Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Әдебиет 1180 1 пікір 20 Желтоқсан, 2024 сағат 16:00

Оқымысты тышқан

Сурет: advantour.com сайтынан алынды.

Кітапханада тұратын тышқан мен астық қамбасында тұратын тышқан жол-жонекей кездесіп қалады. Кітапханда тұратын тышқан өзін білімді, мәдениетті екенін көрсеткісі келіп, қамбада тұратын тышқанды онша менсінбей:

– Ей, бейшара, бауырым! Сен сол қу қарныңның қамы үшін құғақ, ауасы тар, астық қамбасын әдейі қалап тұрып жатырсың ғой, ә? Онда астықтан басқа ештеме жоқ қой. Бейнелеп айтар болсам, сенде метериалдық байлық көп те, ал рухани байлық атымен жоқ. Ал кітапхана болса таза, тыныш, бірауыз сөзбен айтқанда өте жайлы қоныс. Мен бұрынғы және бүгінгі, өзіміздің және шетелдің атақты кітаптарын көріп, оқып тұрамын. Одан алатын рухани байлығым ұшан теңіз, – деп күлді.

Оның бұл сөзін естіген астық қоймасында тұратын тышқанның оған деген сый-құрметі одан ары арта түсіп:

– Онда сіз білім мен ғылымды өнебойыңызға сіңірген оқымысты ғалым болдыңыз ғой, – деді.

– Әрине, әрбір кітапты сөзбе-сөз, сөйлем-сөйлемімен жұтамын. Тіпті бір бет, бір беттен кеміріп қарныма тастаймын, – деді одан ары шірене түсіп.

Оның әңгімесін аузын аша, таңғала тыңдаған астық қамбасында тұратын тышқанның көптен бері іздеп жүргені жанынан табылғанына қуанып:

– Ой, аса құрметті мырза! Бұл бір жақсы кездесу орайы болды. Мен көптен бері сіз секілді оқымысты, данышпан тышқанның көмегіне зәру болып жүр едім. Уақытыңыз болса дәл қазір сізге бірнәрсені көрсетсем қайтеді, – деп өтінді.

Кітапханада тұратын тышқан оның айтқанын көргісі келіп, оның өтінішін құп көріп:

– Ол соншалық не нәрсе еді? Көрсек көрелік, – деді.

Қуанышы қойнына симаған астық қамбасындағы тышқан оны ертіп қамбаға кіреді де көптен бері бұрышта тұрған бір бөтелкені көрсетіп:

– Сіз хат танисыз ғой. Көріңізші, ол зығырдың майы ма, әлде бізді өлтіретін у ма? – деді.

Кітапханашы тышқан бөтелкенің сыртындағы үлкен қара жазуды көріп, аңырып тұрып қалды. Сәлден соң зығыр майының исі аңқи түседі. Сонда барып ол басын көтеріп сенімді түрде:

– Ой, ақмақ бауырым! Мен саған шынын айтайын, бұл у дәрі емес, кәдімгі зығырдың майы ғой, – деп күлді.

– Рас па, анық көрдіңіз бе? – дейді астық қамбасында тұратын тышқан оның сөзіне онша сеніңкіремей.

– Сенбесең саған өзім ішіп көрсетейін, – деді ол.

Өзінің сауатсыздығын, білімсіздігін, надандығын астық қамбасында тұратын тышқанға сездіргісі, білдіргісі келмеген мақтаншақ тышқан оның алдында зығыр майының дәмін өзі татып көрсетуге бел буады. Ол қолына бөтелкені алып, аузын ашып жұта бастайды. Кім білсін, оның неше жұтым зығыр майын ішкенін, біраздан кейін оның денесі ұйып, қол-аяғы құрысып өліп тынады.

Әсілі, кітапханада тұратын тышқан хат танымайтын болаптын, бірақ бөтелке сыртында «тышқан дәрісі» деп анық жазылған еді.

Шетел басылымынан аударған Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958