Ақтаудағы ұшақ апаты: Алдын ала қорытынды жарияланды...
Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтау әуежайы маңында Әзербайжанға тиесілі AZAL ұшағының апатқа ұшырауы туралы алдын ала есепті жариялады. Алдын ала баяндама 53 беттен тұрады.
Құжатта: «Баяндамада ұсынылған ақпараттар алдын ала мәліметтер. Және ол барлық материалдарды зерттеу нәтижелері бойынша нақтылануы және толықтырылуы мүмкін», - делінген.
Сондай-ақ, арнайы тергеу комиссиясы жұмысы аяқталғаннан кейін, қорытынды есеп дайындалатыны айтылды.
АПАТТЫҢ БОЛЖАЛДЫ СЕБЕПТЕРІ:
Жарияланған алдын ала есеп бойынша, экипаж апатқа дейін артқы орындықтар аймағында қатты соққы мен жарылыс болғанын хабарлаған.
AZAL апатын зерттеп жатқан сарапшылар артқы фюзеляжда, ұшақ қалқанында, тұрақтандырғышта, сондай-ақ ұшақтың лифтінде және рульінде әртүрлі өлшемдер мен пішіндегі көптеген зақымдар келтірген бөтен заттарды анықтаған. Осыған ұқсас зақымдар сол жақ қозғалтқышта, ұшақтың сол жақ қанатында, гидравликалық жүйеде, сондай-ақ ұшақтың агрегаттары мен жекелеген бөліктерінде анықталды.
Сонымен қатар жарияланған есепте Грозныйдағы диспетчерлер экипажға «Грозныйда «Ковер» режимінің енгізілетіні» туралы апат алдында ескерткені де айтылған.
Ақтауда құлаған «Azerbaijan Airlines» компаниясының ұшағынан «бөгде заттар» табылған. «Ұшақтың сыртындағы бүлінген тесіктер сырттан бөгде заттар тигенін көрсетеді», - делінген баяндамада.
Естеріңізге сала кетейік, 25 желтоқсанда Әзербайжан әуе жолдарының Баку – Грозный бағытындағы жолаушылар ұшағы Ақтау әуежайының маңында апатқа ұшыраған болатын.
Әуелі ұшақ апатына басты себеп ретінде: Ұшақ қозғалтқышына құстың соғылуы деп атаған еді. Бұл Ресей БАҚ-тары таратқан нұсқа.
Кейін, желтоқсанның 26-сы күні Еуропалық «Euronews» телеарнасы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғанын хабарлады. Әзербайжан ақпарат құралдарының хабарлауынша, әңгіме ресейлік «Пантсир-С» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі туралы болып отыр. Бұл нұсқаны 27 желтоқсанда Ресейдің «Росавиация» агенттігіде мойындаған.
Онан соң Қазақстанда апатқа байланысты үкіметтік комиссия құрылды.
Ал 28 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке телефон соқты. Қоңырау барысында Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты мәселелер талқыланды. Путин Әзербайжан президентінен кешірім сұрады. Артында Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа да телефон соғып, ұшақ апатына қатысты көңіл айтты және апаттың жай-жапсарын талқылады.
4 қаңтарда бразилиялық тергеушілер Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктеріндегі деректерді зерттей бастағаны белгілі болды.
Қаңтардың 6-сы күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апатында Әзербайжан азаматтарының қаза болуына Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі деп мәлімдеді.
7 қаңтарда Бразилия қара жәшік деректерін сараптауды аяқтағаны белгілі болды. Ал 15 қаңтарда Қазақстан Бразилиядан алынған қара жәшік деректерін зерттеп жатқаны белгілі болды.
Abai.kz