Сейсенбі, 25 Ақпан 2025
Ғибырат 177 0 пікір 25 Ақпан, 2025 сағат 16:28

Алыптар кетіп жатыр: Бір дәуір көшіп барады...

Сурет: madeniet.art сайтынан алынды.

АЛЫПТАР КЕТІП ЖАТЫР - ӨМІРДЕН ДУЛАТ ИСАБЕКОВ ТЕ ӨТТІ…

БІР ДӘУІР КӨШІП БАРАДЫ…

Қазақтың классик жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиеті мен драматургиясын дүниеге танытқан дүлдүліміз Дулат Исабековтің де соңғы сағаты соғыпты…

Ұлттың сөзін сөйлеп өткен ұлы жазушымызбен бірге бір дәуір көшіп барады…

Алыптардың бізді тастап кетуі жалғасып жатыр… Мұзбалақ Мұқтар Мағауин мен ғұлама тарланымыз Мекемтас Мырзахметовтен айрылғанымыз кеше ғана еді…

Қайран, бітімі бөлек, біртуар тұлғамыз Дулат көкем-ай!

Өткенде ғана көңілін сұрап барғанда сау күніндегідей өткір әзілімен күлдіріп отыр еді…

Қаралы хабарды мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш ағамыз айтты. Өзі жаңа ғана Шымкенттен белгілі журналист Өмірзақ Ақжігіттті соңғы сапарға шығарып салып келіп, Астанадағы үйіне кірген беті екен…
Қайта жолға жиналып, Алматыға таңғы жетіде жеттік!

Дулат Исабековтың қазасына байланысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады. “Қуатты қаламынан туған сүбелі шығармалары, драмалық еңбектері әлем сахналарын бағындырып, дүние жүзіне киелі сөз өнерімізді дәріптеді.

Соңына әдеби мол мұра қалдырған Дулат Исабекұлының жарқын бейнесі мен ардақты есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады”, - деп жазушы еңбегін жоғары бағалады мемлекет басшысы. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов, ҚР Премьер-Министрі О. Бектеновтер көңіл айту хатын жолдады.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де парақшасында Дулат Исабеков туралы жүректен шыққан көңіл айту жазбасын жариялады.

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев жазушы шаңырағына кіріп, көңіл айтып, Дулат ағасымен кездесулеріндегі қызықты сәттерді әңгімелеп берді.

Дулат Исабековтың кітабы көлігінен түспейтін, телеграм каналында “Қазақ Шеспирінен айрылдық” деп жазба жариялаған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев ұлы жазушымен қоштасу үшін Астанадан таңертең арнайы ұшып келіп, ұшып кетті! Алла жар болсын!

Әділетті Қазақстанда алдыңғы қатарда «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын Жұлдызын» алған жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков қазақтың аты әлемге әйгілі дүлдүл қаламгері еді...

ҰЛЫ ЖАЗУШЫНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫБРИТАНИЯ

Дулат Исабековтың 75 жасқа толған мерейтойын Ұлыбритания Қазақстаннан бұрын, апталық жасап атап өтті.

Ұлыбританиядағы Лордтар палатасында сөйлеген тұңғыш қазақ Дулат Исабеков.

Сонымен бірге Лондондағы ұлттық кітапханаға кітабы қойылған тұңғыш қазақ жазушысы.

Ұлыбританияда 2014 жылы және 2015 жылы қатарынан Дулат Исабековке арналған апталық өтіп, 2017 жылдың 1-7 қазан аралығында Лондон қаласында жазушының 75 жылдық мерейтойына орай «Қазақ өнерінің фестивалі» деген атпен театр фестивалі ұйымдастырылды. Яғни, Ұлыбритания қазақ жазушысына арнап 3 рет апталық фестиваль өткізді.

Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» атты қойылымын тұңғыш рет қазақ тілінде ағылшын көрерменіне көрсетілді.

2017 жылы 4-қазан күні Pajarito театры Д.Исабековтің «Аққу-Жібек» пьесасын ағылшын тілінде сахналады.

Жалпы, 2014 жылдан 2023 жылға дейін тек Ұлыбританияда, Лондонда Дулат Исабековтың 7 рет шығармалары ағылшын тілінде басылып шықты. 2 рет спектаклі қойылды. Яғни, Ұлыбритания 9 жылда 9 рет Дулат Исабековтың шығармасын шығарып, 3 рет апталық фестиваль өткізді.

ӘЛЕМДІ ШАРЛАҒАН ШЫРАЙЛЫ ШЫҒАРМАЛАР

2023 жылы Түркияда «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты кітабы түрік тілінде шығып, оған 4 повесть енді.

Түркияда шығатын танымал «Temrin» әдеби журналының бір саны түгелдей Д.Исабековтің шығармашылығына арналды.

2020 жылы Швецияның астанасы Стокгольм қаласында швед тілінде «Аптапты күн, үскірік жел, дүрбірлі дала» деген атпен тұңғыш рет шығармалар жинағы «Gun Förlag» баспасынан жарық көрді.

Жазушының шығармаларын тәржімалаған белгілі шведтік аудармашы Бенгт Самуэльсон. Стокгольмдегі тұсау кесері 2021 жылдың мамыр айында өтті.

Қазіргі қазақ әдебиетін шет елдер Дулат Исабеков есімі арқылы тануда…Дулат Исабеков шығармашылығына қызығушы елдер жыл сайын артып келеді.

Былтыр 2024 жылы да Швеция астанасы Стокгольм қаласында «Исабеков әлемі» атты әдеби кеш өтті.

Бұған дейін Ұлыбритания,, Австралия, Корея, Түркия, Болгария, Грузия, Ресей елдерін баураған туындылар, ендігі жерде Скандинавия елдерінде де өз бағасын алды.

“БӨРТЕ” ӘЛЕМДІ АРАЛАП, “ГАУҺАРТАС” РЕКОРД ЖАСАДЫ

Иә, Дулат Исабековтың драмалары Еуразияны еркін аралап жүр. Әлем назарын аударып отырған үздік драмасы «Бөрте» спектаклі Австралияда да қойылды.

Бұл драма қазір бірнеше ел сахнасына дайындалып жатыр. Кезінде жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан қаһарлы қылышымен жетпеген жерге Дулат Исабектің құдыретті қаламымен жетуде Бөрте екеуі.

«Гаухартас» пьесасы қойыла салысымен бір жарым жылда 222 рет қойылды, барлық қойылым аншлагпен өтті. Бұндай көрсеткіш Қазақстан үшін рекорд болып саналады.

Қазір қаншасыншы рет қойылып жатқанын бір құдай біледі… Парламент депутаттары, біз әлі билет таппай жүрміз, екі-үш ай бұрын алып қоймасаңыз, билет жоқ…

БИЫЛ НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНЫЛҒАН ЕДІ…

Тәуелсіздік алған осы жылдарда әлемдік Нобель сыйлығына 2016 жылы ұсынылған қазақ әдебиетінің классигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтен кейін биыл Дулат Исабеков ұсынылып отыр еді… Қазақ әдебиетінен басқа ешкім бола қойған жоқ… Өйткені, 30 жыл бойы билік бір адамның ғана Нобель сыйлығын алуы үшін жұмыс істегені белгілі ғой...

Дулат Исабековты Нобель сыйлығына сол Нобельдің отаны Швециядан бастап, Корея, Түркия, Грузия, Түрксой Жазушылар одағы секілді шетелдік ұйымдар бастап, Қазақстан Жазушылар одағы қостап, 9 ұйым атынан ұсынылған еді...

Дулат Исабековтың драмаларын оқыған Грузияның Мачабели атындағы Цчинвали кәсіби мемелекеттік драма театрының режиссері Гоча Капанадзе: «Исабековтың тек «Актриса» пьесасының өзіне ғана Нобель сыйлығын беруге болады», - деп жазды.

Енді, міне, қазақ жазушысы әлемдік Нобель сыйлығын алып, дүниені дүбірге бөлеп жатса, ең алдымен Ел мен Ердің мерейі болады емес пе деп қазақ халқы тақымын қысып жүрген еді, ажалға амал жоқ, үмітімізді үзіп кетті...

ҚАЗАҚТЫҢ МҮДДЕСІН ҚОРҒАП, СӨЗІН СӨЙЛЕДІ

Ұлттық мүддеміздің қорғаны болған Дулат Исабеков қай кезде де ақиқатты айта білді. Халық сөзін сөйледі. Елімізді, жерімізді, тілімізді, ділімізді қорғады.

2011 жылы Жаңаөзен қырғынында ең алғашқы болып, елдің сөзін айтты…
“Айлығын сұраған жұмысшыны ату деген қайдан шыққан?!” - деп айқай салды…

Мемлекеттік тілдің заңды қақын талап етті! Анау бір жылы Моңғолиядан келген қандастарымыз елден пана таппай қайта көшпек болғанда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылтайында сол кездегі президентке “Елім деп келген қандастарымыз елінен пана таппай, осылай қайта бере ме? Бұған кінәлілер қатаң жауап беруі тиіс!”-деп әділеттілікті талап етті. Қазақ көшіне қайта қарқын біте бастады содан соң…

КӨРДЕН АП ҚАЛҒАН КӨРШІ КЕМПІРГЕ ҚАРЫЗ ЕЛ…

Дулат Исабековтың өмірінде оқыс оқиғалар көп. Солардың бірі - ол бір-екі жасында қатты ауырып, демі шықпай қалып, ел өлдіге санағаны. Көрін де қазып дайындап қойып, енді жерлеуге алып шығар алдында бір көрші кемпір кебінге орап тастаған кішкентай сәбиді көргісі келіп, бетін ашыпты. Сөйтсе, сәби кемпірдің бетіне қарап күліпті… Шалқасынан құлай жаздаған кемпір үйге айқайлап кіріп келіп, қуанышты жария етіпті. Солай қаралы жиынның аяғы тойға айналыпты.

Мен Дулат ағамыз 70 жасқа толғанда жазған “Исабеков әлемі” деген өлеңімде осы оқиға да айтылады:

Сәбиді жансыз тұрса да күтіп кәрі жер,
Тәңірден үкім болмаса, өлмес тәрізі ер...
Жерлемес бұрын...
Көрем деп сені соңғы рет,
Көрден ап қалған.. көрші кемпірге қарыз ел...

Иә, көрі қазылып, жерлегелі тұрғанда, болашақ ұлы жазушыны аман алып қалған көрші кемпірге қазақ елі қарыздар… Негізі сол кейуананың аты-жөнін айқындау керек еді… Пейіште рухы шалқи берсін.

АЖАЛДЫ ДА ҚАСҚАЙЫП ҚАРСЫ АЛДЫ…

Өткенде көңілін сұрай барғанда, саумал ішіп, басын көтеріп, тәуір боп қалған екен. Шолпаннан бастап, саумал тасып жүрген інісінің ұлы Айтжан бауырымыз барлығы қуанып жүр, төсектен тұрды деп.

Қалжырап отырса да, қалжыңдап отырды әдеттегідей. Өзі қиналып отырып, елдің жағдайын, тілдің жағдайын сұрап қояды. Мен 2022 жылы парламентте Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен депутаттық сауал жасағанда, қолдаған ұлт зиялыларының ішінде ең алдымен Дулат Исабеков мақала жазып еді. Тіл тәуелсіздігін талап етіп талай мақала жазды. Әңгіме осы тақырыпқа ауысқанда «Бұрын кеңес одағы дедік. Енді, Тәуелсіздігімізге отыз жылдан асса да, Мемлекеттік тіліміз туралы заң қабылданып, қазақ тілінің төрге шыққанын көре алмай кетіп барамын» деді күрсініп.

«Мемлекеттік тіл туралы заңды жүзге жуық жасқа дейін күтсе де, Әбдіжәміл ағаңыз да көрмей кетті... Енді ертең барғанда сізден ең алдымен соны сұрайтын шығар... Ел аман болса, босағадағы тілді де төрге шығарамыз»-дедім мен ағамызды жұбатып.

Өмірі аузынан тастамайтын достарын да әдеттегідей әзілмен қағытып өтті.

- Осы бір ауру қайдан пайда болды? Ол неге Төлен мен Бексұлтанға бармай, тіке маған келді? Соны ойлап, бас қатырып отырмын-деп, тағы бір күлдірді.

- Қай кездегідей де, құрдастарыңызды қимай отырсыз ба? - деп біз де қалжыңға айналдырып жатырмыз…

Біраз уақыттан кейін белгілі қаламгерлер, өзі басқарған “Мәдениет” журналында талай жыл орынбасары болған Мырзан Кенжебай інісі мен Нұрлыбек Саматұлы бауырымыз да көңілін сұрап келді. “Басқа келсе де, сен келмейтін шығарсың” деп едім”, - деп Мырзекеңе қалжыңдады. Бәріміз шүйіркелесіп әңгімелесіп қалғанымызды Айтжан ініміз суретке түсіре қойып еді, “Түсіп қалыңдар, ертең тірі күнінде түскен едік” деп жүресіңдер”, - деп бір күлдірді. Қоштасып кетіп бара жатқанымда, “Ертең “Дулат Исабеков қайтыс болды”, - дегенді газеттен оқымай, жиі келіп тұрыңдар осылай, Шолпанға телефон соғып…”, - деді тағы да әзіл-шынын араластырып…

Маған айтқан бұл әзілін Дулат Исабековпен қоштасу жиынында көз жасына ерік беріп, толқып тұрып сөйлеген жан досы Төлен Әбдіков қайталап:

“Сондай жағдайда жатып әзілдей білуі деген адамның қаншалықты рухы биіктігін көрсетеді!” деп, елге тарап кетті.

Иә, Дулат Исабеков ажалдың өзін осылай қасқайып қарсы алды! Қаһарлы сәттерін де қалжыңға айналдыруға тырысты.

“Бұл фәни дүниедегі соңғы күндер мен соңғы сағаттардың суық сыртылы жақындап келе жатқанын сезіп тұрса да, ажалдың өзін әжуа етіп отырған қайран өр рухты, ер көкем-ай” деп, іштей күрсініп тұрсам да, күлімсіреп қоштасқан едік. Сол соңғы көруіміз екен ғой қазақ әдебиетінің қара нарын.

НАҒАШЫЛЫ-ЖИЕННІҢ ӘЗІЛДЕРІ

Негізі, Дулат Исабековтің анасы бізге туыс, яғни мен нағашы, ол кісі маған жиен болады. “Алып-анадан” деген деп, өзімізге тартып, әзілдесіп қоятынымыз бар. Ондайда әкесі Исабек майданда қайтыс болғасын, қиын заманда өмір бойы бейнет пен жоқшылық көріп, бес-алты баланы асырап, жеткізген аяулы анасы Күміскүлге арналған шексіз перзенттік сезімін әдемі де әсерлі әңгімелей жөнеледі. Елу жылдан асса да, әлі сахнадан түспей келе жатқан әйгілі “Әпке” драмасына кейіпкер болған әпкесі туралы айтқанда, қыздардың бауырларына деген ерлікке барабар қамқорлығын жыр қылғанда тіпті ұзаққа сілтейтін…

Енді бізге ондай өмірлік мәні зор, сыры терең, тәлімді әңгімелерді кім айтады?!. Неге бәрін жазып ала бермедік деп, өкініп отырған түріміз мынау.

Екеуміздің нағашылы-жиендікке байланысты тағы бір қызықты оқиғамыз есіме түсіп отыр.

2012 жылы күзде менің елу жасымды ел тойлап біткенін күтіп жатқандай, екі айдан кейін әкем қайтыс болды. Ауылда арулап аттандырып, жетісін өткізгесін, Алматыға келіп, мейрамханада үлкен ас бердім. Астанада «Ақ жол» партиясы бұрыннан жоспарлап қойған Алашқа арналған республикалық конференция өтуі тиіс болатын. Жауаптылардың бірі және баяндама жасауым тиіс болғандықтан Астанаға баруға тура келді. Бір кезде Дулат көкем телефон соқты. Аллында біраз қоңыраулатқан екен, байқамаппын…

- Осы сендер телефондарыңды құдыққа тастап жібересіңдер ме, неге ала қоймайсыңдар телефон соққанда? - деп біраз ұрсып алды.

- Ертең келін екеуің үйге келіп, соғымнан дәм татыңдар. Әкең қайтыс болғасын, нағашым ғой ол кісі менің, саған көңіл шәй берейін деп едім.

Ислам да келеді Шымкенттен, оған да айтып қойдым, - деп қарап тұр...

- Ойбай-ау, көке, ертерек айтпайсыз ба, мен Астанадамын ғой?! Көп рахмет ниетіңізге. Алла разы болсын!

- Онда неғып жүрсің?

- Ертең республикалық конференциямыз бар, мен жауаптымын ғой, баяндама жасауым керек оның үстіне, - деп Астанаға өзімнің жұмысыма барғаным үшін ақталып әлек болып жатырмын.

- Ой, сен де бір? Әкесі өлген адам үйде отырмай ма екен? Нең бар Астанада? Ойбау-ау, ертең болатын Әнес Сарайдың 75 жасқа толған тойына да бармай қалдым ғой мен «Қазыбек Исаның әкесі қайтыс болды, ол менің нағашым, сонда баруым керек» деп. Енді астанада сенің жиын өткізіп жүргеніңді Әнес көрсе, не болады?

- Ой, ондайыңызды айтып қоймайсыз ба алдын ала? Мен сол Әнес ағаның 75 жылдығына барам деп жүргенмін, білмей қалып, барсам не болар еді?-деп, одан сайын нағашымды қорқытып, бір күліп алғанымыз енді еске түсіп отыр...

ҚАЙТАЛАНБАС ҚАЛАМГЕРМЕН ҚАЛЫҢ ЕЛ ҚОШТАСТЫ…

Абыз болып, аңыз болып өмірден өткен Дулат Исабековпен қоштасу Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетшілер залында өтті. Бұл залда жазушымен қоштасу тарихта тұңғыш рет болып отыр. Бұның да біраз сыры бар… Алдында Дулат Исабековтей біртуар тұлға, Еңбек Ерімен қоштасу бұрынғы дәстүрге сай Абай опера-балет театрында өтуін қалаған едік. Дулат ағаның үйінде отбасымен болған әңгімеде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбековке бұл талабымызды қойғанбыз.

- Қатардағы жазушы қайтыс болғанда да, Жазушылар одағының холы тарлық қылып жатады. Ертең ел сүйіктісі Дулат Исабековке қалың ел келеді қоштасуға, сонда жұрт сыймай қалады ғой?!. Абай театрында Абайдың інілерімен қоштасу өткізуге болмайтындай, ол ғимарат неге тұр?”- деген едік.

Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер залында өткізу ойға келіп, ақыры Дулат Исабеков қаламгерлердің қарашаңырағынан шығатын болды. Бұдан кейін барлық жазушылар осы Одақтан шығатын болып шешіліпті.

400 адамдық залға халық сыймай кетіп, тік тұрып, қалғаны сыртта тұрды.

Қаралы жиынды Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді. Алғашқы сөзді ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин сөйлеп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын жеткізді. Сонымен бірге Дулат Исабековтың тұлғасы туралы тереңнен толғап сөйледі.

«Дулат Исабеков қазақ әдебиетіне ерекше құбылыс болып келді. Шын мәнінде шоқтығы биік шығармалар жазып, қалың оқырманның жүрегіне жол тапты. Оның қаламынан шыққан әрбір туынды жұртшылық іздеп жүріп оқитын классикалық дүниеге айналды», - деді.

Қазақстанның Еңбек Ері, әртіс Асанәлі Әшімов сөз сөйледі. Дулаттың құрдас, достары, Қазақстанның Халық жазушылары Төлен Әбдік пен Бексұлтан Нұржекенің сөздері елді толқытты. Көңілі босап, көзіне жас алған Төлен Әбдік “Қазақ халқын жарты ғасырдан астам уақыт өзінің шығармаларымен күлдіре де білген, жылата да білген, ойландыра да білген ғажайып талант иесі өмірден өтті. Қазақ аман болса, талай таланттарды әкелетін шығар, бірақ Дулаттың орнын алмастыру мүмкін емес. Қазір “ұлы” дегенді көп айтып жүрміз ғой. Бірақ Дулат шын мәнінде ұлы жазушы еді” деді.

Әдебиеттегі інілері атынан белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин сөйледі.

Дулат Исабековтың туыстары атынан сөйлеген жазушының өзі жақсы көретін інісі, 2022 жылы 80 жасында Алматыда өткен халықаралық театр фестивалын өткізуге зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішев жүректен шыққан қоштасу сөзін толқып тұрып айтты. «Қазақта даналық сөз бар. «Бергеніңді алса да, берерін алмасын» деген. Алла қазаққа Дулат Исабековтей талай тұлғаларды сыйласын деп тілеймін» деді.

Әлемнің бір топ елдерінен көңіл айту хаты келгенін жеткізді. Облыс әкімдерінің бәрі көңіл айту жеделхатын жолдап, Түркістан облыстық, Шымкент қалалық, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарынан арнайы делегация келіпті.

Алматыдағы Қабылдау үйінде өткен аста да көптеген қаламгерлер мен қайраткерлер Дулат Исабеков туралы сөз сөйледі. Дулаттың құрдасы, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадірбек Сегізбаев “Димекеңдер, Ғабит Мүсіреповтер кеткеннен кейін бүгін Дулатпен қоштасуда осылай қалың елдің жиналғанын көрдік”-деді. Ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы Дулат Исабековтай саңлақ тұлғаның сан түрлі қырларын бейнелеп берді.

Жазушының отбасы атынан ұлы Естияр сөйлеп, қайғысын бөліскен қалың елге, ауыртпалықты көтеріскен Алматы қалалық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағына рахмет айтты.

Иә, Төлен Әбдік ағамыз айтқандай, шығармалары арқылы шын мәніндегі әлемдік деңгейдегі қайталанбайтын құбылыстар жасаған ұлы жазушы Дулат Исабеков те дүниеден өтті…

Дулат Исабеков Кеңсайға, екі жыл бұрын дүниеден өткен асыл жары Нұрғайша жеңгейдің жанына қойылды.

Сағынып қалған, қараңғыдан қорқатын асыл жарына жарық сыйлап, қауышып, іші пысып қалған Әбдіжәміл ағасына әзілін бастап та жіберген болар…

Алла алдынан жарылқағай! Қалың қазаққа көңіл айтамыз… Отбасына, ұлы Естияр бауырымыз бен қыздары Шолпан мен Айман қарындастарымызға, балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамыз…

Пейіште рухы шалқи бергей! Қош, Дулат көке!

ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ

«Тіршілік» мынау, тіріде бітпес өлеңі,
«Қарғын» боп өмір қарқынын таба береді.
Шындықты айтқан шығармаларың шынайы,
«Дермене» шөптей демеу боп елге келеді…

Ақтарылғанда ақ шулан толқын ақ теңіз,
Жауһарлы әлем – жаныңмен тауып жатты егіз…
Дананы көрдім баладай көңілі босаған,
Ананың орнын басады асыл «Әпкеңіз»

Өзіңе қарап түзейді бойын кіл өскін,
Көкке бойлаған көкеме мен де жыр естім.
Киепан шалдай сүйегін умен сүйреген
Кеселді қоғам кесіріменен күрестің.

Ұрысы мықты, болады кілең иең мерт,
Ұлысы тіпті ұмтылар қолға сүйем деп…
«Бонапарт» емес … кеш болса дағы… кестірер,
Сүндеттен кетіп... сүйекке жетті сүйел дерт…

«Соғысты біз де көрмедік», енді не дейік,
Соғыстан бетер сойқанды деп пе ек көрейік…
Сахнада емес… саясатыңда жатыр ғой,
Мұрадан жұрдай «Мұрагерлер» де көбейіп…

Тәуелсіз елдің болса деп берік тұғыры,
Шырымын бұздың , шыдатпай жанның шырылы…
Ескертсең дағы ес кеткен мынау қоғамға,
«Ескерткіш» салғыш бір күндік ғана ғұмыры…

Тумысы бөлек туыпсың көке, күзде сен,
Туындыларың із салар жанға ізгі әсем.
Бәріне қолды бір сілтеп кетіп қалар ең,
«Гауһартасты» айтып, Салтанат өмір іздесең…

Сәбиді жансыз тұрса да күтіп кәрі жер,
Тәңірден үкім болмаса, өлмес тәрізі ер...
Жерлемес бұрын...
Көрем деп сені соңғы рет,
Көрден ап қалған.. көрші кемпірге қарыз ел...

Мыңдардың бәрі мыңсайрам болған мына шақ,
Ауқымы тарлар аузымен ғана жүр асап…
Ақыры біз де арманға бір күн жетерміз,
«Ақырамаштан Наурызға дейін» шыдасақ…

Бойыңнан көрді ел Биіктік пенен Тереңді,
Мықты емес Сізден алғандар анау Нобельді.
Арыста туып, Алысқа шапқан тарланым,
Қаламыңменен шарлай бер бүкіл әлемді!

Қазыбек Иса

Abai.kz

0 пікір