Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Күбіртке 186 0 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 15:43

Қарттарға қамқорлық керек!

Сурет: aqmeshit.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың өткен ғасырдың сексенінші жылдарында шыққан "Қаусаған қасіретті қара шалмын, бұл күнде қара шалмен санасар кім?" деп басталатын "Қара шал" әнінің естіген жұртты егілтіп, замана зарын толғағаны ел есінде.

Өз туғаны түгіл алыстан бейтаныс жолаушы көрсе барын алдына қоятын атам қазақ орысқа бодан болғаннан кейін, алапат рухани қасіретке ұшырады. Тарихта абақты, түрме болмаған қазақ жерінде кеңес заманында "жетімдер үйі", "қарттар үйі" пайда болды. Мәпелеп өсірген ата-анасынан, туған сәбиінен оңай бас тарта салатындар қатары көбейді.

Тәуелсіздік жылдарында да оңып тұрмаппыз. Туған әкесін қадірлеудің орнына қараусыз қалдыратын тасбауырлардың саны артыпты. Бүгінгі Парламент отырысында Халық қалаулысы Таңсәуле Серіков қарттардың мәселесін көтеріп Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа депутаттық сауал жолдады.

– Қария десе, көз алдыңа шаңыраққа береке кіргізіп, құт дарытып отырған әркімнің ақ сақалды атасы мен ақ жаулықты әжесі келері анық. "Тілеуімізді тілеп, балаларына ақыл кеңесін, немерелеріне ертегісін айтып, ортамызда аман-есен жүре берсе екен" дейміз. Алайда, перзент атаулының бәрі ата-анасын алақанына салып аялап отырған жоқ. Елімізде қарттық шақта қасірет шегіп жүрген қариялар көбейіп барады. Өз жақынынан таппаған жылуды өзгеден іздегендердің қатары артуда. Мына жарық дүниеге әкеліп, ақ сүт беріп өсірген анасын, мойнына мінгізіп еркелетіп өсірген әкесін қартайған шағында өзектен тепкен қатыгез балалар да арамызда жетерлік екенін көз көріп жүр. Әйтпесе, қарттар үйіндегі қариялардың саны жылдан-жылға артар ма еді?, – деп ашынды ол. 

ҚР ресми статистикасының деректерінде 2023 жылдың соңында елімізде 51 қарттар мен мүгедектер үйі бар екені айтылады. Оның 43-і – мемлекеттік, 7-еуі – жеке. Бір орталық шетелдік жеке тұлғаның меншігінде. Қарттар мен мүгедектер үйлерінің ең көп саны – Шығыс Қазақстан облысында (11 үй орналасқан), оның 6-ауы мемлекеттік және 5 үй жеке меншікте көрінеді. Шымкент, Алматы, Атырау қалаларында, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Ұлытау облыстарында бір-бірден бар екен.

– Ресми мәліметтер бойынша 2023 жылы Қазақстанның қарттар және мүгедектер үйлерінде тұратын азаматтар саны 6 824 адамды құрады. Оның 950-і – Астанада, 905 адам – Шығыс Қазақстанда. Және жыл сайын өсуде. Бұл – алаңдататын дүние. Бастапқыда үй-күйі жоқ қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қорғау негізінде құрылған мекемелер ержеткенде дем берер ұлы бар ақсақалдың, қартайғанда тілекші болар қызы бар кейуананың мекеніне айналар ма еді? Қарттар – біздің асыл қазынамыз", – деп түйіндеді сауалын депуттат. 

Ең сорақысы қарттар үйіндегі қариялардың 90 пайызы қазақ ұлтынан екен.

Ұрпақ үшін бәрін жасап, зейнет көрер жасында тірідей тастанды болған қауқарсыз жандардың бар қолынан келері - балаларынан алимент өндіріп алуға арыз жазуына болады екен. Үкімет ұлт тағдырына қатысты қарттар мәселесін тиісті заңдармен реттейді деп сенеміз.

Abai.kz.

0 пікір