Бейсенбі, 27 Ақпан 2025
Сұхбат 530 6 пікір 27 Ақпан, 2025 сағат 12:26

Трамп Орта Азияны Қытайға қарсы қалқан ете ме?

Коллаж: Abai.kz

Ақ үйдің жаңа қожайыны Трамп Байденнің жолын ұстанбай, солтүстік көршімізбен достыққа пейіл білдіруде. Шығыс көршімізге «кедендік салық» ұр тоқпағын қайта көтергенімен, Қытай басшысымен рақайласуы мүмкін екенін де жасырмайды. Abai.kz ақпараттық порталы қазіргі жаһандық қайшылықты геосаяси мүдделер төңірегінде, Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Нұрболат Нышанбаймен сұхбаттасқан еді...


Сирия Украина жолындағы құрбандық па?

Abai.kz: Трамптың Ақ үйге келуімен геосаяси басбұзарлар «жуасығандай». ХАМАС пен Израиль келісімге келді. АҚШ пен Ресей келіссөзі басталды. Мұны АҚШ-тың мықтылығының көрінісі дейін десек, Байден кезінде ХАМАС пен Кремль көршілеріне шабуыл жасап, Тәліптер қайта билікке келді. Қос президенттің геосаясатқа ұқсамаған екі түрлі ықпалын пайымдап көрсек?

Нұрболат Нышанбай: Трамп билікке келісімен әлемде қалыптасқан геосаяси ережелерді өзгертіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Трамп Ақ үйге ресми кірудің алдында ХАМАС пен Израиль Катардың ара ағайындығымен соғысты тоқтатуға келісіп, тұтқын алмасып жатыр. Десе де менің ойымша, бұл келісім уақытша ғана. Тактикалық мәні болғанымен, стратегиялық маңызы жоқ. Келісімнің үшінші кезеңінде екі тарап тұрақты түрде ұзақ мерзімді бейбітшілік сақтауға келісуі, Газа аймағынан ХАМАС әскерлері шығып кетуі керек. Бірақ Трамптың ұстанымы бір ғана мемлекет болу керек дейді. Ол тіпті Ақ үйде Нетанияхуды қабылдағанда керек болса 2 миллион палестиналықтырды көрші елдерге көшіруміз мүмкін деген ақпарат таратты.

Ресейде соңғы кездері Сириядан әскерін алып кетті. Сондықтан қазір Кремль үшін негізгі бағыт Украина болып тұр. Менің ойымша бұл арада Украина мәселесін шешу үшін Сирияны босату керек деген астыртын келісім болған сияқты.

Ресей АҚШ-қа ешқандай қауіп тудыра алмайды!

Abai.kz: Трамп оқшауланған Путинді әлемдік қауымдастыққа қайта тартпақ. Сондағы көздегені не? Бірлесіп Қытайға қарсы тұру деген пікірге келісесіз бе?

Нұрболат Нышанбай: Иә, Трамп Путинді оқшауланудан жаһандық ортаға қайта талпынуда деп көп айтылуда. Десе де бұл Украина мәселесі үшін ғана емес.

АҚШ-тың болашақ мүддесі тұрғысынан қарағанда Ресей оларға ешқандай қауіп тудыра алмайды. Трамптың алдағы 4 жылындағы басты экономикалық қарсыласы, ол – Қытай.

Соңғы жылдары Украинадағы соғысқа байланысты Қытай мен Ресейдің арасының тым жақын болып кетуі Ақ үйге ұнамай отыр. Осы мақсатта Кремльдің ұстанымын байқап көруде. Сауд Арабияда өткен келіссөзде де Украина мәселесінен бөлек, геосаяси мәселелерді бірге шешу жағы талқыланды. Санкцияны алу жағы да сөз болды. Мәселе Ақ үй бұл ойын қаншалық жүзеге асыра алатындығын да. Еуропаның олармен ымыраға келуінде. Бұл өте маңызды. Қалай десек те соңғы 10 жылда Ресей нағыз құрсауда қалды. Сол себепті Ресей қазіргі уақытта АҚШ үшін Қытайға қарсы баламалы аймақ қалыптастыруда белгілі рөлге ие болып тұр.

Еуропа үшін Қытайға қарағанда Ресей қауіптірек...

Abai.kz: Еуропа әлсіреді, әскери қорғаныста – АҚШ-қа, энергияда – Ресейге, сауда-саттықта – Қытайға күні қарап қалды деген пікір шындыққа үйлесе ме?

Нұрболат Нышанбай: Бұл пікірмен келіспеймін. Керісінше, Еуропа жаңарып жатыр деп санаймын. Сайлаулар өтіп жатыр. АҚШ-тың жаңа билігі Еуропадағы ұлтшыл, оңшыл партияларға қолдау білдіріп жатыр. Егер Еуропа Украина мен Ресей соғысында үнсіз қалса, солай деп айтуға болар еді. Германиядағы сайлау өте сала, Макрон Ақ үйге барды, Еуропа басшылары соғыстың 3 жылдығына орай топ болып Киевке келді. Олар АҚШ пен Украинаның сирек кездесетін металдар қорын бірлесіп игеруге келісімге келуіне де ықпал етті. Оның Украинаға қаншалық тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Еуропа сонымен бірге, Украинаның қауіпсіздік кепілдігі мәселесін алдынғы орынға қойып отыр.

Еуропа үшін Қытайға қарағанда Ресей қауіптірек. Себебі Украина жеңілгенде Ресей Молдоваға, Полшаға, болмаса Грузияға шабуылдауы мүмкін.

Еуропа үшін Украианың қалқан болғаны тиімді. Сол үшін Англиядан бастап Украинаға бітімгерлік күштерін жіберуге дайын отыр.

Трамптың Орта Азияға саясаты қандай болады?

Abai.kz: Украина мен Еуропаны шетке қаққан Трамп пен Путиннің келіссөзі қандай нәтиже беруі мүмкін?

Нұрболат Нышанбай: Бірден айту керек: Трамп пен Путин арасындағы келіссөз Украина мен Еуропа елдерінің мүддесін қорғамаса ешқандай құны болмайды. Олардың келісімін мойындамайды. Соған байланысты Еуропа мен АҚШ-тың ара қатынасы ушықты десек те болады. Әрине белгілі мерзімде. Қалай десек те Еуроодақтың пікірі ескерілуі керек. Себебі соғыс Еуропа аумағында болып жатыр. Сондықтан келісім 4 тарапты толық қамтуы керек.

Abai.kz: Трамптың Орта Азияға саясаты қандай болады? Оның көршілеріміз Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынасы бізге қандай әсер етуі мүмкін?

Нұрболат Нышанбай: Трамптың Орта Азияға саясаты қазірдің өзінде белгілі бола бастады деп айтуға болады. Біріншіден 60 жылдан бері Американың жұмсақ күші болып келе жатқан USAID ұйымын жабу арқылы АҚШ-тың Орталық Азияға жұмсақ күш арқылы әсер етіп келе жатқан ықпалын әлсіретті деуге негіз бар. Бірақ бұл бастамасы ғана. Алда Ақ үйдің Орталық Азияға саяси ықпалы арта береді. Бұл арада аймақ елдерінің жек ұстанымы аса маңызды.

Биыл өтетін С5+1 басқосуы екі тараптың ұстанымын айқындайды. Ең бастысы Орта Азия елдері бір ауызды болу керек. Аймақ елдерінің АҚШ-қа көзқарасы әр түрлі болса, алпауыт елдер соны пайдаланып түрлі саяси ойындар ойнауы мүмкін. Трамптың аймаққа көзқарасы Орта Азия елдері үшін аса маңызды болып тұр. Сәйкесінше Трамп Орта Азиямен бір бітімге келсе, Қытайға қарсы «буфер зона» ретінде пайдаланады.

Abai.kz

6 пікір