Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Спорт 521 1 пікір 11 Желтоқсан, 2024 сағат 13:00

Ауыс-түйіс: Ахметовтің орнын Рыпакова басты...

Сурет: ulyssport.kz сайтынан алынды.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Даниал Ахметов қызметін мерзімінен бұрын тоқтатты. Оның орнына Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова тағайындалды.

Туризм және спорт министрлігінде федерацияның 2024 жылғы қорытынды жиыны өтті. Даниал Ахметов федерацияның атқарған жұмысы туралы есеп беріп, спорттағы бірқатар маңызды жетістігін атап өтті. Оның ішінде, халықаралық жарыстарда қазақстандық атлеттер көрсеткен жоғары нәтижелер мен жеңістер, сондай-ақ жеңіл атлетиканың дамуына бағытталған жаңа бастамалар айтылды.

Отырыста Даниал Ахметов өз қызметін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, федерация президенттігіне даңқты жеңіл атлет, Рио Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар, соның ішінде облыс федерацияларының басшылығы мен спорт қауымдастығы Ольга Рыпакованың кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Жеңіл атлетика – елдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Қазір 360 мыңнан астам отандасымыз дәл осы спорт түрімен кәсіби түрде айналысады. Сондықтан біз бұл спортты жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық аренада танымалдылығын арттыруымыз қажет. Бүгінгі жиында федерацияның жұмысына қатысты маңызды өзгерістер болып жатыр. Федерацияны бірнеше жыл басқарған Даниал Ахметов қызметінен кетіп жатыр. Оған атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін. Даниал Кенжетайұлының басшылығымен біздің атлеттер халықаралық жарыстарда үлкен жетістіктерге жетті. Енді федерация президенттігіне Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова келіп отыр. Ольга Сергеевнаның отандық жеңіл атлетиканың дамуына қосқан үлесі мол. Алдағы уақытта да еліміздің жеңіл атлетика спортын биіктерге көтереді деп сенеміз, – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Жиын соңында министр Ольга Рыпаковаға еліміздегі жеңіл атлетика спортының халықаралық деңгейдегі ынтымақтастығын арттыру, спортшылардың дайындығына және резервті даярлауға ерекше көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963