Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
46 - сөз 649 1 пікір 2 Желтоқсан, 2024 сағат 12:26

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің ғасыр тойы

Сурет: ontustiktv.kz сайтынан алынды.

Биыл Түркістан облыстық қоғамдық-саяси «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жарық көре бастағанына 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай біз қасиетті қарашаңырақ жайлы сөз өрбітуді жөн деп таптық.

Күншуақты Оңтүстік өңірінде жарық көретін мерзімді басылымдарды тілге тиек еткенде облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газеті туралы айтпай кету әбестік болар еді.

Басылымның алғашқы атауы - «Ақ жол» тұғын. Түркістан Республикасы Орталық Партия Комитетінің органы ретінде бұл газеттің алғашқы нөмірі 1920 жылғы 7 желтоқсанда Ташкентте шыққан екен. Оның ұйымдастырушылары - Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев болған. Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Халел Досмұхамедов, Сәдуақас Оспанов, Ғазымбек Бірімжанов, тағы басқалар газет шығару ісіне қызу қолдау білдірген. Басылым  жұмысына Нәзір Төреқұлов, Иса Тоқтыбаев, Б.Сүлеев, Т.Шонаев, Жүсіпбек Аймауытов, Абдулла Байтасов тағы басқалар белсене араласқан.

1924 жылдың соңына қарай Кеңес Үкіметі Түркістан Республикасын ұлт ретінде қайта құрған. Оның құрамындағы Сырдария, Жетісу губерниялары Түркістан облысы деген атаумен Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік  Республикасына қосылған. Ташкентте қандастарымызға арналып шығып тұрған газет-журналдар Қазақстанға ауыстырылған. Міне, сол себепті 2024 жылғы 26 қарашадағы 506-нөмірінен бастап «Ақ жол» газеті РК(б)П-ның Қазақ Өлкелік Комитеті мен Атқару Комитетінің Түркістан облысы жөніндегі ұйымдастыру бюросының органы ретінде жарық көрген.

«Ақ жол» газеті 70-нөмірінен кейін Ресей Коммунистік (большевиктер) Партиясының Сырдария губерниялық комитеті мен губерниялық атқару, комсомол комитеттерінің, кәсіподақ кеңесі мен Қосшы одағының органы ретінде Шымкентке көшірілген. Неге екені белгісіз, газеттің Шымкентке көшірілген кезеңі оның ресми түрде жарыққа шыққан күні ретінде есептеліп келеді. Осы кезде басылым Сырдария, Жетісу губерниялары мен Қарақалпақстанға кең тараған.

1925 жылы республика астанасы Қызылордаға көшірілгенде газет сонда шыға бастаған «Еңбекші қазақ» газетімен біріктірілген. Ал 1929 жылы республика астанасы Алматыға ауысқаннан кейін  Сырдария аймақтық партия комитеті мен атқару комитетінің органы ретінде «Ленин жолы» атауымен шыға бастаған.

Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің 1932 жылғы ақпандағы ХІ сессиясының шешімі бойынша Оңтүстік Қазақстан өз алдына жеке облыс атанған. Осыған байланысты сол жылғы 12 наурыздан Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті шыға бастаған. Алғашқы редакторы Бейсембай Кенжебаев, ал оның орынбасары Жақан Сыздықов болған. Өз кезегінде «Ленин жолы» газетінің атауы Келес аудандық басылымына берілген.

1962 жылғы шілдеде Шымкент, Қызылорда, Жамбыл облыстарының бірігуі нәтижесінде Оңтүстік өлкесі құрылған Осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан газеті Өлкелік партия комитеті мен кеңес атқару комитетінің әрі Шымкент облыстық партия комитетінің органына айналған. Бұл тұста басылым Қызылорда, Жамбыл облыстарына тарап, барлығы 764 нөмірі жарық көрген. Өлкелер таратылғаннан кейін 1964 жылғы 24 желтоқсандағы 9684-нөмірінен бастап «Оңтүстік Қазақстан» қайтадан облыстық газет ретінде шыға бастаған.

Басылым басшылары жайлы сөз еткенде Иса Тоқтыбаев (1924-1925 жылдар), Жүсіпбек Арыстанов (1925-1926), Жанәлі Бархиев (1930-1931), Сейілбек Үсенов, Әлішер Бейсенов  жауапты редактор болып қызмет атқарған. Газет жұмысына  Хасан Әлиев,  Абдулла Байтасов, Қоңырқожа Қожықов, Хади Илаев сияқты ұлт зиялылары белсене атсалысқан. Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Асқар Тоқмағамбетов, Бауыржан Момышұлының туындылары жарияланып тұрған.

Оңтүстік Қазақстан облысы құрылған кезде басылымға Бейсембай Кенжебаев (1932-1933) редактор болып тағайындалған. Кенжеғали Абдуллин, С.Шәкенов (1940-1942), А.Шаев (1943), Әділбай Омаров (1943-1947, 1958-1964), Дубай Сәрсенбаев (1947-1950), Сағат Жұмағазиев (1950-1953), Мәди Байтұрсынов (1953-1958), Әділбай Омаров (1961-1962), Құрманбек Сағындықов (Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарын біріктірген Оңтүстік өлкелік «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің редакторы, 1962-1964), Әсет Тілеукеев (1964-1970), Әмірсейіт Әлиев (1970-1992), Кәрім Үкібаев (1992-1997), Нұрғали Оразов (1997-1998), Оразхан Жарқынбек (1999-2003), Иса Омар (2003-2005), Анар Аспан (Бәкірова, 2006-2007), Абай Балажан (2007-2008), Бейсенбай Тәжібаев (2008-2011), Бақтияр Тайжан, қайтадан Абай Балажан басшылық жасап келеді.

1974 жылы 50 жылдық мерейтойына орай газет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Несіпкүл Әбдікерімова, Елтай Боранбаев, Сәділ Кәдеев, Зейілбек Өмірбеков Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бірнеше рет республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған. 1984 жылы 60 жылдық мерейтойына орай басылым Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сексенінші-тоқсаныншы жылдары Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарын иеленген. 1989 жылы газет таралымы 90571 (рекордтық көрсеткіш) данаға жеткен.

Облыстық газетте әр жылдары Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов, Сейділда Төлешов (М.Шынаров), Қаныбек Мейірбеков, Әбіш Байтанаев,  Әбен Сатыбалдиев, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Қапан Қамбаров, Нәсіреддин Серәлиев, Қосжан Мүсірепов, Нәмет Сүлейменов, Садықбек Адамбеков, Жұмабек Еділбаев, Омарбай Малқаров, Қабижан Құсайынов, Еркінбек Тұрысов,  Жәлел Кіттебек, Амантұр Мұсаев, Тұрсынай Оразбаева, Әлім Тұяқбаев, Жұмамұрат Тұяқбаев, Мыңбай Ілес, Әмзе Қалмырзаев, Төрекелді Байтасов, Мұратбек Дүйсенбеков, Өтеш Қырғызбай, Айдар Сейдазым, Лаура Тастанбекова секілді күллі елімізге кеңінен танымал қаламгерлер қызмет істеген. Осы басылымның түлектері - Мұхтар Шаханов «Қазақстанның Еңбек Ері», Исраил Сапарбай «Қазақстанның халық жазушысы», Мархабат Байғұт, Шойбек Орынбай, Момбек Әбдәкімұлы, Сабырбек Олжабай, Мұхтар Шерім, Бақытжан Алдияр Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ал Захардин Қыстаубайұлы, Әбдімәлік Ағыбай, Абай Балажан  Қазақстанның Құрметті журналисі атанған. Анар Аспан (Бәкірова)  Қазақстан Республикасы Президентінің грантын иеленген. Бүгінде редакцияда Нұрлан Кенжеғұлов, Роза Бекетаева, Талғат Досымбаев, Бақтыүл Ауданова, Әбдіхалық Үкібаев, Баян Дарғожина, Аман Жайымбетов, Ерболат Айнабеков, Ерлан Қуандықов, Дәулет Тұрсынұлы, Дилара Бименова, Сабырбек Олжабай, Жәмила Мамырәлі секілді журналистер қызмет істеуде.

Газет 1957 жылдан бері қазақша күрестен жарыс өткізіп келеді. Соңғы жылдары демеушілер есебінен түйе балуанға «темір тұлпар» мінгізуде. Спортты етене серік еткен редакция ұжымы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің облыстық спартакиадаларында талай рет топ жарып, Бас бәйгені қанжығаларына байлаған. Мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан да байқау өткізіп, оның жеңімпазына қомақты сыйлық табыс етіп жүр.

Кеңестік кезеңде аудандық газеттердің қызметкерлерін облыстық газетте онкүндік тағылымдамадан (стажировка) өткізетін тамаша дәстүр болған. Келес аудандық газетінде қызмет істеп жүрген кезімде Шымкентке келіп, сондай тағылымдамадан өткенмін. Жетекшім - Иса Омар тұғын. Оның оқып, өңдеп шығуға берген талай хаттарын редакциялағанмын. Сонда Уәлихан Темірбеков (лақап аты -- Данышпан), Әбдіманап Әлшериев тәрізді әріптес ағаларыммен танысқанмын. Облыстық газетте қызмет істемесем де сонда өткізген үш күн маған керемет көңіл күй, әдемі әсер сыйлаған. Өкінішке орай, үш күннен кейін жұмысы қожырап, қиналып қалған редакторымыз кері шақырып алған.

Облыстық «Южный Кахахстан» газетінің Келес ауданындағы меншікті тілшісі болып қызмет істеп жүргенімде облыс әкімінің баспасөз хатшысы Иса Омар маған: «Әбдісаттар, орысша жазатын болып кеткенсің бе?» - деп таңданыс білдірген болатын. Сол Иса Омар облыстық газеттің тізгінін ұстаған кезде алдына қызмет сұрап барғанымда ресми басылымға емес, өзінің жекеменшік «Замана» газетіне жұмысқа жіберген. Онда жүргенімде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы тың деректерге толы мақала жазып, ойлы оқырманды елең еткізгенім бар.

Келес пен Сарыағаш аудандық газеттерінде жауапты хатшы қызметін атқарған кезімде ізбасар шәкірттерім болған - Асқанкүл Майлыбаева, Анар Аспан (Бәкірова), Серік Алданов, Айгүл Қапбароваға облыстық газетте қызмет ету бақыты бұйырған. Анар Аспан (Бәкірова) қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента газеттерінің директоры - Бас редакторлығынан облыстық газетке басшылыққа барған кезде Төлеби ауданындағы ауылдық әкімдердің бірінің жұмысын сынап жазған мақалам қос газетте қатар жарық көрген. Қалалық газетте Сабырбек Олжабай, Дәрменбай Шәріп, Баян Дарғожина, Серік Алданов, Ғалымжан Елшібай, Бақытжан Әбдіраш, Айгүл Қапбарова, Бейсенбай Тәжібаевпен бірге қызметтес болғанмын. Солардың арасынан бүгінде Айгүл Қапбарова Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Ғалымжан Елшібай Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, ал  Бейсенбай Тәжібаев Түркістан облысы әкімінің идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Облыстық газеттің тағы бір қызметкері Өмірзақ Ақжігітпен бірге Ақтөбе қаласында «Қазақия» деп аталатын республикалық қоғамдық-саяси газет шығарған жағдайым да бар. Жалпы алғанда, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қалың оқырманның көңілінен шыққан әдебиет, мәдениет, өнер жайында жазылған бірталай мақалам жарияланған.

Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы 28 қараша күні Түркілер төрі – Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» кесенесіне тәу етуден бастау алды. Редакция қызметкерлері басылымның айтулы мерейтойына орай жүз түп ағаш отырғызу жұмыстарына қатысады. Ертеңіне Түркістандағы «Фараб» кітапханасында арнайы жиын өтті. Мұнда келушілер алдымен «Оңтүстік Қазақстан» газетіне – 100 жыл» деп аталатын фотокөрмені тамашалады. Бұл іс-шара «Оңтүстік Қазақстан» - тарих толқынында» атты ғылыми-тәжірибелік конференция мен салтанатты жиналысқа жалғасты. Оның соңы концерттік бағдарламаға ұласаты.

Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі, Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының иегері Абай Бекназарұлы Балажан басшылық жасайтын Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымын ғасыр тойымен шынайы құттықтаймыз! Редакция қызметкерлеріне зор денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, шығармашылық табыс тілегіміз келеді.

Әбдісаттар Әліп,

журналист, ақын, аудармашы, Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одақтарының мүшесі, республикалық «Шымкентім, шырайлым!» әдеби-көркем альманағының Бас директоры - Бас редакторы

Шымкент қаласы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1000