Сенбі, 22 Ақпан 2025
Әдебиет 474 1 пікір 22 Ақпан, 2025 сағат 13:18

Мәңгілік мекенің пейіштен бұйырсын, Классик!

Сурет: sn.kz сайтынан алынды.

Редакциядан: «Abai.kz» ақпараттық порталы қазақ прозасы мен драматургиясының классигі Дулат Исабековтің қазасына қайғыра отырып, жарты ғасырдан астам қаламгердің шығармасымен сусындап өскен неше буын қалың қауымға, жазушының отбасы, туыс-туғандарына оқырмандары атынан көңіл айтады.

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

– Дулат Исабекұлы ұлағатты ғұмырын ұлт әдебиетіне арнаған, тағылымды туындыларымен оқырман санасына шамшырақ бола білген нағыз дегдар тұлға еді. Халқымыздың рухани әлемін байытуда, ұлттық прозамыздың көкжиегін кеңейтуде аянбай тер төгіп, өнегелі өмір сүрді. Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді. Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын!

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

– Қадірлі қауым! Қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын.

Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды.

Ағамызбен біз де көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болдық. Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық.

Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей.

Дегенмен, қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай береріне сенеміз.

Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын.

Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын!

Сурет: turksoy.org сайтынан алынды.

Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ-дың Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы:

– Дулат ага… Казак адабияты менен театрынын залкары Дулат Исабековдун о дүйнө салганын угуп жүрөгүбүз ооруп турат. Дулат агабыз казак адабиятынын бүтүндөй бир доору эле, арабыздан Дулат агабыз эмес, бир доор кетти… Улуулар узап, арабыз суюлуп барат… залкарлар кетип, заманыбыз таарып барат…

Акыркы жолу Дулат агам менен Казакстан жазуучулар союзунун 90 жылдыгында өзү менен жолугуп, колун кысам, акыркы жолу Астанадан «Каухартас» спектаклин көрүп кол чаптым эле! Сөз өнөрүнүн устасы, казак маданиятынын Каухары Дулат агабыздын кабары жүрөгүбүздү эңшерилтип турат… таланттар улуттун рух чокулар. Бүгүн бир гана биртууган казак руханиятынын гана эмес, жалпы түрк дүйнөсүнүн рух тоосу кулап отур… Агабыз бу дүйнөдөн өтсө да, артынан эч качан, эч кулабас Улуу сөзү калды, Улуу мурасы калды, ал Ыйык, ал эч качан кулабайт! Рух жашооңуз түбөлүк болсун, Дулат ага!

Сиз дайыма эстутумубузда түбөлүк жашай бересиз…

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Ермұрат Бапи:

– «АҚЫРАМАШТАН НАУРЫЗҒА ДЕЙІН» жете алмай; «ДЕРМЕНЕ» дәмі дүйімге дәру болса да, дертіне дауа болмаған; жұмыр басты пендеге «ТІРШІЛІК» мәңгі тұрмасын түйсіндіріп, «ҚАРА ШАҢЫРАҚ» астындағы қазақтың қоңыр тірлігін суреттеген; «МҰРАГЕРЛЕР» дәстүрімен ұрпаққа ұлағат айтар «ШАЛДАР» мен «КЕМПІРЛЕР» табиғатын құдіретке балаған; Совет Одағының қылышынан қан тамып тұрған заманда кейіпкерлері кешкен өмірді саяси жүйелік «КОНФРОНТАЦИЯ» тақырыбында танытып; коммунистік қоғамның қарама-қайшылығын «СОЦИАЛИЗМ ЗӘУЛІМІ арқылы басқадан бұрын бейнелей білген; өнердегі тоқыраудың соңы «ҚАРҒЫН» судай бой бермей, өзеріске бастап әкелерін повестік пайыммен оқырманына жеткізген; «ГАУҺАР ТАС» біткеннің бәрі жүректің жауһары бола алмасын тағдыр тақырыбы қылған; біздің қазанама сөзімізде бас әріппен жазылған шығармалары арқылы көзі тірісінде өзіне «ЕСКЕРТКІШ» тұрғызып; ақыр соңында «СҮЙЕКШІ» қазаққа да қорымдық қызмет қалдырып; қазіргі қазақ әдебиетінің бір қабырғасын үңірейтіп кеткен; ендігі аруақ руһы қайраңдағы қазаққа «ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТШІСІ» болғыр, қайран Дулат аға!

Қош! Мәңгілік мекенің пейіштен бұйырсын, КЛАССИК!

Сурет: A.Мұқибектің парақшасынан алынды.

Ауыт Мұқибек:

– Дулат аға Ұлы көштің шын мәніндегі қамқоршысы еді. Кері қайтқалы тұрған қандастары туралы бір кезде Тұңғыш Президенттің алдында қасқайып тұрып сөйлеп еді. Ол туралы мен «Шәріпхан Қайсар» деген бүркеншек атпен порталына мақала жазып, мақаланы Дәурен Қуат жариялап еді.

Осы мақалам арқылы мені атақты Ермұрат Бапи ағам тауып алып еді.

Сөйткен Дулат аға да өмірден өтіпті.

Алып ағалар бірімен бірі шекісе қалса, қалың далбақбайлар шуылдап шыға келіп, шетінен ұлттың ұйтқысы болып, ақыл айта кетуші еді.

Міне, сол ұлттың намысын қорғап, тірегі болып келген ардақты ағалар шетінен кетіп жатыр.

Ағалар бірімен бірі шекісіп тұратын.

Біз үшін олардың сол шекіскендерінің өзі үлгі еді.

Себебі, билік басында отырған інілерімізге шекара сыртында қалған миллиондаған жұрттың тағдырына қатысты ұсыныс жасап, ол ұсыныс орындалмаған соң екі ауыз сын айтсақ болды, сол інілеріміз өзіңмен қоса, сол қауымға өшіге кететін, оларды биік мінбеден жамандататын, келуіне заңмен кедергі жасайтын жағдайға жеттік.

Інілерде ІРІЛІК жоқ!

Керісінше, ҰСАҚТАП барады!

Осыны көргенде, ардақты ағалардың ШЕКІСКЕНДЕРІН де сағынады екенсің.

Ағалар қанша шекіскенімен, бірін-бірі іштей мойындайтын, жамандыққа қимайтын. Ең бастысы, біріне бірі ҚАСТАНДЫҚ жасамайтын.

Мысалы мен Мұхтар Мағауинді өте жақсы көрдім. Өксігім әлі басылмай жүр.

Бірақ Мұхтар Мағауин сынады екен деп, Шерхан Мұртаза мен Дулат Исабекті ешқашан жек көрген емеспін!

Екеуі де ЕР болатын!

Дулат аға! Алла алдыңыздан жарылқасын! Біз Сізді ұмытпаймыз!».

Abai.kz

1 пікір