Бейсенбі, 30 Қаңтар 2025
46 - сөз 2690 0 пікір 28 Қаңтар, 2025 сағат 15:53

Талайдың тағдырын талқан қылған бір күн

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Жас жазушы Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романын кешегі демалыста тапжылмастан оқып шықтым. Жазып жатқан жұмыстарым да, үй тірлігі де жайына қалды...

Ит өмірдің азабын тартып, өлмешінің күнін көріп, өз елінде өгейдің күнін кешіп, кім көрінгеннің жертөлесін, жаман лашықтарын жалдап, кіріптар болып, сайда саны, құмда ізі жоқ, баспанасыз жүрген қаншама адамның тағдырын бір-ақ күнде тас-талқан еткен қанды оқиғаны арқау еткен романды бей-жай оқу мүмкін емес. Қаланы қазақыландыруға ниет еткен шаһар басшысының ауыз екі келісіміне сеніп, қолда бар заттармен қалқитып, жанталаса үй тұрғызып жатқан қарапайым адамдардың келер күннен күткен үміттері зор еді.

«Бояқ қас апаның «өз үйің бе, жоқ, әлде, пәтер жалдап тұрасың ба?» деген тосын сұрағы жарқабақтағы ескі үйді еске түсірді. Ол бір бақытты күндер еді ғой, шіркін! Ол кезде біздің отбасы үздіксіз көшпелі күн кешіп, пәтерден пәтер тоздырып жүруші еді. Сөйтіп жүрсек те, төрт құбыламыз түгел, көңіліміз тоқ еді». (24-бет).

Ия, шынымен де Қазақ Елі КСРО құрсауынан босап шығып, Тәуелсіздік алған жылдары қарапайым қазақтардың бәрі де ерекше масаттанып, еркіндіктің эйфориясына елітіп, мемлекет келешегінің кемел боларына шүбәсіз сенетін еді-ау, шіркін!

Романды оқып отырып, жұпыны болғанымен, өздері үшін жұмаққа бергісіз баспаналарын қорғау үшін бастарын қатерге тігіп, әділетсіздікке тап болған адамдардың жан айғайын өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көргендей болдым. Көңілімді ойран-топан қылған алапат сезімнің әсерімен бірден компьютеріме отырдым...

1). Әдетте роман десек, мұқабасы қатты, көлемі кірпіштей кітаптар көз алдымызға келеді ғой. Ал аз сөзге көп мағына сиғызған, бас-аяғы жып-жинақы, айтар ойы айқын, баттастыра жаққан бояуы жоқ, Қанат ініміздің қалақтай романы ақын Жұмекен ағамыз айтқандай «жеңілдігі мамықтай, ауырлығы табыттай» дүние екен.

2). Бұрын біз оқып жүрген романдарда тісқаққан, әккі жазушылар алдымен оқиға болатын жердің табиғатын, роман кейіпкерлерінің түр-тұлғасын сипаттап, сосын түрлі әрекет, іс қимыл үстінде олардың мінез-құлқын ашып көрсетуші еді.

Ал бұл романның басты ерекшелігі - автор ештеңені сылап-сипап, бипаздап жатпай, бірден: «Абақтыдан шыға сала алып-ұшып Мыңқыстақ вокзалына жеттім» деп бастайды да, оқырманды ізіне ерте жөнеледі. Бас кейіпкердің жас шамасын, сырт-келбетін, мінез-құлқын да тәптіштей суреттеп, сөз шығындап жатпайды. Бірақ оның қандай адам екенін жол үстінде танысқан жолаушылармен арадағы қысқа-қысқа диалогтарынан өзіңіз-ақ пайымдай аласыз. Мысалы, көршілес вагондағы Әлия деген басы бос келіншекпен танысқан кездегі әңгімеге зер салайықшы:

« - Мені қаншаға келді деп ойлайсыз?

- Қырықтың мол ішінде шығарсыз?-деді ол.

- «Ердің жасы елу» , елуге келдім,-дедім мен.

- Қойыңызшы. Жап-жассыз. Бірақ...Көзіңіз көпті көргеніңізді айтып тұр.

- Қалжыңдап тұрмын,-дедім қуланып.- Ерте қартайғаным болмаса, сізден екі жасқа кіші екенмін. 1986 жылы туғанмын.

-86,-деді таңдана,- Так. Отыз алтыдасыз ба?

Мүлде отыз алтыға келген адамға ұқсамайсыз

-Кәрі көрінесіз деңіз...

Өкпелеген адам құсап, қабағымды шытып қатая қалдым.

- Ең азы қырық бес жас берер едім,-деді сапарласым тайдырып әкеткен жанарын көзіме қадап». (17-бет)

« - Кішкентай бала сияқтысыз! Өтірік айтсаңыз, бетіңіз қанталап, қып-қызыл болып кетеді екен!

- Қызарған жоқпын.

- Қызардыңыз! Тіпті ұялғаннан көзіме тіке қарай алмайсыз!

Бетімнің оты дуылдап, шынында да қып-қызыл боп кетсем керек. Әлия иығымнан және бір мәрте дүңк еткізіп өзімсіне ұрды» (32-бет).

Қасын бояған, егде жастағы, купелес апаймен диаологқа құлақ түрейікші: « - Әлгі уыздай сұлу қыз дегенің мынау ма?-деді апай өзінің бас бармағын көрсетіп.

- Иә, осы...

- Құдай-ау, көзің соқыр неғылған адамсың? Мынау басыңа шай қайнататын кексе қатын ғой.

- Мен де жас жігіт емеспін.,-дедім апайға.

- Сен жас емес шығарсың. Бірақ байқаймын! Мүлде жар төсегін көрмеген адамсың...

- Менің үйленбегенімді қайдан біле қойдыңыз?

- Әйел затына әйел деп қарамаған жансың ғой. Күнім-ау, ақылың болса, мына қатынға арбалып қалма...

- Ол мені емес, мен оны арбай алмай жүрмін,-деп күлдім.

- Ой, ақымақ десе... Мұнша адам танымастай көр соқыр болармысың. Уысына бір түссең көрерсің...

- Қасыңызға бірер минутқа келген қызды қайтып тани қойдыңыз. Тіпті сөйлескен де жоқсыз.

- Танымағанда несі қалды? Бір рет емес, бірнеше рет есік көрген қатын ғой.» (93-бет)

3) Біз оқыған дәстүрлі романдардың кейіпкерлері жағымды және жағымсыз болып екіге бөлінетін. Жағымды кейіпкерлері ақылды, көрікті, сымбатты, білімді, еңбекқор, шыншыл, әділетсіздікке төзбейтін, жүрген ортасында сыйлы жандар еді. Бір сөзбен айтқанда, сөзі де, өзі де түзу бас кейіпкерді жастар мен жасөспірімдерге үлгі-өнеге ретінде ұялмай ұсынуға болатын.

Ал мына заманауи романның бас кейіпкері - шиырып шылым шегетін, карта ойнаудың қас шебері, сонымен қоса, жып еткізіп, ұрлық жасай қоюға да қолы епсекті, 14 жыл бойы темір тордың аржағында отырған жігіт екен.

Аты жоқ басты кейіпкердің өзі түгілі, әкесін де, анасын да, сүйген қызын да, інісін де күнәдан пәк періште деуге ауыз бармайды. Кәдімгі пенде тірлікте ірілі-ұсақты қателіктер жіберіп, сүрініп-қабынып өмір сүріп жүрген қарапайым адамдар. Бірақ оларды жек көріп, жағымсыз кейіпкерлер сапына қоса да алмайсыз. Сөзім жалаң болмас үшін тағы да романнан үзінділер келтіре кетейін:

«...Ол кезде ай сайын екі жүз теңгеге жол жүру билетін сатып алатынбыз. Анықтамаға суреті жапсырылып, шетіне мектептің мөрі басылатын. Біз інім екеумізге бір билет қана сатып алушы едік. Сатып алған билетті қақ ортасынан бөліп, кішкене блокнот жапсарының бұрышына сүңгітіп жіберетінбіз. Сосын жапсардың қалған жартысына анықтаманың сурет пен мөрі бар тұсын бүктеп тыға саламыз. Өстіп бір билет екеу болады. Кондукторлар анықтама мен жол билетін екі бөлек көрсеткісі келмейтін еріншек балалардай көріп, біздің айламызға мән бермейді. Билеттен үнемдеген аз ақша інім екеумізді шала байытады. Бірер күн он теңгелік балмұздақ жеп, бір жасап қалушы едік.» (33-бет).

«Әкем үйде болғанда базар жағалап, қыдырып қайтатынбыз. Әкем кептірілген жеміс сататын дүңгіршектің алдында тұра қалып, бағасын сұрайды. Сол сәтті пайдаланып, Елдес екеуміз бір-бір уыс жемісті қалтаңа сүңгітіп үлгереміз. Әкем денесімен бізді көлегейлеп, бірінің дәмін татып көреді. Сөйтеді де, «Тым сухой екен » деп алға озады.

... Базардан шыққан кезде қалтамыз алма, өрік, кептірілген жеміс сияқты жеуге жарайтын азыққа толы болады. Әр салаттан бір дәм татып жүріп,қарнымызға да ел қонып қалатын. Үйге келген соң шешем олжамызды алдымызға қойып, дастарқанды жайнатып жіберетін. (59-60 беттер.)

«...Ұра-үйіміздің алдында добалдай темір таразы тұратын. Әкем ауылдан келген шаруаның картобын қабылдар кезде таразының жақтауына алақандай магнитті жапсыра қояды. Ол магнит таразы тілін кері тартып, картоптың келісін кем өлшеп береді. Ал сатып алушы келсе, магнитті шеше қойып, таразының бір шетін байқатпай аяқтың ұшымен басып тұратын. Өстіп тауардың салмағын көбейтеді. Екі ортадан тапқан пайда – отбасымыздың ырыздығы» (89-бет).

«...Түнде шудан шошып ояндым.

- Балалар оянады, қойсаңшы, Кенен,-дейді булыға жылаған шешем.

- Оянса, ояна берсін.

Әкем құлаштай ұрды-ау деймін, шешем жерге гүрс етіп құлады. Әкем ашуланса, көзінің алды тұманданып, не істеп, не қойғанын білмей қалатын. Шешеме араша түсейін деп оқталдым да, әкемнің жын буған бақсыдай ашуынан қорқып, жата бердім» (105-бет).

4). Жоғарыда келтірілген мысалдарға қарап отырып, аты жоқ кейіпкеріміз ұры-қарылардың ортасында, берекесіз отбасында өскен, әкесі су жұқпас біреу екен деп ойлап қалсаңыз, қателесесіз. Үкіметтің аудан-облыстарды ірілендіру саясаты жүрген кезге дейін оның әкесі адал еңбек, маңдай терімен сүттей ұйыған отбасын асырап, тіпті жүн қырқудан алдына жан салмай чемпион атанған, нағыз еңбек адамы болыпты. Колхоз-совхоздары тарап, жұмыссыз жұрт тентіреп, қалаға көшкенде, көппен бірге олар да бала-шағасын шұбыртып Ағырап қаласына амалсыз келсе керек.

5) Ең бастысы, шығарма иланымды, шынайы жазылған. Аты жоқ жігіттің мұңлы да сырлы естеліктері түрінде баяндалғандықтан ба, туындының тілі оқуға жеңіл, санаға қонымды.

«Мен пойыз терезесінен сыртқа көз жібердім. Ұшы-қиыры жоқ иен дала. Ол ұлан-ғайыр атыраптың төсін қақ жарып жүйткіп келеміз. Шешем мәтелдеп «дүниенің кеңдігін қайтейін, етігің тар болса» деп отырушы еді. Сол айтпақшы, дүние кең болғанымен, етігім тар болды. Он төрт жыл бойы тар қапаста жатып, дүниенің кеңдігін сезе алмадым. Біздің отбасы ұшы-қиыры жоқ жері бар осы елден бір үй салатын ұлтарақтай жер ала алмай зарлады-ау.» (43-бет.) деген жолдарды оқи бастағаннан жазықсыз жала жабылып, саяси тұтқын ретінде он төрт жыл түрмеде отырып, Ағырап қаласына қайтып келе жатқан кексе жігіттің ой толғамы сүйегімді сырқыратып, жанымды құлазытты.

6). Жазушы бір отбасының өзекті өртер өмір жолдары арқылы қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларды сан қырынан қарап, сан түрлі ракурста көрсете білген. Мәселен, полициядан қашып жүріп, әкесі екеуі мұсылман дініне жат теріс ағым таратушылар ортасына еріксіз тап болған аты жоқ адамның көрген-білгендері көп ойға жетелейді. Діни сектанттардың тыныс-тірлігін егжей-тегжейлі жазғаны соншалықты, бір сәт авторды тап бір солардың арасынан оралған жандай сезіндім.

Сондай-ақ, жүйке ауруына шалдығып, жындыханаға түскен Елдес деген кейіпкердің хал-жағдайын біліктілікпен жазғанына қарап, жазушының психиатрияға қатысты ізденісіне де еріксіз тәнті болдым.

7). Тырнақ астынан кір іздеуден аулақпын, алайда өзім байқаған, кітаптың кейінгі басылымдарында ескерсе екен деген аз-кем ескертпелерім де бар. Егер сәті түсіп, кітап авторымен кездесіп жатсам, (жанашырлық ниетімді дұрыс қабылдаса), айтудан қашпаймын.

Әрине, кейбір ұсақ-түйек кем-кетіктеріне қарамай, аты да, заты да ерекше роман көптің көңілінен шығарына сенімдімін.

Заря Жұманова

Abai.kz

0 пікір