Путинге арналған трибунал: ЕО Путинді соттамақ...
![](https://abai.kz/content/uploads/2025/02/Bez-nazvanija.png)
ЕО Путинді оның қылмыстары үшін соттау үшін арнайы трибунал жобасын мақұлдады.
Құжатқа осы көктемде қол қойылатын болады. Жаңа құрылым Халықаралық қылмыстық соттан мүлдем тәуелсіз болады.
- Ресей БҰҰ Жарғысын бұзып, Украина шекарасы арқылы танкілермен баса көктеп өтуге шешім қабылдағанда, ол ең ауыр құқық бұзушылықтардың бірі болып саналатын агрессиялық қылмысты жасады. Енді оның Украинадағы жасаған қылмысы үшін кінәліні жазалайтын қара қылды қақ жаратын сот төрелігі жасалады, - деді Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен.
2023 жылы 17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) оның прокуроры Кәрім Ханның сұрауы бойынша РФ президенті Владимир Путинді қамауға алуға ордер берді.
Ресейдің қазіргі президентіне қатысты әскери қылмыс - Ресейдің Украинаға басып кіруі барысында Украинаның оккупацияланған аумағынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялау жөніндегі айыптар тағылды.
Оған дейін ХҚС Судан президенті Омар әл-Башир мен Ливия билеушісі Муаммар Каддафиге айып тағып келген еді.
Путинмен бірге Ресей Федерациясының Президенті жанындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Мария Львова-Беловаға да қамауға алуға ордер берілді.
Reuters хабарлағандай, ордер берілгеннен кейін Путин мен Львова-Белова тұтқындалып, Рим статутын ратификациялаған 123 елдің кез келгені екеуін ХҚС-қа тапсыра алады.
Abai.kz