Көп күткен кездесу: Зеленский мен Трамп неге дауласты?

Украина мен АҚШ президенттері Ақ үйде кездесті. Тікелей эфирде, жария түрде талқы жасады. Сондағы басты екі әңгіме болды. Біріншісі – АҚШ пен Украина арасындағы табиғи ресурстар туралы келісім. Екіншісі – бейбіт келісімнің жай-жапсары.
Әуелде Трамп та, Зеленский де бір-біріне ілтипат сөздер айтып, бір-бірінің арқасынан қағып, сыпайы сөйлесе бастаған. Аяғы дауыс көтеруге, бір-біріне ультиматум қоюға дейін жетті. Зеленский мен Трамптың кездесуі аса шиеленісті жағдайда өтті.
Зеленский:
– Путин Украинамен жасасқан ұрысты тоқтату режимін 25 мәрте бұзған адам. Ол келісімді сақтамайды. Мен оны жақсы білемін. Сол себепті де біз үшін ұрысты уақытша тоқтату нәтижеге әкелмейді. Путинді бірлесе тоқтату керек, - деді.
– Путин Украинаны қиратты. Ол құн төлеуі тиіс. Біз Еуропаның неге дайын екенін білеміз, ал АҚШ неге дайын? Мен соны білгім келеді. Сол туралы президент мырзадан сұрағым келеді, - деді.
Трамп:
– Біз Украинаға 350 млрд доллар бердік. Украина бізге алғыс айтуы тиіс. Біздің қаруымыз болмағанда бұл соғыс бірнеше аптада бітер еді, - деді.
– Сіз өзіңіздің бізге деген құрметсіздігіңізді көрсетіп отырсыз. Жағдай үшінші дүниежүзілік соғысқа жылжып барады. Бұл ойнайтын нәрсе емес. Сіздің қолыңызда қандай да бір көзір жоқ, - деді.
– Біз бұл келісімді жасаймыз, не бұл келісімнен сіз (Зеленский) шығасыз, - деді.
– Зеленскийдің Путинге деген өшпенділігін көріп тұрсыз. Ол оны қатты жек көреді. Өте қатты. Мұндай сәтте келісім жасау өте қиын, - деді.
Зеленский:
– Сіздер бізді өз қалауларыңызды жасауға мәжбүрлей алмайсыздар, - деді.
Трамп:
– Сіз бізге: «Ананы қалаймын, мынаны қалаймын», - деп «диктовка» жасай алмайсыз, - деді.
Сөзге АҚШ-тың вице-президенті Вэнс араласып:
– Сіздер дәл қазір үлкен проблемаға келіп тірелдіңіздер, - деді.
Зеленский:
– Сіздер бізде не болып жатқанын егжей-тегжейлі білмейсіздер. Сіздер мұхиттың арғы жағындасыздар, - деді.
Трамп:
– Сіздердің қолдарыңызда мықты карта жоқ. Оны біз беріп отырмыз. Сол үшін бізге алғыс айтуларыңыз керек! Обама сізге ештеңе берген жоқ. Ал мен сізге Javelin бердім, - деді.
Зеленский:
– Мен мұнда карта ойнауға келген жоқпын, - деді.
Трамп:
– Мен карта ойнауға келмегеніңізді білемін! Не біз келісімге қол қоямыз, не әрі қарай жалғыз өздеріңіз, бізсіз соғысасыздар! Сіздерде сарбаз жетіспейді. Соғыста көп адам қырылып жатыр. Біз соғысты тоқтату үшін күш салудамыз. Сол үшін бізге риза болуларыңыз керек, - деді.
Зеленский:
– Сіз өзіңіз бізге келіп, көзіңізбен көріңіз, - деді.
Қосымша: Кездесудің басында тараптар табиғи ресурс бойынша келісімге келетіні, АҚШ Украинаға қару-жарақ беруді жалғастыратыны туралы айтқан. Жария сөзталастан соң Зеленский мен Трамп келісімге келе алмады. Зеленский Ақ үйден жоспардағыдан ерте кетті. Баспасөз маслихаты да, басқасы да болмайтын болды!
Трамп:
– Мен қорытындыға келдім. Зеленский бейбітшілікке дайын емес. Бейбіт келіссөзге АҚШ араласса, бұл оған (Зеленскийге) келіссөз кезінде басымдық береді деп есептейді. Маған басымдық керек емес, бейбітшілік керек! Ол АҚШ-қа құрметсіздік көрсетті! Ол бейбітшілікке дайын болған кезде қайта келсе болады, - деп жазба жариялады.
«Fox News»: «АҚШ пен Украина арасындағы табиғи ресурстар бойынша келісімге қол қойылмайтын болды», - деп жазды. Бұл ақпаратты Ақ үйдің баспасөз қызметі де растады.
Abai.kz