Сәрсенбі, 26 Ақпан 2025
Өзекті 150 0 пікір 26 Ақпан, 2025 сағат 17:55

«Ақ жол»: Шалғайдағы өнеркәсіптерге Starlink-ті қолдануға рұқсат беру керек!

Сурет: isupport.kz сайтынан алынды.

«Ақ жол» шалғайдағы өнеркәсіп нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Starlink-ті пайдалануға рұқсат беруді талап етеді.

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолданған.

2025 жылдың 20 ақпанында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының кен орынында болған қайғылы оқиғаға байланысты Үкіметке өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды, оның ішінде:

- Өнеркәсіптік нысандарда заманауи қауіпсіздік жүйелерін, соның ішінде газ дабылдарын, сейсмикалық датчиктерді, позициялау жүйелерін және т.б. әзірлеу және енгізу;
- автоматтандырылған болжау және ескерту жүйелерін енгізу бөлігінде объектілерде цифрландыруды қамтамасыз ету;
- Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің заманауи жүйелеріне инвестиция көлемін арттыруды қамтамасыз ету.

«Ақ жол» демпартиясы шалғай және жетуге қиын жерлерде орналасқан өнеркәсіптік нысандар, мысалы, кеніштер, байыту фабрикалары және т.б. үшін президенттің бұл тапсырмаларының өмірлік маңызы бар деп есептейді. «Ақ жол» демпартиясына жүгінген отандық ақпараттық технологиялар саласындағы компаниялардың айтуынша, олар тау-кен компанияларына өз кеніштерінде газ анализаторлары, сейсмикалық датчиктер, байланыс жүйелері сияқты цифрлық қауіпсіздік жүйелерін орнатуды бірнеше рет ұсынған. Алайда, кәсіпорындардың бұл ұсыныстарға қызығушылық танытқанына қарамастан, аталған өнеркәсіп нысандары орналасқан шалғай аудандарда интернет желісінің болмауына байланысты бұл бастамалардың жүзеге асырылуы мүмкін болмай қалды.

Осыған байланысты, 2024 жылдың қарашасында бизнес осы аумақты цифрлық байланыспен қамту үшін Starlink желісін пайдалануға рұқсат беру туралы өтінішпен Цифрландыру министрлігіне өтініш жолдаған болатын (көшірме қоса берілген). Алайда министрлік бұл өтінішті елемеді.

Ал, бұл мәселе шешілмесе, Мемлекет басшысының тапсырмалары тиісті деңгейде орындалмай қалуы мүмкін екені анық.
«Ақ жол» демпартиясы 2021, 2022 және 2023 жылдардағы депутаттық сауалдарында Starlink жүйесін шалғай елді мекендерде орнатуға рұқсат беру қажеттілігі туралы мәселені жүйелі түрде көтергенін еске саламыз (18.11.2021 ж. ДС-326, 30.09.2021 ж., ДС-274, 01.12.2023 ж. ДС-456).
Алайда Ақпарат министрлігі бұл бастамаға табандылықпен қарсы шықты. Біздің бірнеше рет талап еткенімізден кейін ғана Starlink-ті, және тек ауылдық мектептер үшін пайдалануға рұқсат берілді.

Шалғайдағы өнеркәсіптік нысандарда, жол апат болған жағдайда көлік жолдарында, жайылымдық мал шаруашылығында және адам өміріне қауіп төндіретін басқа да жағдайларда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін осындай шектеулерді алып тастау керек деп есептейміз.

Осыған байланысты «Ақ жол» депутаттық фракциясы ұсынады:
1. Шалғайдағы өнеркәсіп нысандарында спутниктік технологиялар арқылы интернетке қол жеткізуді енгізуге қатысты реттеу саясатын қарастыру.
2. Дәстүрлі байланыс инфрақұрылымымен қамтылмаған аумақтарда орналасқан кеніштер мен кен орындарында спутниктік интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету.
3. Тау-кен өндіру саласының кәсіпорындары, жол қызметтері, жайылымдық мал шаруашылығы және т.б. үшін заманауи спутниктік жүйелерді пайдалануға рұқсат алу рәсімдерін жеңілдету.
4. Осы технологияның тиімділігін бағалау үшін қашықтағы өндірістік нысандарды Starlink жүйесіне қосу бойынша пилоттық жобаларды іске қосу.

Abai.kz

0 пікір