2025 жыл: Қазақстан қатысатын негізгі спорт жарыстары
Қазақстан құрамасы 2025 жылы қатысатын негізгі спорт жарыстары туралы ҚР Спорт және туризм министрлігі жазды.
Биыл елімізде халықаралық деңгейдегі бірнеше жарыс өтеді. Ал отандық спортшылар әдеттегідей әлемнің әр қиырында ұйымдастырылатын дүбірлі додаларда бақ сынайды.
* Бұл күндері Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтіп жатыр. Жарысқа Қазақстан, Германия, Канада, Қытай, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден 100-ден астам спортшы өнер көрсетуде. Чемпионатта алты спорт түрі бойынша 196 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ел құрамасы сапынан болашағынан үміт күттіретін жас дарынды спортшылар қатысып жатыр. Олардың қатарында Анастасия Городко, Дінмұхаммед Райымқұл, Ильнар Ибрагимов және басқа да саңлақтар бар.
* Ақпан айында Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына қатысады. Сары құрлық додасына 139 қазақстандық спортшы биатлон, шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және басқа да спорт түрлері бойынша бақ сынайды. Жарысқа 32 елден 1000-нан астам атлет қатысады деп күтілуде.
* Ал отандық спортшылар биыл БАӘ-де өтетін II «Болашақтың ойындарына» қатысады. Бұған дейін Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстан 2026 жылы дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін бірегей турнир – Phygital Games of the Future жарысын өткізу құқығына ие болған еді. Спорттық іс-шараны өткізу құқығы үшін Қазақстан, Перу және Чили мемлекеттері бақ сынаған болатын.
* Сондай-ақ жерлестеріміз биыл бірнеше маңызды жарыстарда сынға түседі. Атап айтқанда, Эр-Риядтағы (Сауд Арабиясы) VI Ислам ынтымақтастық ойындары, Бакудегі (Әзербайжан) III ТМД ойындары және Чэндудегі (Қытай) XII Дүниежүзілік ойындарына қатысады. Жалпы 2025 жылы отандық спортшылар 100-ден астам халықаралық және республикалық деңгейдегі спорттық турнирлер мен жарыстарда бақ сынайды деп жоспарланған.
Abai.kz