Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Ғибырат 742 3 пікір 19 Қараша, 2024 сағат 16:34

Жүрегін теңіз тербеткен

Сурет kitapkhana.kz сайтынан алынды.

Бүгінде елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған біз өкіліне жататын ұрпақ кешегі кеңестік дәуірдің тоқыраса да тоқ жылдарын, көзді алдағанмен көңілді алдай алмаған кермек дәмді кесірлі бейнесін басымыздан өткеріп, санамызда, тегімізде мәңгілікке сақталған ұлттық, азаттық, тәкаппарлық рухының қайта жаңғырған - ел Тәуелсіздігінің бастауы мен қаз тұруының қуанышы да қалтарысы да мол, сенімді, үмітті жылдарының куәсы болып келеміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің араб тілі бөліміне арнайы оқуға түсіп, текті ұлысымыздың тарихы мен мәдениеті, ғылымы мен әдебиеті тығыз байланысқан шығыс-мұсылман, араб әлемінің тілін жетік меңгеріп, кейінгі өмірімізді осынау қатпары қалың, дерегі мол, тың бағытқа арнаймыз деген алқалы үміт-тілекпен жүргенімізде, кеңес одағы күлпара ыдырап, одан кейінгі қым-қуыт кезеңнің қатал шындығы үркердей азғана тобымызды жан-жаққа, сан-салаға бет бұрғызды. Десек те, сол бір бастапқы мақсат-мұратынан, тәуекел деп түскен соқпағынан адаспай, өмірдің, тұрмыстың қиындықтарына қарамастан таңдаған бағытына қарай табандылықпен алға жүрген азаматтардың қатарында енді, мінеки, алпыстың асқарына шыққан курстасымыз, әріптес досымыз Серікбай Қылышбайұлы Қосановты айтуымыз лазым.

Университет қабырғасында Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ұлы Мұхаңдардың алдын көрген әйгілі аға буын ұстаздардың тәлімін алған Серікбай Қылышбайұлы өзі де студент кезінен бастап шығыстану, әдебиеттану, фольклортану бағытына терең бойлап, республикалық басылымдарға, мақалаларын, өлеңдерін жариялап жүрді. Жоғары білім алысымен еңбек жолын үздіксіз білім, ғылым саласына арнап, оқытушылық қызметті қатар алып келе жатқан қарымды азамат. Осынау еңбекқорлық пен табандылықтың нәтижесіндей Серікбай Қылышбайұлы бүгінде елімізге танымал әдебиеттанушы-ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, кешелері өзі дәріс алған ҚазМУ аудиторияларында бүгінде жас буынға, тәуелсіз қазақ жастарына ендігі білім теңізінен, бәлкім тағдыр теңізінен де өзі сусындатуда.

Анығында, тағдыр теңізі деген тіркесті сөз орайы үшін емес, шын мәнісіндегі теңіз ұғымының, әлбетте Арал теңізінің, осынау қазақ үшін қастерлі де мұңды өлкенің түлегі Серікбай Қылышбайұлының өмірімен тікелей байланысы болғандықтан арнайы отырмыз. Ғалымдығы мен ақындығы Сырдария мен Әмудариядай қатар ағыс болып келе жатқан Секеңнің біздер жатқа білетін жыр жолдарының басым бөлігі осынау мәңгілік көңілінен кетпейтін, теңіз тербеткен жүрегінен өшпейтін туған өлкесі, айдын-бесігіне арналуы да содан, сірә.

Аралым – ата жұртым, өскен жерім,
Аймалап, айдарымнан ескен желің.
Қайығын қиялымның толқын тербеп,
Арманның ақ ескегін ескен жерім,-

Аңсаумен көкейімді тескен жерім,
Алғаусыз ақ тортанды кескен жерім.
Кер басып кең дүниені жүргенменен,
Дариға, басылар ма іштен шерім?,- деген тебіреністі жолдарынан-ақ ақын бауырымыздың туған жерге деген сарқылмас сағыныштың, таусылмас құштарлықтың лықсыған лебін сезінеміз.  Асылы, дүниедегі ең үлкен, ең терең, бәлкім, мәңгілік сағыныш – ауыл баласының сағыншы болса керек. Өйткені ауыл баласы ғана шыр етіп дүниеге келген, сезім-түйсігі қалыптасқан, оң-солын біліп, есейіп, ер жетіп, енді танып білдім-ау деген дүние жаратылысын жалқы сәтте тастап шығуына тура келмек. Расында, ғаламшардың бір тұғыры, барша әлем жұртшылығының іргелі бір ұлысы бола тұра, елдігіміз бен мемлекеттілігіміздің еңсесін биіктету, саяси тілге салғанда халықаралық қоғамдастықтың қабырғалы мүшесі мәртебесін сақтаудың ауқымды мақсат-мүддесі елдің түкпір-түкпірінен есейген ұл-қыздарының «кетігін тауып қалану» үдесінде бәріне ортақ, бас қалаға бет алып, бойындағы білім-біліктілігін, қабілет-қарымын жүзеге асыруға ұмтылатыны табиғи құбылыс. Алайда, адам баласы қайда жүрсе де, қайсы қияға өрлеп, қай биікке шықса да өмір есігін ашқан жерін, балалық, бозбалалық шағы өткен кәусар мекенін ешқашан естен шығармақ емес. Әрі мұндай таза, қуатты сезім әрбір азаматқа ұдайы жігер беріп, үнемі алға бастамақ. Мінеки, Секеңнің мына өлең жолдары да:

Еске жиі түседі бала шағым,
Үстінде өткен киіз бен алашаның.
Құмға түскен бейкүнә іздерімнен
Бастау алды бүгінім, болашағым.

Ойға жиі түседі бала шағым,
Бәрі сонда қалғандай тамашаның.
Бутемірге қолымды қарып тұрып,
Сағынамын анамның жер ошағын, -  Алматыда жүрген ұл мен қыздың егемендікке дейін қазақтың өзін өзекке теуіп тұрған қатыгез қалалардағы көңіл-күйінің қоңырау үні десек әбден болады. Теңізі жоқ, таулы, қыратты жазықта өскен біздердің есімізге жусан мен жуаның, сағымды даланың бейнесі түссе, Арал түлегінің көз алдына:

Жағалауда отырдым жалғызсырап...
Ешкім бірақ келмеді халім сұрап.
Қалт-құлт етіп барады жалғыз қайық,
Жалт-жұлт етті алыста жалғыз шырақ...

Қарайлап сол шыраққа үміттендім,
Қайығына қиялдың мініп көрдім.
Қайран Арал қамығып өксігенде,
Жыладым мен,
Жігерсіз жігіт пе едім?., дегізген бала кезінде ашық күндері теңіздің жағасынан тік көтерілетін жарға шығып, сонау алыста, аспан мен теңіздің астасып кететін тұсындағы ғажайып көкжиек келер. Толқындары жағаға толассыз ұратын Арал теңізі олар үшін бүкіл жаратылыстың, ғажап өмірдің өзі болғаны кәміл. Теңіздің басына түскен кейінгі қасірет оның жағасында өскен ұрпақтардың да жүрегіне терең жара салып, ой-санасынан мәңгілік кетпес. Сол әлеуметтің өкілі Серікбай Қылышбайұлы сынды азаматтардың көзіндегі біз байқайтын бір қоңыр мұң көкірек түбінде қалып қойған терең сағыныш пен беймәлім арманның, десек те селдіремес сенімінің белгісіндей.

Әдебиеттанушы-ғалым ретінде жас ұрпаққа білім нәрін беріп, бүгінгі тәуелсіз еліміз дамуының үрдісіне белсенді араласып келе жатқан білімді әріптесіміз Секең сонау студент кезінен бастап қоғамның өзекті мәселелеріне, ең алдымен қасиетті қазақ тіліміздің құдыреті артуына үздіксіз, тынбай еңбек етіп келе жатуы қажымас қайраткерліктің айқын белгісі. Тілдің тағдыры – ұлт, мемлекет тағдыры екендігіне ең алдымен осы ұғымның тамырын, тегін, мәнін түсінетін қауым, яғни баба тілінен ажырамаған қауым ғана дабыл қағып келе жатқаны табиғи. Нанын бөтен тілде тауып жүрген, амалсыздан жат болып кеткен жалқы пенделер өз қолын өзі шаппайтыны, тіпті тіршілік талабынан өз ұлысын өзі даттайтынына да куә болып келеміз. Бұл турасында Серікбай Қылышбайұлының қаламынан ағылып түскен:

Ана тілім, ардағымсың ұлтымның!
Бесігімде бөбегім  боп бұлқындың.
Абай болып айтамын де ұмтылдың,
Жамбыл болып жетемін деп жұлқындың.

Айтпайсың деп, жетпейсің деп қыстапты,
Аңқау елің жауға талай ұстатты.
Ахметпен, Міржақыппен, Мағжанмен,
Абақтыда бірге сені ұстапты, - деген жолдардың өзі тіл басындағы, демек халқымыздың басындағы өткен кезеңдердің, тіпті күні бүгінге дейін тарқамай, басылмай келе жатқан өксігін айқара ашады.  Жаратқанға тәуба, қазіргі уақытта мемлекет басшылығы тарапынан жан-жағымыздағы жаһандық үдерістерді сараптай отырып, бейбітшіліктің өзегі қоғамдағы тұрақтылық пен татулық екендігін, демек ең алдымен ақпарат саласына айрықша назар аудару, соның ішінде қазақ тілді аудиториямен, жастармен жұмысты кең ауқымды жүргізу қазіргі уақыт талабы екендігін үнемі мәлімдеуде. Сондықтан белгілі себептермен әлі де үстемдікке ие бөтен тілдердің жанында қосақталып келе жатқан ана тілі үшін ауқымды майданда тәрбиеленген әрбір шәкірт, жалғыз әрекет, тіпті жалқы сөйлем мен өлең жолының мәні әрдайым жоғары тұра бермек. Осынау ұлы сапар жолындағы азаматтардың әрқайсысының, солардың қатарында ғалым, ақын, ұстаз Серікбай Қылышбайұлының үздіксіз еңбегі тек қана құрметпен аталып өтуі хақ.

Мінеки, айлар ағылып, жылдар жылыстап ұлттық университет қабырғасында қатар білім алған үзеңгілес бауырымыз Серікбай Қылышбайұлының алпыстың асқарына шыққан мерейтойы қарсаңында ойымызға келген бір үзік сырмен оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдік.

Мұхтар Кәрібай

Дипломат, публицист

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3287
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850