Сәрсенбі, 25 Ақпан 2026
Жаңалықтар 1471 0 пікір 25 Ақпан, 2026 сағат 14:12

КҚК-ға шабуыл: АҚШ Украинаға ескерту жасады

Сурет: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Әңгіме КҚК (Каспий құбыр консорциумы) арқылы мұнай экспортын тоқтату туралы болып отыр. Reuters агенттігінің мәліметінше, Киев бұл ескертуді «назарға алған».

Украина Новороссийск ауданындағы КТК инфрақұрылымына жасалған шабуылдардан кейін АҚШ Мемлекеттік департаментінен ресми нота алды. Бұл туралы Украинаның Америка Құрама Штаттарындағы елшісі Ольга Стефанишина мәлімдеді.

Оның айтуынша, соққылар «Қазақстанмен байланысты америкалық экономикалық мүдделерге» нұқсан келтірген.

Қазақстан мұнайының басым бөлігі Новороссийск арқылы экспортталады.

«Біз Мемлекеттік департаменттен америкалық мүдделерге соққы беруден тартынуымыз керек екенін естідік», — деді Стефанишина.

Ол бұл үндеудің Ресейдің әскери және энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасаудан бас тарту емес, дәл осы америкалық мүдделерге қатысты болғанын атап өтті. Стефанишинаның сөзінше, Киев бұл жағдайды «назарға алды».

Оқиғаның мән-жайы

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қараша айының соңында Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына ұшқышсыз ұшақтар шабуыл жасаған болатын. Содан кейін мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылып, танкерлер акваториядан шығарылды. Кейінірек КТК зақымдалған құрылғылардың бірін жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады.

Шабуылдан кейін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі наразылық білдіріп, болған оқиғаны Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынасқа нұқсан келтіретін әрекет ретінде қарастыратынын мәлімдеді.

Алайда, АҚШ араласқанға дейін украин тарапы Қазақстанның экономикасына немесе инфрақұрылымына соққы бермейтінін және ондай ниеті жоқ екенін ашық мәлімдеп келген еді. Украина СІМ бұл әрекеттер тек Ресейдің әскери әлеуетіне қарсы бағытталғанын және «Қазақстанға немесе басқа үшінші тараптарға қарсы емес» екенін алға тартқан.

Украина елшісі Виктор Майко да ұқсас ұстаным білдіріп, Қазақстанның «ешқашан соққы нысанасы болмағанын және болмайтынын» баса айтқан болатын.

Қаңтар айының ортасында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым консорциум инфрақұрылымына жасалған шабуылдан кейін Украинаға «қысым жасауды» ұсынды.

Abai.kz

0 пікір