Сәрсенбі, 29 Қаңтар 2025
46 - сөз 498 0 пікір 27 Қаңтар, 2025 сағат 15:23

Мультфильм – жанданған суреттер...

Сурет: turkystan.kz сайтынан алынды.

Балалардың мультфильм көруді ұнататынын бәріміз жақсы білеміз. Тіпті өзара еркелетіп, «мультик» деп те атайтыны рас. Жасыратыны жоқ, ересектердің өзі де ара-тұра экраннан көзін ала алмай қалатын кездері болады.

Әсіресе баяғы бала кездерінен етене таныс «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Винни-Пух», Леопольд атты мысықтың екі бұзық тышқанды тәрбиелеуі туралы, Простоквашино селосындағы почтальон Печкин мен басқалар, қасқыр мен қоянның таусылмас қызық хикаялары сияқты үлкендердің өзін қызықтырып жіберетін дүниелерді көргенде...

Расында да, жанданған суреттер мен қуыршақтарды тамашалау өте қызық-ақ. Бірақ мультипликацияның қалай жасалатынын білеміз бе?

Мультипликация – түрлі әрекеттерді бейнелейтін суреттер мен қуыршақтарды түсіру арқылы туындайтын фильмдер. Суретшілер бейнелерді қозғалысқа келтіруді баяғы заманда-ақ армандайтын. Таңбалы тастағы жартасқа салынған көне заманғы суретте бұқаның аяғы сегіз боп тұр. Неге? Ежелгі адамдар бұқаның жүгіріп бара жатқанын осылай бейнелеуге тырысқан. Яғни бейнені қозғалысқа келтіруді армандаған. Қытайда Х ғасырда пайда болған көлеңкелер театры техникалық тұрғыдан осы мультипликацияға жақын.

Суретті мультипликацияның туған күні ретінде ғалымдар 1877 жылдың 30 тамызын атап көрсетеді. Сол күні француз Эмиль Рено өзі ойлап тапқан праксиноскопты патенттеді. Бұл қағаз лентаға салынған қимыл кезеңдерін экраннан үлкейтіп көрсететін айналы барабан еді. Бүгінде мультик шығарушылар өз жұмысын анимация деп атайды. Неге? Себебі анимация – латынның «anima» («жан») деген сөзінен шыққан, яғни жандандыру деген мағынаны береді.

Анимациялық фильм жасау – ұзақ та бейнетті жұмыс. Әуелі аниматор-режиссер кейіпкерлерді қозғалысқа келтіреді. Яғни оларды ойнатады. Сценарий бойынша кейіпкер ас ішу керек пе, оның әр сатысын бейнелеу қажет. Ол асты аузына апарады, тістейді, шайнайды... Әуелі жайлап қана осыларды тізбектейді. Бірақ бұл – нобайы ғана. Енді осы қимыл сатыларының бәрін әдемілеп салу керек. Мұнымен суретші айналысады. Сосын салынған суреттер сканер арқылы компьютерге көшіріледі.

Енді ол компоузер маманның қолына түседі. Оның міндеті – қимыл бөліктерінің бәрін құрап, тұтас көрініс жасау. Сонда қаптаған қалың суреттен титтей ғана көрініс шығады! Қаншама қыруар еңбек, ал шыққаны – шағын ғана эпизод. Алайда әлі бұлардың бәрін бояп шығу керек.

Бұл – мультфильм жасаудың бір тәсілі ғана. Бұдан басқа қуыршақты, компьютерлі анимация дегендер бар...

Экраннан жарты сағатта зу ете қалатын фильмді аниматорлар бір, екі, тіпті одан да көп жыл түсіреді...

Иә, суреттерге жан беру оңай іс емес. Есесіне, нәтижесі қандай десеңізші!

Сенбесеңіз, теледидарыңызға қараңыз...

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір