Дүйсенбі, 31 Тамыз 2026
Өзекті 262 0 пікір 31 Тамыз, 2026 сағат 16:31

Қазыбек Иса неге Құрылтай тізіміне енбей қалды?

Сурет: qazaquni.kz сайтынан алынды.

Ертең жаңадан сайланған Құрылтай өз жұмысын бастайды. Аталған Құрылтайдың жаңа тізімінде ел білетін, халық үшін жұмыс істеуге пейіл Абзал Құспан, Еділ Жаңбыршин, Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи сияқты депутаттар жоқ екені белгілі. Біз оларға жеке-жеке хабарласып, не үшін Құрылтай төрінен көрінбегенін сұрап, пікірін оқырманға ұсынамыз.

Әрине, сайлау болғасын, оның бәсекелік қуаты да жоғары болары анық. Бұрын Мәжілісте жұмыс істеген депутат Қазыбек Иса «Неге Құрылтай тізіміне енбей қалды?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз.

«Неге сайланбай қалды?!» деп, елдің іздеп жатуының мәні зор! «Неге сайланады?» дегеннен Құдай сақтасын! Кешегі сайлауда қолдау білдірген, бүгін әлеуметтік желіде іздеп, «Қазыбек Иса қайда?» деп сұрап жатқан, ақ тілегін айтып, қолдап  жатқан  әрбір азаматқа алғысым зор. Сіздердің құрметтеріңіз зор қуат береді. Халқымның қолдауы мен ыстық ықыласы және зор сенімі – мен үшін қандай мандаттан да, мансаптан да жоғары, Алланың ең үлкен сыйы! Өйткені, қайда да, қашан да сол халқымның мүддесін қорғау жолында Ұлтқа қызмет етіп келемін.

Жаңа Ата заңымызға сай қазір елімізде жаппай  жаңару үрдісі жүріп жатыр.  «Ақ жол» партиясының елге белгілі Парламент депутаттары болған Азат Перуашев, Қазыбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Серік Ерубаев, Берік Дүйсембиновтер,  біз енді Жаңа заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттығында  жаңа адамдар мен жастарға қолдау жасап, орын бердік. Жаңа тізімде «Ақ жол» партиясы құрылғаннан бері аймақтардағы филиалдарын басқарып, халықпен араласып келе жатқан, еңбекпен шыңдалған,  өз істерінің нағыз мамандары ретінде танылған лайықты өңір  өкілдері бар. Жаңадан сайланған тұңғыш  Құрылтай депутаттарын құттықтаймыз. Халық алдындағы жауапкершілігі мен міндеті зор істе ақ жол тілейміз.

Менің Тәуелсіз қазақ елі үшін саяси жұмысым «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары ретінде де, ұлтшыл қоғам қайраткері, көсемсөз журналисі, көркемсөз ақыны ретінде  жалғаса береді», - дейді ол.

Ал  «Мәжілістегі жұмысына қандай баға бересіз?» деген сұрағымызға экс-депутат былай деп жауап берді:

«2007 жылы алғаш рет партиялық  тізіммен сайланған Парламент Мәжілісі сайлауында тек қана жалғыз «Нұр отан» партиясын өткізген еді. Сол кезде Әлихан Бәймен басқаратын «Ақ жол» партиясы тізімімен Парламент Мәжілісі депутаттығына түскен біз ел ішінде сайлауда күресіп жүріп, сайлау учаскелерінде заңды белден басқан айқын бұрмалауларды өз көзімізбен көрген едік. Мұндай заңсыздыққа, әділетсіздікке  шыдамай, «Қазақ үні» газетінің 2007 жылғы 27 тамыздағы санында: «Елбасыға ел сенімі біткен сайлау болды: Қырық бір қиянат» деген тақырыппен, сайлауда болған 41 заңсыздықты көрсетіп, өткір мақала жаздым. Кейін Парламентте экс-президентке байланысты мәселелер көтергенімізде («Тоқсаныншы жылдардағы мұнай келісімдері Назарбаев үшін зор келісім болғанмен, халыққа қор келісім болды», «Елбасы атауларын заңдардың бәрінен алып тастау керек!», «Тәуелсіздік ордасы болған Жоғарғы Кеңес ғимаратын отбасыдан мемлекетке қайтару керек», «Тіл туралы заңдағы  қауқарсыз бейшара баптарды елбасымен бірге зейнетке шығарып жіберу керек») мәселенің мәнісіне бармай, мәтінді оқымай жатып, «Бұрын неге айтпадың?» деп, шаужайыңа жабысып, шапылдай жөнелетіндерге осы бұрынғы, 2007 жылы елбасының қылышынан қан тамып тұрғанда жазылған газет мақаласының скринін көрсетіп, ауыздарын жапқан едік.

Ал 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шардара, Арыс, Отырар және Жетісай ауданының бір бөлігін қамтыған бір мандатты сайлау округынан билік ұсынған Мәжіліс депутатымен бірге сайлауға түскенде, алдын ала әділ сауалнама бойынша  алда тұрғанымды көріп, облыс әкімдігі «Отан» партиясына өтуді ұсынды. Мен бас тартып, сайлауда 83 пайыз айқын басымдылықпен жеңіп тұрғанда сайлаудан құлатты. Біздің округтың нәтижесі өзге округтардан үш күннен кейін жарияланды. Сол кезде «Халық сайласа да, билік сайламады!» деген мақалам еліміздің «Заң газеті», «Жас Алаш» бастаған оншақты газетке жарияланған еді…

Ал кеше ғана өткен, партия тізімімен сайланған Құрылтай сайлауында Құдайға шүкір, бес партия сайланды. Енді бұл сайлаудың қалай өткені туралы сайлау учаскелеріндегі дауыс беруге тікелей қатысқан бақылаушылар айта жатар», - дейді Қ.азыбек Иса.

Дайындаған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір