Сәрсенбі, 12 Ақпан 2025
46 - сөз 620 6 пікір 10 Ақпан, 2025 сағат 13:54

Апат туыс халықтарды біріктірді

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

Путин ресми түрде Әзербайжан ұшағы үшін кешірім сұраудан бас тартыпты. Бұл жөнінде Әзербайжан БАҚ-тарында айтылғанындай, РФ осы ұшақ апаты үшін жауапкершілікті өз мойнына алуы керек деген ұсынысқа жауап ретінде Путиннің пресс-хатшысы Песков мәлімдеген.

Сөйтіп теп-тегіс жерден РФ өзіне біршама дос мемлекетпен арақатынасын үзді. Арғы түбінде менсінбеушілік, имперлік пиғыл жатыр. Тек... күш көрсетуге шамалары келмей тұр, әйтпесе соғыс салуға да дүздері жанбайды, Украина олардың әбден сілікпесін шығарды.

Бұл бізді тіпті қиын жағдайға қалдырды. Не істеуге болады? Не де болса көлік министрі бар шындықты айтып салуы керек. Әрине, құрбандыққа шаламыз, басқа амал жоқ. Екі қолға бір жұмыс табылар. Есесіне Әзербайжан халқымен дос қалпымызда қаламыз.

Осыған байланысты тағы бір ой айтқым келіп отырғаны. Ұшақтың тура Маңғыстау жеріне құлағаны қазақ еліне үлкен абырой әпергені шындық. Егер Қазақстанның басқа жеріне құласа не болар еді? «Тиктокта» Қалила деген кинорежиссердің әрі оператордың видеоларын көріп жүрген боларсыздар. Сонда ол өткен көктемдегі су тасқыны кезінде маңғыстаулық таксилердің адамдарды тегін тасығаны, маңғыстаулықтардың оларға көмекті үйіп-төккені туралы айтып көзіне жас алады. Алматыдағы жер сілкінісі кезінде таксистердің бағаны күрт көтергендерімен, немесе далада қалған шопырларға оңтүстік өңірдің бір елді мекенінің халқы бір бөлке нанды мың теңгеден, бір бөтелке суды бірнеше есе бағаға көтеріп сатқанымен салыстырады. Маңғыстаулықтарда адамгершілік қағидасы әлі жойылмағанына ризашылығын жасырмайды. Онысына рахмет! Айта кету керек - Қалила біздің жерлесіміз емес, сол оңтүстіктің адамы болуы керек.

Біздің сол бауырмалшылығымыздың пайдасы бүкіл қазақ еліне тиіп жатыр деп айта аламын. Бұған ешкім де ренжімесін, мен біреудің намысына тиейін деп, немесе басқа бөтен оймен жазып отырғаным жоқ. Абырой бәрімізге ортақ, бәріміз бір атаның баласымыз, тек менталитетімізде аздап айырмашылықтар болуы мүмкін, бірақ бұл тәрбиемен түзеліп кететін нәрселер деп ойлаймын.

Енді қандай пайда дегенге жауап берейін: жақында біреулер Бакуде Ақтауға ұшайын деп тұрады, қол жүктері 5кг асып кетеді, сол кезде әлгі әуежай қызметкерлері кімсіңдер дейді ғой. Бұлар қазақтармыз, Ақтауға ұшқалы тұрмыз дейді. Сонда әлгілер: Ооо Ақтау! Қазақтар! деп қуана бір-біріне қарап бұлардың жүктеріне қолдарын бір сілтеп, өте беріңдер дейді. Міне, сәл нәрсе болса да достық деген осындайдан басталады. Ал тиктокта қазақ елінің жалауын көтеріп, қаншама жылы сөздер айтылып жатыр! Тіпті «Нафталан» санаторийінің басшысы сөйлеп, бізге келіп демалып кетіңдер, қазақтар үшін үлкен скидка жасаймыз деп жатыр, осының өзі абырой емес пе? Бұрын Қазақстанды жүрдім-бардым танитындар, ал Ақтау деген қала барын бірінші рет естіп тұрғандарға Әзірбайжанда біраз танымал болып қалғанымыз рас. Бұған басшылықтың қатысы қаншалықты екенін білмеймін, бірақ халықтық дипломатия дегеніміз меніңше осы!

Енді осы сөздерден кейін біз осы нәзік сезімдерімізді үзіп алмасақ деп уайымдаймын. Орыстан сескеніп басшыларымыз осынау істе өтірік айтатын болса онда бәрі бос сөз болғаны. «Дос көңілі бір атым насыбайдан қалады» демекші, әзірбайжандар бір теріс қарап кетсе өзіңе қайта қарату мүмкін болмай қалуы мүмкін. Терістіктегі жауыз көрші бізді туыс халықтан айырмаса деген тілек қой...

Қуаныш Еділхантегі

Abai.kz

6 пікір