«AMANAT» партиясы жолаушылар тасымалы қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдатуды қолдайды
Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері автокөлікпен жолаушылар тасымалдау саласындағы мемлекеттік функциялардың бір бөлігін өзін-өзі реттеуге беру туралы түзетулерді қарады. Бүгінде тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралуда.
Көлік министрі Марат Қарабаев осы заң жобасын таныстыра отырып, аталған құжат жолаушылар тасымалы саласында тәртіп орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Нарыққа қатысушылар өзін-өзі реттеу тетіктері арқылы тариф белгілеу, еңбек күнін сақтау, техникалық байқаудан өткізу, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды проблемаларды өздері шешетін болады. Ұсынылған новеллалар такси агрегаторларының баға белгілеу ісіндегі ашықтығын жақсартуға, сондай-ақ нарық қатысушылары үшін әділ бәсеке мен тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Талқылау барысында бірқатар депутат ұсынылған заң жобасында өзін-өзі реттейтін ұйымдардың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажет жеткілікті ресурсы мен өкілеттігі жоқ деген алаңдаушылық білдірді. Сонымен қатар, негізгі функцияларды жеке бірлестіктердің шектеулі санына беру қадамы нарықты монополиялауға, баға келісімінің пайда болуына және осы сала негізгі табыс көзі болып отырған 500 мыңнан астам такси жүргізушісінің қаржы жүктемесінің артуына әсер етуі мүмкін.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов талқылау барысын қорытындылай келе, бүгінде жолаушылар тасымалы саласын реттеуде жаңа көзқарасты талап ететін көп проблема қордаланып қалғанын атап өтті. Министрлік ұсынған шаралар түсінікті әрі назар аударуға лайық болғанымен, бұл ұсыныстар мемлекет тарапынан жүргізілетін көлік бақылауын әлсіретіп алмауы керек. Ол жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, соның ішінде жолаушылардың өмірін сақтандыру бойынша нақты міндеттемелерді заңда тікелей бекіту қажет екенін жеткізді.
«Президент халыққа Жолдауында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Министрлік осыған қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін дәлелді әрі жан-жақты пайым-көзқарасын ортаға салды. Солай бола тұра, тасымалдау саласындағы өзін-өзі реттеуге ұмтыламыз деп такси жүргізушілерінің күнделікті табысына теріс әсер етпеуіміз керек. Министрлік барлық жаңашылдықты такси саласында жұмыс істейтін азаматтардың пікірін ескере отырып ұсынуға тиіс. Барлық даулы мәселенің ортақ шешімін табу керек. Біз күн сайын миллиондаған адамға тікелей әсер ететін жолаушылар тасымалы саласындағы әлеуметтік шиеленісті жоюымыз керек», – деді ол.
Мәжіліс Төрағасы заң жобасына қатысты мәселелерді ескере отырып, Министрлікке өзін-өзі реттеу ұйымының жұмысына пилоттық тестілеу жүргізуді және соның нәтижесі негізінде осы мәселе бойынша тың тәсілдер әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар, пікірталас барысында депутаттар Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепехаға азаматтарды адастыратын резонанстық ақпаратқа жедел әрекет етудің маңызын атап өтті. Мәселен, автокөлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салынатыны айтылуда.
«Автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға шектеу жоқ. Елді мекендерде тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайда механикалық көлік құралдарымен оталдырған қалпы тоқтап тұруға тыйым салынады. Тек арыз түскен жағдайда ғана бұл норма бойынша жауапқа тартамыз. Былтыр осындай үш жағдай тіркеліп, оның бірі прокуратура тарапынан жойылды. Яғни, біз көлік қыздырған адамды жауапқа тартпаймыз», – деп сендірді вице-министр.
Сондай-ақ фракция отырысына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, ҚР «Атамекен» ҰКП-ның басқарма басшылығы және тағы басқалар қатысты.
Abai.kz