Жұма, 22 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 3403 31 пікір 20 Қараша, 2024 сағат 16:07

Біз неге соншалықты сорлымыз?!

Суреттер: Stand Up Astana You Tube арнасы, dingek.kz, zhas-zhanary.kz сайттарынан алынды.

2024-тің оқу жылы, тоңазыған қараша кеші. Әбіш Кекілбаев атындағы орта  мектептің екінші қабатында 2-сынып оқушыларының ата-аналар жиналысы өтуде. Сынып жетекшісі мен тілін сындырып, қазақ тіліндегі баламасы жоқтай, орыс сөздерін қосып отырған әйелдің арасындағы диалог:

– Сіздің балаңыздың оқу үлгерімі төмен, ештеңе түсінбейді...

– Қазақша түсінбесе, қалай үздік болсын?!

– Үйде қай тілде сөйлесесіздер?

– Орысша, если мы не знаем, біз не істейміз?! Чтобы на казахском научились мы же сдаем детей.

– Қазақ тілін үйретуге мекептегі уақыт жеткіліксіз, үйде де сөйлессеңіздерші?!...

– Тогда мы хотим в русский класс перевестись.

– Орыс сыныптарында орын жоқ.

Білгіңіз келсе, ол мектептегі екінші сыныпта 17 – орыс, 12 – қазақ сыныбы бар. Орыс сыныптары дегеніміз – қазақша білмейтін қазақ балаларының жиынтығы.

Ұлттық статистика бюросы 2023 жылы ауызын толтырып, Астана қаласы бойынша мектеп табалдырығын алғаш рет аттап жатқандардың ішінде 68,2 пайызы қазақ класстарына барды деп есеп берген еді. Екінші сыныпқа таяғанда жағдай өзгеше. Өзара орысша сөйлесіп, орысша контент көріп тәрбиеленген балалар бір мезетте қазақ тіліндегі ғылымды қалай игере қалсын?!

Қарапайым жиналыс пен статистикадан туындайтын сұрақ: неге балаларымыз ана тілінде білім алуға қиналады? Бұл тек мектептің немесе ата-ананың мәселесі емес, бұл – жалпыұлттық проблема. Ата-ана баласын қазақ сыныбына бергенімен, оның үйде орысша сөйлеуі, орысша анайы контент көруі – тілге деген немқұрайдылықтың көрінісі. Ал мектептің уақыты шектеулі, мұғалімдердің де бұл мәселені шешуге қауқары жетпейді. Осыдан келіп, оқушылар қазақ тілді пәндерді игере алмай, орыс сыныбына ауысуға мәжбүр болады.

Далаға шықса, телефонсыз ойнауды білмейтін ұрпақ уақытының басым бөлігін интернеттен контент көріп, өзін-өзі қалыптастырып жатыр. Не көреді? Ата-аналық бақылау орнатып, 18 жасқа дейінгі контентті шектеп, ұятсыз көріністерді көрсетпейтіндей етіп желідегі алгоритмдерді жөндегендер көп па арамызда? Ал ол алгоритмдер қандай контент ұсынатытын бір мысалдың негізінде айтып берейін.

«Білгеніңді айта берме, айтарыңды біліп отыр» дейді қазақ. Қазаққа әбден еңбегі сіңіп, қолы жеткен-жетпеген білімнің барлығын жинап, қан мен қасіретті көрген Ұлы Абай қазақты сынаса да, кемсіткен жоқ. Ал қазір орыстілді қазақтардың жиналып алып, қазақ тілі былай тұрсын, қазақылықтың өзін мазақ етіп, өз кештерін ермекпен өткізетін топтар барын білесіздер ме?!

Әрине, өнерге әркімнің-ақ таласы бар. Дегенмен, жекелеген әзіл кештерінде айтылатын мәтінге бір-ақ талап қойылады, яғни – айтқаның күлкілі болуы керек! Жиналғандарды күлдіре алсаң, ауызыңа келгенді айта бер. Мәселен Асет (Әсет) Уваев атты бір әзілқой «Коррупционная камасутра» деген концерт беріпті осы жылдың мамырында. Бейнежазбасы ютубта жарияланған, 80 мыңнан астам көрермен тамашалап үлгеріпті. Еш қымсынбастан: «дипломдық жұмысымды сатып алғанмын» деп бастайды ол өзінің әңгімесін. Бір-біріне хатқалта (конверт) берген екі «ағашканы» гомосексуал қылдырып қояды. Қазақтың «аға» деген киелі сөзін «ағашка» деп қаншалықты мұқатып, құнсыздандырып жібергені-ай. Сөйтіп келіп Әсет бауырымыз қазақтың әдет-ғұрпына жармасқаны бар емес пе?! Біздің ұлттық менталитетімізді, әдет-ғұрпымызды коррупцияға теңейді.

Коррупуция, яғни жемқорлық, бұл – мемлекеттік лауазымды тұлғалардың, жеке компаниялардың немесе басқа да ықпалды топтардың өз қызметін жеке пайдасын көздей отырып, заңсыз немесе этикаға қайшы түрде пайдалануы. Ал, «қалың мал» дәстүрін параға теңегені қай сасқаны?! Сонда қазақтың дәстүрі мен этикаға қайшы немесе заңсыз дегендердің арасына енді теңдік белгісін қоя берсек болады екен ғой?! Қалың мал – екі отбасының арасындағы келісімнің символы. Бұл тек екі жастың емес, екі әулеттің бірігуін білдіреді. Қалың мал арқылы күйеу жігіттің отбасы қалыңдықтың отбасына құрметін көрсетеді. Қалың мал қалыңдықтың бағалылығын, оның отбасының беделін және қалыңдықтың отбасындағы тәрбиесін жоғары бағалаудың белгісі болып табылады. Бұл қалыңдықтың маңызды әлеуметтік рөлін мойындауды білдіреді. Қалың мал – екі отбасының экономикалық жағдайын теңестіруге көмектеседі. Бұл тұрғыда «қалың малды» кейде «отбасылар арасындағы әлеуметтік келісімнің құралы» деп қарастыруға болады. Қалың мал төленген кезде күйеу жігіттің отбасы өз міндеттерін орындайтындығына кепілдік береді. Ол қалыңдықты және оның жаңа отбасындағы мәртебесін қорғауға жауапты. Қазір қалың малға үлкен қаражат сұрау дегеніміз сирек кездесетін құбылыс. Бұл мыңжылдықтар бойы таза дәстүр ретінде қалыптасқан құбылыс. Ал Әсет осы дәстүрді «жемқорлық»  деп мазаққа айналдырудан жасқанбайды.

«Беташарды» – коррупциялық презентация, мұсылмандығымыздың көрінісі «сүндетке отырғызу дәстүрін» – жыныс мүшелік, қаржылық алаяқтық, ал әлемдегі ең жемқор сөздер – «қазақпыз ғой» деп тағы қоюлата түседі. «Қазақпыз ғой» деп екі орыстың жемқорлық келісімге келгенін көрдім дейді тағы да. Қазақылықты жемқорлықпен теңестіру  – ұлттық ар-намысымызды қорлау демеске шараң қалмайды, осындайда.

«Кім пара беріп көрді, қол соғыңдаршы?!» – дейді аудиторияға. Бірен-сараны қол шапалақтап әлек. Ішектері қатып жатыр. «Қазақтар жейтін заттарымен жыныстық қатынасқа түспейді» дейді  Әсет мырза. Сонда қалған жануарларда табу жоқ дегенді меңзегені ме? Соғымды «соғымница» деп қайтадан болмысымзды анайы түрде көрсетіп жатыр.

Бірнеше мыңжылдықтар бойы аласапыран дәуірден генетикалық кодын аман алып қалып, мемлекетіміздің жалғасы болсын деп қалдырған жастарымыз қазақтың дәстүрін қылмысқа теңеп әлек. Аруақтардан ұялмайды ма?!

Бұл жай әзіл ғой деп ақталатыны анық, әрине, бірақ бұл контент бәріне бірдей күлкілі бола қоймас. Себебі Әсеттің қолданып отырған күлдіру әдісі ол табуларды бұзудан туындайтын адреналин мен дофаминнен туындайды. Екі сөздің бірі боқтық сөз, жануарлармен жыныстық қатынас, мысқылдау, кекету, дәстүрді қылмысқа теңеу шеңберіндегі қазақилықты мазаққа айналдыру, біздің мәдениетті игере алмағандардың, ұғына алмағандардың айта алмай жүргенін жария айтуда жатыр күлкінің бәрі.

Қазақты балағаттап, жексұрын етіп көрсетіп жатқан өзге де «концерттері» жеткілікті бұл жігіттің. «Қазақ шетелде жүрсе дөрекі, басқаларды ақымақ санайды» деген де осы жігіт. Барша ұлқа осындай баға беруге мұндай құқықты кім берді екен? Сонда біз осыншама  сорлымыз ба? «Бораттан» бастап, көзіңе жас алмай, қаның қайнамай еске ала алмайтын қатпар-қатпар азаптан аман қалған халқымызды балағаттаған шетелдіктер аз болғандай, енді орыс тілді қазақтардың арасында жаңа тренд пайда болған ба? Қайтадан үнсіз қалмақпыз ба, сонда?! «Қой, тиіспе, олардың құқығы» – дейміз көзіміз жыпылықтап. Мемлекетті құраушы ұлт – қазақ халқына, оның діліне, дініне, дәстүріне тіл тигізбейтін елде өмір сүру құқығы болады ма екен бізде бір күні?

Қазір әлемдік алпауыттардың арасындағы тұрақты тепе-теңдік бұзылған тұс. «Есің барда еліңді тап» дегендей, зымырап өткен тәуелсіздік жылдары мемлекетшіл азаматтардың алдында тұрған ең басты қасиетті миссия – ол жаңа ұлттық идеялогияны қалыптастыру болған еді. «Қазақстан 2020-30-50» деген бұлыңғыр саяси стратегиялар түбінде білімі жетіп, мінезі қалыптаспаған отандастарымызды шет елге ауып кетуден сақтай алмады. Шотландияның тұманында күрк-күрк жөтеліп, құлпынай теріп жүрген отандастарымызды айтып отырған жоқпын – олар қайтады. Экономикаға шын мәнінде пайдасы тиеді деген азаматтарымыз  тойған жерлеріне ағылуда. «Ойбой, менің балам шетелге көшіп кеткен, жалақысы осындай...» – деп мақтанған ата-аналар арамызда толып жүр.

Тілі бөлек отандастарымыз бүгінде ұлтжандылықты экстремизмге теңеп тастаған! «Қазақша неге сөлеймейсіңдер?» – деп сұрай қалсаң, шалқасынан түсіп, «пещерный псевдопатриот» деп жерден алып, жерге салып, ауызыңды жауып тастайтындар, өкінішке орай, басым болып тұр. Беті бері қараған Алматыны айтпай-ақ қояйын, еліміздің әкімшілік орталығы – Астанадағы жағдайды айтып отырмын. «Ойбай қой! Ойбай ренжітіп аласың!» – дейміз баяғы бейқамдықпен. Басқа ұлттар былай тұрсын, өзіміздің қазаққа бірдеңе деуге дәтіміз жетпейді. Ұлтжандылықты демонизациялау кейбір агрессивті көршімізге тиімді екені мәлім.  Сонда өзіміздің бауырымыз бізді кімге жығып беріп отыр деген сауал туындайды?!

Ғимарат салудың алдында – жоба жасалады. Ғимараттың барлық қажетті қасиеттерін анықтайтын жоба. Мемлекет  құру кезінде біздің ұлттық  идеология сол жобаның рөлін атқарады. Ал, біз айтып отырған ессіз контентті көріп өскен жастардың санасында  қазақтың қандай бейнесі қалыптасуы мүмкін?

«Мәжбүрлей алмайсың» –  дейді, – «Қазақшаға, ынталандыр!» – дейді. Өз қазағымыз қазақ халқын, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын  осындай жек-көрінішті  деңгейде насихаттап,  сүреңсіз ұлт  ретінде көрсетіп жатса, оның тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне санасы жетіліп, ойы бекімеген жас ұрпақ қалай қызықсын!?

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді дана халқымыз. Тағы да үндемей қалсақ, балақтағы битіміз басымызға шығатын түрі бар. Немқұрайлылықтан арылып, телі мен тентектерімізді тезге салатын кез келді, ағайын. Ал, енді арғы жағын көрейік, кім не дер екен?!

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5174