Бейсенбі, 6 Ақпан 2025
Мәдениет 112 0 пікір 6 Ақпан, 2025 сағат 18:28

«Болмаған балалық шақ» 27 ақпанда үлкен экранға жол тартпақ

Сурет: zhasalash.kz

27 ақпаннан бастап «Болмаған балалық шақ» фильмі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.

«Болмаған балалық шақ» – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің кейінгі жылдары бестселлерге айналған туындысы «Болмаған балалық шақ» шығармасының желісі бойынша түсірілген драмалық фильм.

Шынайы оқиғаға негізделген бұл туынды балалық шағынан ауыр тағдырдың сынағына түскен кейіпкердің өмірін суреттейді. Басты кейіпкер қиындықтар мен әділетсіздікке қарамастан, өз жолын табуға және адамдық қасиеттерін сақтауға тырысады.

Фильмде «Болмаған балалық шақ» шығармасындағы оқиғаларға негізделген сюжеттер көрініс тапқан. Оқиғаның шынайылығы мен кейіпкерлердің терең психологиялық бейнесі көрерменге үлкен әсер сыйлайды.

Сурет: Айдын Сахаман

Фильмнің бас продюсері автордың өзі – Ақберен Елгезек, режиссері – Айдын Сахаман, сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов. Кинотуынды 27 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Фильмдегі басты рөлдерді Ерлан Біләл, Берік Айтжанов, Әшім Ахметов пен жас актер Шәкәрім Алмасбек ойнады.

Айта кету керек, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып енген туындылардың бірі. Бүгінде кітап нағыз бестселлерге айналып, қалың оқырманға 40 000 – нан астам данасы таралған. Қазақ әдебиетінде көркем шығарманың дәл осындай ауқымды көрсеткішпен таралуы айрықша құбылыс. Сонымен қатар бұл шығарма жеке автордан әлемдік Amazon платформасында және АҚШ-тағы танымал тарихи Barnes & Noble интернет-кітап дүкенінде, AppStore, Playmarket платформаларында сатылып жатқан тұңғыш кітап. Жуырда аталған туындының аудионұсқасы әйгілі Audiobooks платформасында жарық көргелі жатыр. Кітаптың башқұрт тіліндегі нұсқасы Башқұртстан Республикасында жылдың үздік прозасы ретінде танылды. Сонымен қатар шығарма қырғыз, өзбек тілдеріне аударылуда. Осылайша шығарма көркем әдеби туынды ретінде кең таралып, қалың оқырманның, оның ішінде орта Азия кітапсүйерлерінің сүйікті кітабына айналды.

Сурет: Айдын Сахаман

Шығарма Қазақстанның үш бірдей театрында сахналанып театр көрермендерінің де ықыласына бөленгенін де айта кеткен жөн. Барлық театрларда шығарманың әр қойылымы аншлагпен өтті. Танымал ақынның шынайы өмірден алынған балалық шақ жайлы шығармасы әуелі көркем әдебиетке айналып, бестселлерлер қатарынан көрінсе, кейіннен театр туындысы ретінде өз көрерменін тапты. Ал бүгінде танымал шығарма экранизацияланып, отандық кино әлеміне сапарын бастады. Сүйікті шығармаларын театрдан көрген көзі қарақты көрермен «Болмаған балалық шақты» енді ел кинотеатрларынан тамашаламақ.

Дереккөзі: Жас Алаш сайты

Abai.kz

0 пікір