Сәрсенбі, 12 Ақпан 2025
Қайраткер 148 0 пікір 12 Ақпан, 2025 сағат 12:16

Сейдолла Бәйтерековтың туғанына-80 жыл  

Сурет: Егемен Қазақстаннан алынды

Сейдолла Байтереков – көптеген орындаушылардың жолын ашқан қазақстандық композитор. Сахнада 50 жыл орындалып келе жатқан «Әлия» әнін орындаған Роза Рымбаева небәрі 19 жасында бүкіл Кеңес Одағына танымал болды. Сондай-ақ Нағима Есқалиева, Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев және Медеу Арынбаев сынды отандық жұлдыздар Бәйтерековтің әндерін орындады. Ол биыл 80 жасқа толар еді.

Сейдолла Байтереков – қазақ музыка өнеріндегі бірегей құбылыс, оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылды. «Әлия» әніне биыл 50 жыл толып отыр. Композитор 1945- жылы Түркістан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. Сөзі аз, әдепті адам еді. Ол өзінің ішкі жан дүниесін бағалап, көп сөзден гөрі бар жігерін әнге салуды жөн көрді. Ол небәрі 53 жасында қайтыс болды.

Бірақ артына мол мұра қалдырды. Ол орындаушыларға ғана емес, көптеген театрландырылған қойылымдар мен фильмдерге де музыка жазды. Қазақта «ән құдіреті» деген ұғым бар. «Әлия» – осы құдіретке толы шығарма. Оны композитор небәрі 28 жасында жазған. Роза Рымбаева Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған бұл әнді 1977-жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» халықаралық фестивалінде орындап, бас жүлдені жеңіп алды. Ол бұл туралы былай деді: «Сейдолла Байтерековтың да, менің де өнерге жолымды ашқан ән – «Әлия».

«Әлия» музыка әлеміне ғана емес, бүкіл қазақ халқына көп нәрсе берді. Өйткені, Әлия Молдағұлованы мадақтаған ән Кеңес үкіметі тұсында қазақ халқының рухын көтерді. Сондай-ақ, «Әлия» әні бүкіл Кеңес Одағына танымал болғаннан кейін қазақтар арасында қыздарға бұл есімді қою кеңінен тараған. Ең бастысы, «Әлия» кеңестік байқауларда орындалып, осындай биікке жеткен тұңғыш қазақ әні болды.

Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова сынды қазақ музыка өнерінің жарық жұлдыздары жарыққа шығып, кең танымалдыққа ие болуы да композитор Сейдолла Бәйтерековтың арқасында болды. Нағима Есқалиева «Күнге табыну» әнін, Ермек Серкебаев «Дос туралы жыр», «Өмір-өмір» достық әнұрандарын, Әлібек Дінішев «Мөлдір сезімді» орындады.

Бағдат Сәмединова «Сарыарқа», Мақпал Жүнісова «Бір болайық» әнін шырқады. Сонымен қатар, композитордың көптеген танымал әндері халық жадында қалды. «Түркістан», «Кентауым», «Өмір-Өмір», «Мөлдір сезім», «Жаңбырлы түн», «Кездер-ай», «Түсінбедім», «Бір болайық», «Сағындым дауысыңды», «Аралдан ұшқан аққулар», «Аман бол» – мәңгілік жырлар!

Алдағы уақытта Бәйтерековтің 80 жылдығына орай Астана мен Алматы қалаларында концерт өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл «Әлия» әніне 50 жыл, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойларды біз лайықты атап өтуіміз керек. Сондай-ақ атақты композиторлар өмірден өтіп кетсе де, олардың әндері заңды түрде балаларының мұрасы болып қала береді.

Авторлық құқық туралы заң бойынша заңды өкілдерге әндерді пайдаланғаны үшін белгілі бір сома төленеді. «Әлия» әнінен бөлек, Бәйтерековтың басқа да көптеген туындылары әлі күнге дейін сахнада айтылып, мерекелерде, караокейлер де орындалып жүр.

Сондықтан біз Бәйтереков әндерінің авторлық құқығынан қандай да бір қаражат түсіп жатыр ма деп сұрау салғымыз келеді.

Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымдарының кандидаты,

С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті

Abai.kz

 

0 пікір