Сейсенбі, 4 Ақпан 2025
Білгенге маржан 596 6 пікір 4 Ақпан, 2025 сағат 14:12

Қалмақтар - исламға кірмеген Алтын орда көшпенділері!

Суреттер: Ерзат Кәрібайдың жеке мұрағатынан алынды.

14 ғасырдың басында Өзбек ханның ислам дінін қабылдауына байланысты Жошы ұлысындағы көшпенділер үш топқа бөлінгенін көруге болады:

Бірінші топ: Өзбектер, олар ислам дінін қабылдаған көшпенділер болып, кейін өзбек, ноғай, қазақ деп бөлінген.

Екінші топ: Христиан дінін қабылдап, христиан татар, казак деп аталған.

Үшінші топ: Өздерінің далалық тәңір сенімінде қалып қойғандықтан «қалмақтар» деп аталған.

Орыс деректері мен Еуропа деректерінде, карталарында 15-17 ғасырларда қазақ жері мен Сібірде қалмақ деген ел кездесіп отырады. Бұлар жоғарыда айтылған ойраттар емес еді. Бұлар Жошы ұлысы тарауында айтылған қалмақтар, яғни, Жошы ұлысындағы исламды қабылдамаған көшпенділер болып, 14 ғасырдан бастап деректерде әсіресе, «ноғайлы жырларыында» көп кездеседі.

«Орақ-Мамай» жырының генеологиялық сипаты басым, негізгі кейіпкерлері Мұсаханның (1491-1502 жылдары жасаған, әсілі хан емес би) Қараүлек деген бәйбішесінен туған Орақ, Мамай батырлар.

Қозан деген қалмақ ханы бала Орақ пен Мамайды ойнап жүрген жерінен тұтқындап алып кетеді. Қозанды шабуға келген Хиуа ханы Бозқұланның өзі қолға түсіп қалады. Қозанның Қарахан есімді қызы зынданға тамақ, киім, шам апарып, тұтқындарға көмектесіп тұрады. Қозан хан Орақ, Мамай, Бозоғландарды босатып жібергенмен, олар қалмақты қайта шабуға уағдаласады. Одан әрі жыр мазмұны Мұса ханның балаларын іздеу оқиғасына жалғасады. 40 батыр жолай еліне қайтып келе жатқан Орақ пен Мамайға кездеседі. Орақ батыр қалмақ елін шабады. Оның беліне айдаһар оралып, соңында  Қозан мен  Өгізханды өлтіріп, еліне аман-есен оралады. Жырда кездесетін қарлығаштың зынданда балапандауы жақсылықтың символы саналса, Берден Шайыр мен Мамайдың айтысы – этнографиялық дәстүр көрінісі. Жырдың кейбір нұсқалары бойынша Орақтан Қарасай, Қази деген батырлар туған, ал Мамайдан ұрпақ болмаған. «Орақ – Мамай» жырын В.М. Жирмунский, Ә.Қоңыратбаев, І.Жұмалиев, т.б. ғалымдар зерттеген.

«Бұрынғы өткен заманда Орақ, Мамай деген бар екен. Мамай хан екен, Орақ батыр екен, Мамайда бірде-бір бала болмаған. Орақтың екі баласы болған аттары - Қарасай, Қази. Орақтың кезінде Қалмақтың ханы Темір хан екен. Орақ батыр Темірханның жеті атасын өлтірген екен».(1) Бұл дерекке қарағанда қалмақ деген өз алдына бір ханы бар, ноғай сынды 400-500 мың халықпен барабар жеке хандық екенін көруге болады. Тәңір сеніміде қалған қалмақтар мен исламға кірген ноғайлар арақатынасы үнемі соғыс күйінде болған көрінеді. Бұған 1405-1420 жылдардағы Едіге бастаған Ақсақ темірге арқа сүйеген топтың Еділ мен Жайық маңындағы жұртты зорлықпен исламға кіргізуінен басталса керек. Орақ-Мамай тарихта болған адам екені белгілі. 1502 жылдарға дейін ойраттар қазақ даласына кіре қоймаған, сондықтан бұл қалмақтар ойраттар емес деп кесіп айта аламыз.

Едіге жырында да:

«Тоқтамыс деген хан болған, өзі қаһарлықты хан еді.... Сонда Сәтемір деген бір қалмақ бар еді», - дейді(2).

Әбілғазы: «Тұғылық Темір қалмақ еді», - дейді. Бұл сөздерден қалмақ деген ислам дінін қабылдамаған көшпенділерге қойылған лақап екенін көруге болады. Едігеден бастап қалмақтармен арадағы жаугершілік 1580 жылдарға дейін, тура 180 жылға созылған.

Едіге атқа мінгенде,
Қалмақ деген ел еді,
Ханқожа деген қалмақ бар еді,
Ағыбай деген баласы бар еді,
Тоғалай дейтін ері бар…
Едіге енді қарады,
Алла деп ұран салады,
Екі жүз кісі қолменен,
Едіге кіріп барады.
Екі мың кісі қалмақпен,
Екі жүз кісі салысты, - деген жолдар бар(3). Едіге тіпті, ертеде болған. Ол 1390-1410 жылдары бүкіл Еділ-Жайықтағы ноғайды билеген тұлға, ал оның ноғай деп аталатын жұртты исламға кіргізгенін айттық. Сол үшін де дінге кірмеген көшпенді қалмақпен арадағы қатынас ушыққан күйде болған. Жырда кездесетін кісі аттарына қарасақ та қалмақтар  кәдімгі түркі қазақтың көне аттарынан көп парқы жоқ, негізі ноғаймен бір ел екені көрінеді.

Ноғайлар исламға кірсе де тәңір атауын тастамай, исламдағы Алламен бір деп түсініп, қатар қолданған. Сондай-ақ, ислам діні әулиелерінің аруағына да сыйынған. Бұл тұрғыдан оларды суфизм жолындағылар деуге болады.

Мысалы Едігенің ұлы Нұрадын жырында:

Ноғайлының ішінде,
Шынжырлы тұқым аз еді,
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас,
Тарығатын күн болса,
Баба түкті шашты әзиз,
Арғы атаңыз сол еді.
Тәңірі оңғарса сапарды,
Алыста болса барармыз.
Үш күндік жердің сыртында,
Жатады екен қалмақтар,
Аламыз енді мұны деп,
Сорлы болған ерді деп.
Қаза айдап келді деп,
Шабысты қалмақ бұл салды(4). Бұл жырда Едіге бағындыра алмай кеткен қалмақ пен оның ұлы Нұраддинніңде соғысқанын көруге болады.

Ноғайлы жырларында үнемі қалмақтармен жекпе-жек алдындағы өзара тілі алысуларға қарағанда, ноғай мен қалмақтың тілі де бір деуге болады. Өйткені қалмақ та, ноғайда бір ел, екіге бөліп тұрған діни сенім ғана.

Мысалы Мұса хан жырында:

Сонда Қосым сөйледі:
Мен қалмақ деген ел деді,
Атамның аты Қозан,
Тарттырамын ноғай сазаңды
Әкем аты хан Қозан,
Төбесі шоқты қалмақта
Белгілі артық ер еді(5)

Орақ Мамай:

Мамай тұрып сөйледі,
Болсада қалмақ жан шығар,
Олда шешесінен туылғанда,
Бала болған жан шығар(6).

Орақтың екі ұлы - Қарасай мен Қази да қалмаққа қарсы күрескен батырлар саналады. Кейінгі «Еркөкше», «Ер Қосай» жырларында да басты жаулары қалмақтар ретінде суреттеледі. Осыған ұқсас «Қамбар», «Ер тарғын» жырларында да басты жау қалмақ. Бұл жырларда сонау Тоқтамыс пен Едіге заманынан бері көп жырларда кездесетін әйгілі тұлға ол - Сыпыра жырау.

Сыпыра жырау 120 жастан асқан екен. Бұған қарағанда бұл жырларда 1350-1450 жылдарда болған оқиғалар айтылса керек. Бірақ бұл жырларда кездесетін кемшілік - қалмақ жұрты жаман образда суреттеледі. Тек қалмақты жеңген, қырған оқиғалар ғана айтылады. Бұдан тілі, салты, тіпті руына дейін бір халықты діни сенімге бола соншама жек көру жатқандығын көруге болады. Жырларда аз ноғай көп қалмақты қыруы былай тұрсын, жалғыз Тарғын бір өзі алты мың қалмақты қырады. Бұл мифтік әсірелеудің бір түрі. Ал ақиқатында қалмақ ешқашан ноғайдан жеңіле беретін ел емес қайта жауынгер ел болған.

Сондықтан тарихшылар бір нәрсенің ара жігін ашып алған дұрыс, ол болса 1580 жылдардан кейін татар аталған шығыстық моңғолдардан жеңіліп, қазақ даласына кірген төрт ойраттан бөлек, 14-17 ғасырларда Еділ мен Ертіс арасында өмір сүрген қалмақ атанған көшпенділерінің болғандығы. Олар ислам дінін қабылдамаған көшпенділер, оны Ресей және Еуропа деректері, ішінара түркі деректері де растайды.

Осыншама көптеген куәліктер мен XVII ғасырдың тек бірінші жартысында Дешті-Қыпшақта ойрат-қалмақтар пайда болды деген нақты мәліметтер XIV-XVI ғасырлардағы ойраттардан шыққан бүгінгі қалмақтар бір еместігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді.

Кестедегі 15 ғасырдың ортасында Әбілхайырдың қалмаққа жорық жасауы діни ғазауат болуы мүмкін, бұның есесіне 1456 жылы Әбілхайыр қалмақтарға көмектескен ойрат Өзтемірмен қалмақтың біріккен әскерінен ойсырай жеңіліп, масқара бітімге қол қояды. Бұның соңы өзбек атанған көшпенділердің даладан кетіп, Мәуераннахрды басып алуына алып келді.

1580 жылдардан кейін Тәуекел хан қалмақтарды қазақ ордасына қосып алғаннан кейін, оларға қарата исламдандыру саясатын жүргізеді. Қашқарлық Ысқақ Қожа Ишан арқылы жүзеге асырады.

«Хазырет ишан жарандарымен қырғыз-қазақ еліне келіп, ол жерлерде соншама кереметтер көрсетті: Дұғалармен өліктерге жан бітіріп, ауруларға шипа беріп, шөлдерден бұлақ ашып, бұдтардан калима-йи шариф дауысын келтіріп, сиректе ғажайып істер жасап, он бұдхананы сындырып 180 мың кәпірді иманға келтіру мүмкіндігін алады, тура жолға салады» (8).

Қалмақ ұлысының орналасу картасы

Тарихшылар аталған ғылыми мәселені аса қарастырған жоқ. 1967 жылы И.Я.Златкин: «Қалмақ атауы XIV ғ. бірінші жартысында Алтын Орданың исламдану процесімен байланысты», -  деп жазған. Ол бұл тұжырымды қалмақтардың пайда болуы туралы «Түріктердің шежіресіндегі» (Шаджарат ал-атрах) куәліктерге негіздеген еді. Бұл жерде «шамамен XV ғасырдың ортасынан бастап Қалмақ термині ойраттарды білдіреді», - деп жазған Н.В.Екеевпен келіспеуге болады(9).

Меркатор картасы. 1544 ж(10)

Осы деректердің барлығы да жоғарыда айтылған қалмақ 17-18 ғасырдағы торғауыт, яғни, Еділ қалмақтары емес екенін, жоңғарлар тіпті де емес екенін көрсетеді. Олар Алтын ордада Өзбектің тұсынан бері Тәуекел ханға дейін ислам дінін қабылдамаған түркі әрі түріктенген моңғол көшпенділері!

Әбілхайыр ханды Сығанақ түбінде ойсырата жеңуіне қалмақтар шығыстық ойраттармен бірге күш шығарған. Қазақ даласының көбін иелеген қалмақтар көрінеді. Олар біртіндеп Тәуке хан заманына дейін ислам дінін қабылдап, дені қазақ болып кеткенін көруге болады.

Көне дәуірдегі жауырыншы бақсылардан қалған жауырын. ҚХР. Алтай(11)

Әдебиеттер:

  1. Бабалар сөзі. 40- том. Батырлар жыры. 9- бет. Фолиант баспасы. 2006
  2. Бабалар сөзі. 39- том. Батырлар жыры. Едіге. 129- бет. Фолиант баспасы. 2006
  3. Бабалар сөзі. 50- том. 94-99- беттер. Фолиант баспасы. Астана. 2008
  4. Бабалар сөзі. 50- том. 108-111 беттер. Фолиант баспасы. Астана. 2008
  5. Бабалар сөзі. 50- том. 140-141 беттер. Фолиант баспасы. Астана. 2008
  6. Бабалар сөзі. 50- том. 159-160беттер. Фолиант баспасы. Астана. 2008
  7. https://abai.kz/post/39196
  8. Мұхаммед Садық Қашқари. Тазкира-йи азизан. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері 4-том. 70- бет. Қожа Ысқақ Уәлидің қырғыз-қазақ жерлерінде ислам таратуы
  9. Екеев Н.В. Об ойратах и калмаках периода средневековья и Нового времени (Исторические факты и их интерпретации)//Казахское государство и евразийское пространство: история и современность. Сборник материалов XI Евразийского научного форума. Астана. 2014. С. 121-126
  10. Дрёмов И.И. Калмаки Дешт-и Кыпчака XV-XVI вв. и средневековая Русь//Древняя Русь. Вопросы медиевистики. 2014. № 3 (57). С. 129-137.
  11. https://gallerix.ru/fullpic/c1dec01fbcb51bc3e67c1d950a92bb7b/
  12. Жартастар үн қатады. Байахмет Жұмабайұлы. 133-бет. Алматы. Үш Қиян. 2018

Ерзат Кәрібай

Abai.kz

6 пікір