Дүйсенбі, 3 Ақпан 2025
Жаңалықтар 200 0 пікір 3 Ақпан, 2025 сағат 13:00

Орынбордың халық саны кеміген

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің Орынбор облысы бойынша аумақтық органының хабарлауынша, Орынбор облысында бала туу төмендеп, өлім-жітім керісінше, күрт өскен.

Салдарынан осы екі көрсеткіш арасындағы айырма, яғни, орынборлықтардың табиғи шығыны "минус 9 мың адамнан" асқан.

"Орынбор облысы халқының табиғи кемуі 2024-жылғы 10 айда 9 040 адамға жетті. Өлкеде туу құлдырады, өлім-жітім ұлғайды. Мемлекеттік статқызметтің аумақтық органының дерегінше, біздің өңірде 2024 жылғы қаңтар-қазанда 13 002 бөбек қана дүние есігін ашқан. Бұл тіпті кезекті рекордтық құлдырау тіркелген 2023 жылғы ұқсас кезеңдегіден 479 сәбиге аз. Бір жыл ішінде тағы -3,7% кеміді", – деп жазды жергілікті танымал "Урал56.Ру" порталы.

Федералдық мемлекеттік статистика қызметінің Орынбор облысы бойынша аумақтық органының дерегінше, Орынбор облысында бала туудың құлдырауы 2016-жылдан бері тоқтаусыз жүруде.

"Туған балалар санының өлген тұрғындар санынан асып түсуі соңғы рет 2015 жылы тіркелген. Сонда Орынбор өлкесінде 21 738 бала өмірге келді, 21 560 орынборлық дүние салды. Салыстырсақ, 2019 жылғы қаңтар-қазан айларында өңірде 16 577 бала туылды. Бұл алдыңғы 2018 жылғыдан 1 910 балаға аз. Сол жылғы қаңтар-қазанда 21 631 адам өмірден өтті. Осылайша, 2019 жылғы 10 айда Орынбор облысында халықтың табиғи кемуі 5 054 адамды құраған еді. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен (3 793 адам) әлдеқайда көп", – деп мәлімдеді ведомство.

Бір ғасыр бұрын, 1919-жылы 10-шілдеден 1925-жылғы 16-шілдеге дейін Орынбордың Қазақстанның астанасы болғаны тарихтан белгілі. Орынбор алдымен 1919-жылы Қырғыз (қазақ) өлкесінің бас қаласы болды. 1920-жылы 26-тамызда соның негізінде Қазақ АКСР-і (Қазақстан республикасы) құрылды, оның астанасы 1925-жылдың соңына дейін Орынбор болды.

Қазіргі кезде Орынбор облысында 1 828 692 адам ғана қалған. Салыстырсақ, 2001-жылы облыс тұрғындарының саны 2 203 616 болды. Ширек ғасыр ішінде үздіксіз азайып барады.

Abai.kz

0 пікір