осы дүниесі еді. Бұл күн әлі есімізде. Алматының газет сататын киоскілерінде күнге қақталып молынан жататын «Лениншіл жас» бірер сағатта жылан жалағандай жоқ болды. Жастар басылымына хат дегенің қап-қабымен келіп жатты. Осы мақаладан соң комсомолдың басшылығы Нұртасқа Алматының орталық бөлігінен жайлы пәтер берді. Бұл шешімге разы болмаған адам жоқ. Әншейінде бірдеңе тындырғысы келсе, алды-артына қарамай ала жөнелетін алақұйын комсомолдың сол жылы бітірген тиянақты бір тірлігі осы болды.

Нұртастың туып-өскен өңірі де оған қамқорлық көрсету ісінен шет қалған жоқ. Бұл шаруаға сол тұста Қызылорда облыстық комсомол комитетінде жауапты қызмет атқарған, бүгінгі белгілі қаламгер Жолтай Әлмашев ұйытқы болды. Қазақ басылымдары Нұртастың ақындығы мен тағдыры туралы жарыса жазып жатты. Сол тұста Нұртас тақырыбы қалың жұрт құлақ түрген жағымды жаңалыққа толы болды. Барлық күйіп тұрған тақырыптардың әуелі жалындай лаулап, содан соң бірте-бірте көмескілене беретіні секілді кейінірек Нұртас мәселесі де едәуір саябырсыды.

Саябырсыса, саябырси берсін, Нұртас ағам өмір мен өлең үшін күресін тоқтатқан жоқ. Өмірге деген құштарлығын бір сәтке де баяулатпады. Өлеңге деген іңкәрлігін де бәсеңсіте қоймады. Өзі туралы жазылған мың-сан дүние оны жігерлендіруін жігерлендірді, әрине. Алайда соның бәрі өтпелі нәрсе екенін, түптеп келгенде, өзі мен өлеңі ғана оңаша қалатынын ол ертерек аңғарды.

Өз аяғымен жер басып жүрген тәтті ғұмыр... Оның өзі Жаңақорған мен Мәскеудің арасында өтті. Әсіресе Мәскеудегі төрт жылдың танымы мен тағылымы мол еді. Ұланғайыр білім мұхитына енді ғана құлаш ұра бастаған-ды. Әлемнің әр қиырынан жиылған достарымен табысып, бақыттың биігінде, шаттықтың шыңында жүрген кезі еді менің Нұртас ағамның. Балдағы алтын құрыш болат күтпеген жерден күрт сынды. Бірақ бірден үгітіліп кеткен жоқ. Еңсесін тіктеп, тіршілік үшін ұлы арпалысын бастап кетті. Алдағы күнге үміт артты.

Нұрлытай Үркімбай әпкеміздің баршаға белгілі, жұрт жаппай оқыған сол ойлы очеркінің қайталанбас кейіпкерін тағдыр мұнан кейін де көп сынады. Бір сынақтың үстіне бір сынақ жамалды. Көрмегені жоқ. Мүжіліп-мұқалмады. Кетіліп-кемірілмеді. Күйзеліп-күйремеді. Именіп-иілмеді. Махамбет ақынның бағаналы терегі секілді биіктеген үстіне биіктей берді. Жаралы жанын жырымен жұбатты. Өзегін өртеген өкінішін өлеңімен өшірді. Денесіндегі дертінен айығу үшін десте-десте дәріні басына жастап жатты. Соның бәрін жан баласына сездірмеді. Тағдырдың сан қырлы сынағын күлімсіреп отырып қарсы алды. Мықтының мықтысының, қайсардың қайсарының ғана қолынан келетін ерлік шығар бұл.

Бақыт пен бейнет
Ай өтті, тек азаппен тыныстадым,
Теңселіп кетті бауыр-туысқаным.
Қараймын терезеден, сыртта – көктем,
Қол бұлғап шақырады гүлстаным...
(Нұртас Исабаев)

Баяғыда Мәскеуде оқитын ұлына «Қарай-қарай әріпке, Қалай, көзің талды ма? Қызбен барып паркке, Қаржың бітіп қалды ма?», – деп өлеңмен хат жазған Қадыр ақын секілді Нұртастың әке-шешесі де шырайлы шаһарда білім алып жатқан парасатты перзентті мақтан тұтатын. Олар ұлағатты ұлды жастайынан көркем сөзге баулыды. Жыраулардың жырларын жаттатты. Ертегілерге ерте қанықтырды. Би сөздерін бойға сіңіруге бейімдеді. Шешендік өнерді шиырлатты. Әдебиетке құмарлығын оятты. Абайды оқуға икемдеді. Әлеуетті әке мен ширақ шешенің текті тәрбиесі көп ұзамай жемісін берді. Құнды қазынаны жастанып жатып, шетінен игерген бала Нұртас қиялын қозғап, өлең өре бастады.

М.Горький атындағы Мәскеу әдебиет институты білім іздеген бозбаланы жатсынған жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен сөз өнеріне таласы бар студенттер жиналып, осында бас қосты. Әдебиет теориясының жілігін шағып, майын ішкен небір ғұламалар аудиторияға келіп, дәріс оқиды. Бұрынғы одақтың түрлі басылымдарында шығармалары ұдайы басылып тұратын әйгілі қаламгерлер мен ғибратты ғалымдар бұл шаңырақта жиі бас қосады. Танымы көл-көсір, тағылымы телегей-теңіз сол сарысүйек зиялылардың барынша қарапайым екені қайран қалдырады. Нұртас бұны да таң көреді.

Қазақ жазушылары Мәскеуге жиі ат басын бұрады. Солардың ішінде әйгілі Әдебиет институтына соқпай өтетіндері кемде-кем. Жас ақын мәртебелі меймандармен жүздесіп, салиқалы сұхбат құрады. Өзін таныстырады. Зиялылардың зейіні өзіне ауғанын сезсе, өлеңдерін оқып береді. Мақтаса, мәз болады. Сынаса, сағы сынып қалады. Сөйтіп, ол осылайша көркем сөздің көшіне ілесті.

Ордалы оқу орнында білім алып жатқан жастар арасында қазақ жұртынан жеткендер де баршылық. Институттың күндізгі және сырттай бөлімі бар, оның жанындағы Жоғары әдеби курс бар, соның бәрін қоса алғанда, бір қауым ел болып қалады. Солардың шабыты мен шаттығының арқасында шырайлы шаһардың арайлы аспанында қазақтың қара өлеңі қалықтап тұрады.

Жас ақынның ең бір бақытты шағы еді бұл. Сұлу өмірді сүйді. Шуақты шаһарда шалқыды. Құрбы қызбен қыдырды. Тұмса табиғатқа тамсанды. Бақыттың бақшасында болды. Шексіз шаттыққа шомылды. Мың-сан жоспары бар-ды. Алдағы күнге адымдап бара жатқан-ды. «Бастау» сериясымен жарыққа шығатын тұңғыш кітабын баспаға тапсырып қойған еді.

Осы жарасымды тіршіліктің бір-ақ күнде сәні бұзылды да кетті. Мәскеу олимпиадасының ұйымдастыру жұмыстарына байланысты студенттерді елге ерте қайтаруға ұйғарым жасалыпты. Нұртас та алдымен Алматыға ұшып, әрі қарай пойызбен Жаңақорғанға тартты. Әке-шешенің қасында аунап-қунап, сағынышын басқалы келеді. Ата-анасы бұған жеңіл мәшине алып қойыпты. Бірінші мамыр мерекесі қарсаңы еді. Жанға жайлы мамыражай мамырдың ақын баланың тағдырын қамырдай илейтінін кім білген?!

Ертеңіне үйдегілер әлгі су жаңа мәшинемен көрші ауданда ауырып жатқан құданың көңілін сұрап келмек болды. Көлік ішінде әкесі, ағасы және өзі бар еді. Жүргізуші – бір жамағайынның баласы. Жолда апатқа ұшырады. Қатты жарақаттанғаны Нұртас қана. Дүние шыр айналып түсті. Екі бірдей омыртқасы сынып кетіпті. Екі аяғы бірден жансызданып сала берді. Белден төмен қарай қозғалыс жоқ.

Содан ауруханадағы азапты күндер басталды. Күн ұзаққа қабырғаға қарап, сарылып жатады. Тән жарасы мен жан жарасы қатар қозады. Әкесі мен бауырлары маңында шырқ үйіріліп жүр. Мәскеуден жетекшісі, атақты ақын Евгений Долматовский осындағы дәрігерлерге телефон соғады. Басшыларға телеграмма салады. Соларға Нұртасты қайта-қайта тапсырады. Бір күні Лена келді қазақ жұртына. Ақынның аяулы құрбысы. Мәскеуде екеуі жұбы жазылмай жүрген. Енді, міне, Нұртастың қиын халге түскенін естіп, жедел жетті. Туваның қызы. Әдебиет институтының бірінші курсына енді ғана түскен бойжеткен. Алғаш танысқанда ағамыз оны қазақ қызы екен деп ойлап қалыпты. Біздің ұлтқа түрі де, тілі де ұқсас Елена қыздың елге келгені Нұртасқа кәдімгідей демеу болды. Қайда барса да, жанында жүрді. Алты ай бойы аурухана төсегін күзетті. Одан кейін ақын жігітке тағдырын байлады. Нұртас өлең жазып, Лена оны машинкаға басып, екеуі қосылып аударма жасап, шығармашылық тандем құрды. Лена қыз күндізгі оқуын доғарып, сырттайға ауысты. Екеуінің некесі қиылды. Нұрекең Қырымдағы Саки қаласының арбаға таңылғандарды емдейтін орталығына қаралып келгеннен кейін Мәскеудегілер қайта-қайта хабарласып, институтқа шақырды. Курстастарымен қауышты. Оқытушылары емтиханды жатақханаға келіп алды. Осылайша, жанашыр жандардың арқасында дипломын қорғап, оқуды бітірді.

Өз басым Нұртастың жары Ленаны бірнеше рет көрдім. Ол, жалпы, жұртшылыққа жақсы әсер қалдырды. Биязылығымен, зиялылығымен танылды. Кейіннен түрлі себеппен еліне қайтты. Бәрібір ол аса қиын кезеңде Нұртастың жаны мен тәніне түскен салмақты тең бөлісті. Жүрегі жаралы ақынның: «Түлкідей өмір шіркін бұлаң қағып, Сауықта жүрген екем құр алданып. Қадірін білмей келген жалғыз досым, Қасымнан шықпай қойды шыр айналып», – деген өлең жолдарының нақты кімге арналғанын анық білмейміз, бірақ өзі де, сөзі сүйкімді сол Лена қызға бағышталған шығар деп топшылаймыз. Бәлкім, қателесерміз...

Сөйтіп, Нұртас ағам жас күнінен бақыт пен бейнетті қатар көрді. Бақытқа бөленді. Бейнетті көтерді.

Шыдам мен шабыт
Шыдайын, шыда дейді жұрт та маған,
Мұңымды сыңайменен құптамаған.
Өмір деген отаудың есігінен,
Еркін кірмей, қалайша сыртта қалам?!
(Нұртас Исабаев)

Нұртасқа ақын ағалары: «Сенің өлеңдеріңде бір тазалық бар. Жалпы, көп қиындық көрмегенің жырларыңнан байқалып тұрады» дегенді жиі айтатын. Бұл соған едәуір шамданып қалатын. Ақыры қиындықтың көкесін көрді. Бейнет дегенің батпандап басып қалды. Бір дәрігер оның әкесіне: «Бұл нағыз өлеңді енді жазады», – депті. Шынында да солай болды. Бұрын қуаныштың құшағында жүретін. Енді азаппен арпалысты.

Біреулер Нұртасты тағдыры ауыр тұлғалармен салыстырады. «Құрыш қалай шынықты?» романының авторы Николай Островскийге теңейді. Тіпті болмаса, құрыш қазақ атанған қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіровке ұқсатады. Басына қиындық түскеннен кейін Нұрекең Островскийдің ой-тұжырымдарын да, Шүкіровтің шығармаларын да сан қайталап оқыды. Оқыды да, өзінің тағдыры екеуінен де мүлде бөлек екенін анық ұқты. Азды-көпті өмірдің жақсылығын көрді. Ширек ғасырға жуық өз аяғымен жер басып жүрді. Бақыт дегеннің не екенін бүкіл болмысымен сезінді. Өткенге көп өкініші болған жоқ. Сондықтан оны Островскийге орайластырып, Шүкіровпен шендестірудің жөні жоқ. Оның өз өмірі бар.

Керек десеңіз, Нұртас Исабаев өзін науқастың қатарына мүлде қоспайды. Ертелі-кеш дене жаттығуын жасайды. Ақ тер, көк тер болып, спортпен айналысады. Сәл дамылдап алып, кітап оқиды. Сосын, күйі келсе, өлеңін жазады. Жұмыстан күн ұзаққа қолы босамайды. Ендеше, қайдағы науқас?! Қайдағы қайғы-мұң?!

Бірде үй сыртында серуендеп келе жатқан Нұртастың жанына бір орыс әйелі жақындады. Жылыұшырай амандасты. Өзін таныстырды. «Сізді осы маңайдан күнде көремін. Үнемі күлімсіреп отырасыз. Өмірге өкпеңіз жоқ екені, ішкі қуатыңыз мол екені көрініп тұрады. Ал менің үйімде бір балам бар. Әскер қатарында жүргенде апатқа ұшырады. Содан бері үйден шығара алмаймын. Ешнәрсеге құлқы жоқ. Таңертеңнен кешке дейін интернетте ирек қамшылап отырады», – дейді қапаланып...

Шынында да, Нұртас осыншама орасан күш-қуатты қайдан алып еді өзі? Қай кезде де оған ылғи бір жақсы адамдар жолықты. Өзі жақсы болған соң, реті солай келген шығар. Алматыға жетіп, комсомолдың берген екі бөлмелі үйіне қоныстанған сәттен бастап жүрегі жұмсақ жандардың ыстық ықыласына бөленді. Олжас Сүлейменов Ленаны өзі басқаратын кино жөніндегі комитеттің әдіскері қызметіне алды. Алтыншаш Жағанова Нұртасты «Жаңа фильм» журналының аудармашылығына бекітті. Серікбай Оспанов «Жалын» баспасына рецензент етіп тіркеп қойды. Ал Мәскеуде жақынырақ табысқан досы Ұлықбек Есдәулетов оны кейінірек ашылған «Жас қазақ» газетіне жұмысқа тартты. Сайын Мұратбеков өлеңдерін «Қазақ әдебиетіне», Сейдахмет Бердіқұлов «Лениншіл жасқа» тоқтаусыз жариялап тұрды. Мәскеуде оқыған жылдарда жатақханадағы бөлмесіне қонып, түнімен сырласқан Оралхан Бөкей ағасы да мұны ұмытпапты. Бәрі де қамқор қолын созды. Қай-қайсысы да қанаты қайырылған ақынға түрлі тәсілмен қолдау көрсетудің жолын қарастырып бақты. Осының бәрі оған алапат жігер берді. Ілгергі күндерге деген үмітін оятты.

Ұлықбек демеші, сол Ұлықбек ағамның Нұртасқа арналған екі өлеңі бар. Біреуі «Жұлын», екіншісі «Қайыспас қайың» деп аталады. Алғашқы жырында: «Оқ тиген аққу секілді, Мамығы сөздің бұрқырап, Осады-ау жасым бетімді, Сайрармын сонда шырқырап! Дүние көзі бұлдырап, Сабақтай алмай инесін, Бір күліп, сосын бір жылап, Тағар да жұлар түймесін», – деп егілді. Кейінгісінде: «Құзырлы шағың құшағын саған жұрт ашқан, Ғұмырлы жасың жаныңда дария жыр тасқан. Мылтықсыз мірден мертіккен біздің ұрпақтың, Ғарасат көрген парасатысың, Нұртасжан!» – деп төгілді.

Ұлықбек шайыр, бәлкім, бұл өлеңдерін Нұртас досын қолтығынан демеп, жанын жадыратып, жігерін жандандыру үшін әдейі жазған шығар. Анығын айтайық, ол арқалы ақынның нағыз болмыс-бітімін дөп басты. Артық-кемі жоқ, осындай адам. Өшін өлеңнен алады. Өмірді де өлеңнен ұғады. Өзгені де өлеңнен көреді. Бақыт пен бейнетті бірге сезінгені секілді шыдам мен шабытты да қасына қатар қондырды. Шыдамы шексіз. Шабыты шалқар. Қалай болғанда да, ұғымтал Ұлықбек ағамның осы өлеңі Нұртас ақынның шабыты мен шыдамына, шынайылығы мен шығармашылығына қойылған еңселі ескерткіш дер едім:

Дүние жерге айналып түскен ұршықсыз,
Шіліңгір шөлде кірпіктен құлар ыршып тұз.
Сарқылмай қалған бір бұлақ болса жапанда
Ол сенің ғана бұлағың болар кіршіксіз.
Қатыгез тағдыр заңдарын мейлі ұқтырсын,
Ықтырсын кейде, сесімен бізді бұқтырсын.
Сүрініп біздер, жығылып-тұрып жүргенде
Қайыспас қайың, майыссаң-дағы нық тұрсың.

Белгілі журналист Болатбек Қожан бірде Нұртас Исабаевтан телесұхбат алып отырып: «Не арманыңыз бар аға?», – деп сұрады.

– Мен «Өмірге құштарлық» деген роман жаздым ғой. Сол романды оқығандар: «Енді екінші кітабын қашан жазасыз?», – деп сұрайды. Оларға «Жүріп кетсем, жазам!», – деймін. Қазіргі арманым – өз аяғыммен жүріп кету!

Солай деді Нұртас ақын! Асқақ арман! Өр мінез! Шексіз шыдамның табанды теориясы – осы! Бұйырса, бұл қазақ ол күнді де көрер...

Өмір мен өлең
Жалықтым аурухана иісінен де,
Сарғайып, іштей налып, күрсінем бе?
Есендік деген нағыз бақыт екен,
Тағы да дәмін татып, сүйсінем бе?!
(Нұртас Исабаев)

Басылымда бірге қызмет істеген Нұрлытай әпкемнің арқасында кейін Нұрекеңмен жақынырақ араластық. Үйіне жиі барып тұрғанымызды айттым ғой. Сонда аңғаратынымыз, Нұртас ағам әр күні де тойға баратындай бабында отырады. Шаштараздан жаңа ғана шыққандай. Киген киімі мұнтаздай таза. Айналасында артық-ауыс зат жоқ. Шашының бір талы да шашау шықпай орнында тұрады. Жүзінен жабырқаудың белгісі байқалмайды. Миды торлаған мың бір мұңның жұқанасы да көрінбейді. Ақынды алақанға салып аялайтын күміс арбасының өзі зауыттан қазір ғана шыққан су жаңа көліктей жұтынып тұрар еді. Соның бәрі асыл ағамыздың ішкі рухының күштілігінен, әрине. Әйтпесе, жаны жыламады ғой дейсіз бе? Жүрегі жүдемеді ғой дейсіз бе? Дерті дендемеді ғой дейсіз бе? Қабырғасы қайыспады ғой дейсіз бе? Белі бүгілмеді ғой дейсіз бе? Әрине, жылады... жүдеді... дендеді... қайысты... бүгілді... Бірақ соның бәрін де білдірмеді. Қамығып-қиналғанын ешкімге көрсетпеді. Тірі пендеге өкпе артпады. Өзін іздемегендерге де қитығып-қырыстанбады. Жабырқаулы күйін жаһанға жарнамаламады. Тағдырының сегіз батпан салмағына Тұран жолбарысынша қарсы тұрып, қайрат қылды. Осы кезге дейін:

Ғұмыр кеш тағдырыңды мойындамай,
Кезде де бақытты өмір сүре алмаған.
Күлімде, ештеңені уайымдамай,
Қиналсаң, жәрдем тіле бір Алладан! –

деген өршіл ұстанымынан танған емес. Ол осынау оқыс жағдайдан кейін бүкіл дүниетанымын өзгертті. Бақыт, шаттық, қиындық, сынақ деген ұғымдардың өлшемін қайта қарады. Тірліктегі бір күндік қызықтың бәрі салыстырмалы нәрсе екенін ертерек ұқты. Ауыр азап көріп, жаны жаншылып жатса да, бойына бойкүйездікті, көкірегіне күйреуіктікті жолатпауға тырысты. Ешкімге өкпе артпады. Жан баласына салмақ салмады. Еңсесін тік ұстады. Өзімен тілдесуге келгендерді қонақ күткендей қуана қарсы алып, күлімсіреді де отырды. Зорланып өтірік күлген жоқ. Шын күлкі. Шынайы күлкі. Жылы жымиыс. Өз оптимизмінен өзі қуат алды. Оның қайнар көзін ішкі әлемінен іздеп тапты. Адам баласының мүмкіндігі шексіз екен. Арбаға таңылу деген бақытсыз болу деген ұғымды білдірмейді. Өмірді сүйетін кісі қайда жайғасса да, жақсылықтың тұтқасын ұстап отырады. Ал жүрегі жақсылыққа жалғанған жан қашанда бақыт бесігінен алыстай қоймайды. Керісінше, екі аяғын тең басып, көшенің шаңдағын аспанға шығарып жүргендердің арасында бақыт дегеннен мүлде мақұрым пенделер жеткілікті емес пе?! Сондықтан, «Күлімде, ештеңені уайымдамай, Қиналсаң, жәрдем тіле бір Алладан!» тұжырымы Нұртастың өмірлік кредосы болды. Мұнысы қатал тағдырдың ауыр соққысын қаймықпай күтіп алу, езіліп, егіліп кетпей, қайсарлық таныту талабынан туындайды. Осындай қайтпас қайсарлық сол тұстағы жұдырықтай Нұртастың бойынан табылды. Ол «басқа салды, мен көндім» демей, тағдырмен тайталасу, қиындықпен күресу қажеттігін ұқты:

Тағдырмен күресе бер түңілместен,
Үйренген әдетіңнен жаңылмастан.
Жақсы ғой өз бетінше ғұмыр кешкен,
Барынша өзгелерге жалынбастан.

Нұртас өз бетінше ғұмыр кешу теориясын бағдарлық мұрат санап, тайталастың тактикасын танытты. Жоғарыдағы шумақта көрсетілгендей, түңілмеу, жаңылмау, жалынбау ақынның айнымас қағидасына айналды. Ол өзін ешқашан екі аяғы сап-сау адамнан кем сезінген жоқ. Арбаның үстінде жиналысқа немесе тойға баратындай жаңарып-жасанып отырады. Әне-міне дегенше, көнбіс көлігінің қос жақтауынан сығымдап ұстап, атып тұрып, әлдеқайда асығыс адымдап кететіндей әсер қалдырады. Шыдамды шайыр күрес деген түсінікке өзгеше мән-маңыз дарытты. Денсаулық үшін күрес. Өмір үшін күрес. Тоқтаусыз күрес. Біреуге кіріптар болмау үшін күрес. Ешкімді мүсіркетпеу үшін үшін күрес. Сол күресте ақыры жеңіске жетті. Нұртастың сыртқы сипатының сәулеттілігіне, күтімінің келістілігіне, көңілінің тоқтығына, қайғысының жоқтығына қарап, өзін-өзі билей білгеніне көз жеткізесің. Өткенге өкінбейді. Тағдырын тілдемейді. Өмірге өкпелемейді. Тек қана алға қарайды. Жалынды жігер. Толассыз талпыныс. Ұдайы ұмтылыс. Үзілмес үміт. Ойлы оптимизм. Соның бәрі оның өлеңдерінде былайша өріледі:

Алдыңнан жолығады сыйың күткен,
Табылар өткел өзен жағаласаң.
Жалықпай күресе бер қиындықпен.
Өзіңді өзің сыйлап бағаласаң!

Бірақ қанша қайсарлық танытып, жұртын жырымен жарылқап келе жатса да, болмыс-бітіміне, қабілет-қарымына, өлең-өрісіне сай өз қоғамынан бағасын ала қоймаған қарапайым қазақтың, айтулы ақынның бірі осы Нұрекең.

Кеше ол жетпіс жасқа толды! Жігерлі жетпіс! Жанкешті жетпіс! Жайдары жетпіс! Жаһан жұртына жапырағыңызды жайып, жантаймай да жарылмай, жан баласына бақыраш жаматпай, биіктей беріңіз, берік бола түсіңіз, бағаналы терек!

Бауыржан Омарұлы

«Ана тілі» газеті, 14 қараша, 2024 жыл

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980