Қазақстан Түркияға ет сатады

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Түркияның ветеринарлық қызметімен ет экспорты бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
- Түркияға негізгі экспорттық өнімдер арасында дәнді және бұршақ дақылдары бар. Ал Түркиядан келетін импортта көкөністер, жемістер, жаңғақ және басқа да дақылдар қамтылған, - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Сенат отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, қазір Түркияға ет және ет өнімдерін экспорттауды ұйымдастыру жұмыстары атқарылып жатыр.
- Соның аясында Түркияның ветеринарлық қызметімен тиісті жұмыстар пысықталып отыр. Түркияға ет және ет өнімдерін экспорттауға баратын кәсіпорындардың тізімі жасалады, - деді вице-министр.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.
Abai.kz