Тоқаевтың АҚШ сапары: Әлемдік БАҚ не дейді?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапары осы аптаның ең көп талқыланған халықаралық оқиғаларының бірі болып, жетекші әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының кең назарын аудартты.
Жапонияның жетекші ақпарат агенттігі Kyodo News Тоқаевтың сапары C5+1 форматындағы саммиттің кеңейтілген ауқымда өткенін атап өтті. Агенттік Вашингтонның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған өсіп келе жатқан назарын ерекше атап көрсетті. Авторлардың пікірінше, Қазақстан АҚШ-тың маңызды серіктесі әрі өңірлік дипломатияның негізгі буыны ретінде өз ұстанымын нығайтып келеді.
Financial Times басылымы сапардың өнеркәсіптік және технологиялық күн тәртібіне басымдық берді. Басылымның жазуынша, Қазақстан – уран өндірісі бойынша әлемдегі жетекші мемлекет, сондай-ақ Вашингтонда стратегиялық маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға және құны 2 млрд АҚШ долларына дейін бағаланған жасанды интеллектке арналған чиптерді жеткізу жөніндегі Nvidia компаниясымен келісімге қол қойылғанын хабарлады.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Қазақстанның Авраам келісімдеріне қосылатыны туралы мәлімдеме болды. Бұл бастама Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге бағытталған халықаралық ынтымақтастықтың бір бөлігі болып табылады.
CNN телеарнасы бұл шешімді тарихи деп атап, Дональд Трамптың сөзін келтірді:
«Мен Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өте жақсы әңгімелестім. Менің екінші президенттік мерзімім кезінде Авраам келісімдеріне қосылған алғашқы ел – Қазақстан болды. Бұл халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңінің бастауы», — деді Трамп.
The Washington Post басылымы Қазақстанның бұл шешімін «негізінен символдық маңызға ие» деп бағалап, Астана мен Тель-Авив арасындағы 30 жылдан астам уақытқа созылған дипломатиялық қатынастарды еске салды.
Axios порталы бұл қадамның «Қазақстанның мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы көпір ретіндегі рөлін күшейтіп, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын» атап өтті.
The New York Times сарапшыларының пікірінше, Тоқаевтың бұл сапары бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызды оқиғаға айналып, Қазақстанның дипломатиялық ықпалының артып келе жатқанын және оның АҚШ үшін стратегиялық серіктес ретіндегі мәртебесін растады.
The Straits Times басылымы келіссөздердегі негізгі тақырыптардың бірі энергетикалық қауіпсіздік болғанын хабарлады. АҚШ тарапы Қазақстаннан уран мен өзге де стратегиялық маңызды минералдарды жеткізуді кеңейтуге мүдделілік танытқан.
Reuters халықаралық агенттігі Президент Тоқаев пен Президент Трамптың Ақ үйдегі кездесуін сындарлы және іскерлік ахуалда өтті деп сипаттап, келіссөздердің сауда, энергетика және технологиялар салаларын қамтығанын жеткізді.
Осылайша, Президент Тоқаевтың Вашингтонға сапары Қазақстанның көпвекторлы дипломатиясының символы ғана емес, сонымен қатар жаһандық жетекші серіктестердің бірімен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадам болды.
Abai.kz