Бейсенбі, 16 Қаңтар 2025
Ғибырат 239 0 пікір 16 Қаңтар, 2025 сағат 16:01

Мекемтас Мырзахметұлы: Қахаңмен сырласу

Сурет: Дина Мұхамедханның желідегі парақшасынан алынды.

(Қайым туралы естеліктен үзінді)

«… 1970 жылы Абайдың 125 жылдық мерей тойы өтті. Бұл кезде мен М.Әуезовтің музей үйінде аға ғылыми қызметкер болып істеп жаттым. Докторлық диссертация қорғау үшін «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» деген тақырыпты айналдырып жүрген кезім. Ләйлә Мұхтарқызы жетекшіміз. Мені мен Нариман деген жігітті Семейдің өлкетану музейі мен Абайдың әдеби-мемориалды музейіндегі көне құжаттарды сүзіп шығып, керегін әкелуге іс-сапарға жіберді.

Бара салысымен музей директоры Төкен Ибрағимов пен Нариман екеумізді қазақы дәстүр бойынша Қахаң үйіне қонаққа шақырды. Барсақ жеңгеміз барын салып даярланып, дастарханды жайнатып қойыпты. Көп қонақ күтіп, кімді қалай күтудің жайын мықты білетін сарамжал қолынан астың нешеме түрі түрленіп шығатын асқан асбазшы екенін бірден сезіндік. Мейманды бұлай күту қалыптасқан дәстур тәрізді. Дастархан үстінде Қахаң бастап сөйлеп әңгіменің тиегі ағытылып кеткендей болдық.

Әңгіме сарыны айналып келіп Алаш арыстарына соққанда Қахаң ашылып жүре берді. Олар жайлы біраз дүние білем деуші ем. Менің білгендерім оқып білгендерім екен, ал, Қахаң олармен қалай араласып, олардың өз әкесінің үйінде болған әңгіме кеңестерін айтқанда өзіміз солардың ішінде болғандай аузымыз ашылып, бізді көп мәселенің сырына бойлатты.

Сол кезде-ақ олар ақталады, «болат пышақ қын түбінде жатпайды», соған осы бастан іштей даярлана беру керек деген сөзді айтып қалды. Осы сырласу кешінен кейін біз Қахаңды қазақтың шын жанашыры, елі мен жерін сүйген, тоталитарлық идеологияның қысымынан сынбаған шарғы болаттай азамат деп таныдық. Қай кез, қай уақыт болса да, Қахаңнан сыр жасырмай пікірлесе беретін болдық.

Бірде маған сырлас сыйлас жақын жеңге болып келетін Мержақып Дулатқызы Гүлнәр жеңешемнің үйінде кездестік. Қахаң Гүлнәр жеңгейді жас кезінен Семейде, Шыңғыстау болысында көргенін жыр ғып айтып бергенде, жеңгем өткенін еске алып толқып отырды. – Қахаңның айтқанының бәрі де рас, – деп өзі де әңгімеге араласып кетті. Мәселе, Ахмет Байтұрсынов өлеңдерін жасырын түрде алдын ала басылымға даярлай беру үшін Гүлнәр жеңгейге келген едік. Жеңешем осы жолы өз қолында бар Алаш арыстарының қолжазба көшірмелерін, біз көрмеген фото суреттерін, әкәсінің тұтынған заттарын, жазысқан хаттарын жайып тастады. Таласа-тармаса жарыса көріп жатырмыз.

Орынбордағы Ахаң өмірінен де біз есітіп-білмеген біраз әңгімелер де айтып берді. Қахаң өте елгезек отырды. Сұрақты көптеп беріп жатты. Алаш азаматы Лапин туралы екеуі екі жақтап көрген-білгендерін ортаға салып пікірлесуі мені көп нәрседен хабардар етіп, рухани жағынан байытып тастады. Өмірдің бұралаң жолдарын көп көрген екі құрдас кісінің не бір ғажап естелік әңгімелерін сонда жазып алмағаныма әліғе дейін өкінем ...

Мекемтас Мырзахметұлы, шәкірті, профессор.

Тараз, 12 ақпан 2005 ж.

Жазба: Дина Мұхамедханның желідегі парақшасынан алынды

Abai.kz

0 пікір