Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 1788 19 пікір 11 Желтоқсан, 2024 сағат 15:10

Талғар трагедиясы жалғасуда: Полицияда не болып жатыр?

Коллаж: kaz.orda.kz сайтынан алынды.

Талғар қаласында тағы да трагедиялық жағдай орын алды: енді, осыдан бұрын бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкінткен Шерзаттың ажалынан кейін, оның ағасының өлі денесі асулы күйде табылып, 10‑желтоқсан күні денесі жер қойнауына тапсырылды. Осы күні Талғар қаласы полицияның ерекше қоршауында болды. Полицейлер қаланы жауып тастады десе болады – журналистердің басқан ізін аңдып, бейнетаспаға түсіруге тиым салып, өздерінше «ерен қырағылық» танытқандай кейіп көрсетті...

Ал, шын мәнісінде, бұл жағдай қоғамдық пікірде «біздегі полиция қызметі әлі де назарбаевтық жүйеден алыстамағанын, өздерін тек «жазалаушы функциясын» ғана орындайтын қолшоқпар, халықтың жағдайынан гөрі,  сыбайласқан бай‑манаптардың мүддесімен ұштасып әрекет етуші тозық жүйеге айнала бастағанын білдіреді» деген ой тудыруға жетелейді десе болады...

Неге десеңіз, Шерзаттың өлімінен кейін ауданда күштік құрылымдардың басшылары, әкімнің орынбасары және т.б. белді мекемелердің басшылары орындарынан кетті. Бұл жұртқа тез тараған «Талғарда көп жылдан бері ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етуде, олар әкімшіліктен бастап, полициямен де жең ұшынан жалғасып алған» қауесетті астарлы растады десе болады. Растамаған күннің өзінде, оны толығымен жоққа шығара алмады. Яғни, сол арқылы қауесеттің астарында шындық жатқанын полиция да, прокуратура да, өзгелері де іштей мойындады, бірақ, «Ондай қылмыстық топ болған емес» деп ақталумен болды. Ал, турасын айтқанда – «өздерін өздері алдаумен» болды...

Себебі, содан біраз уақыт өткен соң, «әйгілі топты басқарды» деген азаматты олар уақытша қамауға алды. «Оның төрт жылғы бұрынғы «қылмысының» енді ашылуына жаңа деректер пайда болыпты‑мыс» деген ақпарат та таратты. Қоғам болса, «Осыдан төрт жыл бұрын полиция осы қылмысты неге ашпады?» деген сұрақты қойса да, ол туралы ләм‑лим сөз болған жоқ...

Осы оқиғалардың бәрі де жинақтала келе, біздің қоғамда күштік құрылымдары саласында үлкен проблема бар екенін білдіреді. Кейінге кезде бүкіл елге танымал болған Талғар қаласы полициясы мен прокуратурасы, соты осы бір қайғылы оқиға кезде өз беделдерін сақтап қала алмады. Керісінше, олардың жұмыс істеу тәсілдері бұрынғысынша қалып, өздерінің қауқарсыз күйін көрсетті. Себебі, олар жаңадан орын алған мына өлімді де ешқандай сот экспертизаның қорытындысыз суицид, яғни, «өзін өзі асқан» деп, болжамды жариялап жіберді. Бұл қоғамда «сезікті секірер» дегендей жағымсыз пікірді тудыруға себеп болды.

Бұл жағдайдың орын алуы – еліміздегі полиция мен өзге құқықтық жүйе қызметін формальді түрде емес, түбегейлі реформалау қажет екендігін көрсетуде. Бұл оқиға – соған белгі беруде. Мәселен, алғашқы трагедиядан кейін полиция қандай әрекеттер жасады? Қылмыстық топтың мүшелерін анықтай отырып, олардың сыбайластары бар екенін ескерді ме? Олар зардап шеккен тарапты неге қорғауға алып, қажет жағдайда оларға психологиялық көмек бергізбеді...

Міне, енді ғана олар қос азаматынан айырылған әкені ұстап алып, оны психологтарға көрсетіп жатыр дейді. Онымен қоса, бастапқыда  «полицияға шабуыл жасады» дегенді айтты да, келесіде «жоқ, жасаған жоқ, ол тек полиция көлігіне шабуыл жасап, жол қаупін туғызды» деп құбылтып жатыр... Осыдан кейін «Біздің полиция белгілі бір жағдайларда белгілі бір алгоритимен жұмыс істеу керектігін білетінін, олардың барлық қызметі қалықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін, олар «халық қызметшісі һәм қорғаны» екенін үнемі де халықтың өзіне жеткізіп отыруы қажет еді ғой?» деген заңды сұрақ туындайды...

Ол сұраққа жауап беруге полиция әзір ме? Жоқ, нақтысында олай емес. Олар мүмкіндігінше өз қызметін «жұмбақтауға» ұмтылады. Ал, ол «жұмбақтың» астарында нендей мақсат жатыр деген ой – қоғамды неше түрлі ойларға, соның ішінде, олардың өздері туралы да жағымсыз пікірлерге жетелейтінін ұқсақ керек‑ті. Полиция оны ұға алмай жатыр...

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963