Күлкі хирургының «Ы операциясы»
Бүгін – кезінде бүкіл КСРО аумағындағы көрермен қауымның көңілін көтеріп, өмір сүруге құштарлығын арттырған ұлы кинорежиссер Леонид Гайдайдың туған күні.
Комедия жағынан ұяттымыз
«Оның бізге қандай қатысы бар?» деген сауал тууы да мүмкін қайсыбір оқырман тарапынан. Расында да, қазір біз мүлде бөлек мемлекетпіз, елімізде кеңес дәуірі туралы ештеңе білмейтін, тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген жаңа ұрпақ қалыптасып келеді. Олар кезінде біз өмір жолын жаттап өскен Ленинді танымайды, талай буын пір тұтқан Лещенконы тыңдамайды, арасында «1941-1945 жылдары кіммен кім соғысып еді?» деп өзіңнен сұрайтындар да табылуы мүмкін... Және бұл заңды да, өйткені олар – ХХІ ғасырдың балалары, жаңа, жас, тәуелсіз Қазақстанның азаматтары.
Дегенмен қанша уақыт өтсе де өлмейтін, қандай қоғамдық формацияда да ескірмейтін, замана көшіне ілесіп, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, адамзатпен мәңгі жасай беретін бір құдіретті дүние бар. Ол – әдебиет пен өнер. Арада қаншама ғасырлар өтті, жылдар жылжыды, алайда «Илиада» мен «Махабхарата», «Гамлет» пен «Құдіретті комедия», Қорқыт, Моцарт, Чайковский саздары, Гете, Пушкин, Абай жырлары, Гюго, Чехов, Әуезов шығармалары әлі күнге ел есінен шықпай, халық жадынан өшпей, сахна төрінен түспей келеді.
Сондай өнердің заманауи бір түрі – кино десек, оның ішінде де бүгін шығып, ертең ұмытылатын бір сәттік уақытша дүниелермен қатар, қанша көрсең де жалықтырмайтын, нешеме жылдар өтсе де мәнін жоймайтын, жанр классикасына айналған нағыз көркем туындылар да көптеп кездеседі. Леонид Гайдай комедиялары – замана сынына төтеп беріп, алды 60, кейінгілері 40-50 жылдан бері экран мен эфирден түспей келе жатқан кемел шығармалар. Адам жанына үңіліп, қоғамның тамыр бүлкілін тап басқан өнер ешқашан ескірмейді, ұлтқа, тілге бөлінбейді. Біздің әлсін-әлі Эльдар Рязановқа, Георгий Данелияға, Леонид Гайдайға айналып соғып, әңгімеге арқау ететініміз де сол себепті. Олардың өнері – бір ғана орыстың, қала берді бүгінгі Ресейдің меншігі емес, жалпы өнерсүйер қауымның ортақ игілігі, кезінде Кеңес Одағына қараған қаншама елдің көз қуанышы, көңіл жұбанышы. Бұл – бір.
Екіншіден, бізде әйгілі Шәкен Аймановтың «Тақиялы періштесінен» кейін дені дұрыс кинокомедия түсірілген жоқ. Кей режиссерлеріміздің кейінгі жылдардағы әрекеттері (мәселен, Еркін Рақышевтің «Мәңгі өмір сүргің келсе...» фильмі) кісінің күлкісін емес, жынын келтіретін деңгейде екенін жасырып қайтейік. Өзімізде сапалы комедия болмаған соң, бәрібір назарымыз өзгеге ауа беретіні де түсінікті шығар. Яғни қазақ көрерменінің алдында комедия жағынан ұятты екеніміз рас...
Қырқылып қалған ленталар
Леонид Гайдайдың фильмдерін көпшілік көрермен жақсы біледі. Тіпті жатқа біледі десек те, артық емес. Оның комедияларындағы қанатты сөздерді тақпақ жаттаған озат оқушыдай тақылдап айтып беретіндер арамызда аз болмас. Режиссердің өзі де: «Кинокомедияда қимыл-әрекетке көбірек мән беріліп, сөз мейлінше аз болғаны жөн. Сол аз сөздің өзі жинақы, астарлы және ондыққа дәл тиетін уытты болуы шарт», – деген екен. Шынында да, оның фильмдерінде ешқандай да ділмәрсу, уағыз соғу, ақыл айту жоқ. Ұраншылдыққа ол мүлде қарсы болған.
Өкінішке қарай, кеңес дәуірінде күші мығым цензура да қарап отырмаған ғой. Гайдай фильмдерінен цензорлардың жалаңдаған қайшысы қиып алып тастаған ленталарды есептесе, тіпті бірнеше шақырымға созылар ма еді, қайтер еді... Мәселен, «Самогоншыларда» Евгений Моргунов кейіпкерінің самогон сату арқылы қалай байып шыға келетінін көз алдына елестетер сәті, сондай-ақ Юрий Никулиннің орындауындағы бір әзіл ән алынып тасталған. «Бриллиант қолдағы» Нонна Мордюкованың кейіпкері айтатын: «Я не удивлюсь, если завтра выяснится, что ваш муж тайно посещает любовницу!» – деген сөйлемнің әу бастағы нұсқасында «любовницу» сөзінің орнында «синагогу» болған. Амал жоқ, фильм түсіріліп болған соң, осы тұсты қайта дыбыстауға тура келген. Бірақ актрисаның ерін қимылына мән бере үңілсеңіз, «синагогу» деген сөзді аңғаруға болады.
«Иван Васильевич мамандығын өзгертеді» фильміндегі баяғы заманғы банкет көрінісінде жалған патшаның «А кто будет оплачивать этот банкет?» деп сұрайтыны бар. Әу бастағы түсірілімде ХХ ғасырдың кәнігі ұрысы, ал Грозный дәуіріне өткен соң «князь» боп шыға келетін Милославский оған «Народ, батюшка, народ» деп жауап берген екен. Бірақ Мемкино басшылығы «Мұнымен не айтпақсыңдар? Кремль де халықтың есебінен ішіп-жеп отыр дегендерің бе бұл?» деп әлгі жауапқа тыйым салыпты. Сол себепті, ол эпизодты да қайта дыбыстауға тура келген. Сөйтіп, жаңағы сұраққа «Во всяком случае, не мы» деген жаймашуақ жауап қайтарылады.
«Кавказ тұтқыны» комедиясы сценарий бойынша мынадай көрініспен басталған: дуалға жүрексіне жақындап келген Вицин, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алып, бас әріппен «Х» деп жазады да, дереу қашып кетеді. Сосын алшаң басып, экранға Моргунов шығады да, әлгінің жанына баттастырып тұрып дәу «У»-ды қонжитады. Артынша кадрда Никулин пайда болады да, тез-тез «...дожественный фильм» деп жаза салады. Өкінішке қарай, цензура мұны да «әдепсіздікке үндейтін көрініс» деп ұғып, мүлде қырқып тастайды.
Гайдай кім, Спилберг кім?
Режиссер Андрей Кончаловский бірде: «Егер Гайдай Америкада жұмыс істегенде, сөз жоқ, миллионер болар еді. Өйткені ол елді күлдіре отырып ойлантатын нағыз күлкі конвейері еді ғой. Бір ғана Әккі-Кеще-Қорқақ үштігінің өзі оған сарқылмас қазына сыйлар еді», – деген екен. Ал Ресейде ол өзінің 1992 жылы шыққан соңғы фильмі үшін түкке жарамайтын бір қапшық сабан ақша алған. Кеңес Одағының кинотеатрларынан түспеген картиналарын жалпы алғанда 600 миллионнан астам адам тамашалаған режиссердің көрген күні осы. Салыстыру үшін алсақ, сол уақытта АҚШ-тың ең танымал да қалталы режиссері саналған Стивен Спилбергтің фильмдерін 400 миллиондай ғана адам көріпті...
Гайдайдың әйелі Нина Гребешкова да – актриса, күйеуінің «Бриллиант қол» (Семен Горбунковтың әйелі рөлінде), «Спортлото-82» (Клавдия апай), «Өміріңізге қауіпті» (Зинаида Петровна) секілді бірнеше фильміне түскен.
– Жасыратыны жоқ, «Кавказ тұтқыны» картинасына мен кездейсоқ түстім, – деп еске алады бүгінде 95-ке келіп отырған Н.Гребешкова. – Мені Киевте түсірілетін бір фильмнің басты рөліне шақырды. Жол жүруге жиналып жатқанымда, Кавказдан Леня қоңырау шалып: «Осылай да осылай, бір психиатр-дәрігер әйелдің шағын рөліне адам керек боп жатыр, тездетіп келе қал!» – деді. Әуелі әбден ашуландым, екі минуттық эпизодқа бола ана жақтағы басты рөлден бас тартуым керек пе сонда? Бірақ Леня қайта-қайта өтініп, қояр болмады. Өзі ауырыңқырап та жүр еді, бір жағы жаным ашыды ма, Киевтегі фильмнің режиссеріне жағдайды түсіндіріп, бірнеше күн кешігіп баратынымды айтып, Кавказға ұштым... Қазір оған қуанбасам, еш өкінбеймін. Өйткені әлгі мен басты рөліне түскен фильмді қазір өзге түгілі өзім ұмытып қалдым, шықты да жоқ болды, ал «Кавказ тұтқыны», міне, 58 жыл болды, әлі эфирден түсер емес. Екі минуттай ғана шағын эпизодына түссем де, жұрт бірден таниды.
Гайдайдың өзі атақ, сыйлық, жүлде дегендерге мүлде ұмтылмаған, «фильмдерімді ел қызығып көрсе болды, маған одан артық сыйлық қажет емес» деп білген. Оның адамдардың психологиясына қаншама жылдан бері жүргізіп келе жатқан «күлкі терапиясы» немесе, өзінің бір фильмінің атына ұйқастыра айтқанда, «Ы операциясы» өте сәтті әсер етуде. Режиссердің бірінен бірі өткен уытты комедиялары қиын уақытта көрерменнің көңілін көтеріп, өмір сүруге құштарлығын арттырып қана қойған жоқ, жылдар бойы «Мосфильм» мен Мемкиноға қыруар қаржы түсіріп те отырды. 1992 жылы «Мосфильмді» бірнеше тәуелсіз бірлестіктерге бөліп жатқанда, Мемкино төрағасы Армен Медведев тұрып: «Мынаны естен шығармаңыздар: 20-30 жыл бойы бізді Гайдай асырап келді!» – деген екен.
Бір қызығы, Гайдайдың комедияларын әр көрген сайын бұрын аңғармай қалған жаңа астар, тосын ишара, оқыс ой ашып отырасыз. Бәлкім, ұлылық деген осы шығар...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz