Мұхтар Мағауиннің ең соңғы жазбасы

Ақырзаманның алғашқы күні
Өткен түнде Америка халқы өзінің 47-ші, жаңа президентін таңдады. Əлемдегі ең əлуетті мемлекет өзінің 248 жылдық ұлан-ғайыр тəуелсіздік заманында алғаш рет демократиялық даму жолынан бас тартып, авторитарлық, тоталитарлық жаңа құрылымды мақұл көрді.
Құрама Штаттарының өзінде жəне демократиялық бағдардағы бірталай елде бұл жағдаят мүлде түсініксіз құбылыс ретінде бағалануы өз алдына, тіпті фашизмге бейім деген пікірлер де айтылды. Шынында да, екі жарым айдан соң күшіне енуі тиіс президент Трамптың бүгін не ойлағанын, ертең не жасайтынын, бүрсігүні мүлде басқа бір бағдар ұстанатынын болжап білу мүмкін емес. Жəне ақыл-парасатты іс-əрекет, қисынды саясат атаулыны тəрік етіп, ойына келгенін жасау мүмкіндігін ешкім де теріске шығара алмаса керек.
Украинаға əскери көмекті шектеп, зорлықпен тиімсіз бітімге келтіруі, Европадағы НАТО күштерін əлсіретуі, Орталық Азиядағы Ресей ықпалын бетімен жіберуі жəне ықтимал. Жахандық соғыс елесі тағы бар. Дəп қазір бүткіл əлем белгісіз дағдарыс алдында тұр.
Украина жеңіліске ұшырап, Ресей өзінің негізгі мақсатына жеткен жағдайда Қазақстан тіпті үлкен қиындыққа түспек. Европаның үлкен мемлекеттері күрделі кезеңге тап келсе, Қазақстан ахуалы тіпті қиындай бермек. Мұндай бүкілəлемдік дағдарысқа əлемдік үлкен мемлекеттердің шешімтал қимылы ғана игі ықпал жасауы мүмкін.
Бүгін басталуға ықтимал ақырзаман мəңгілік емес, ары кетсе келесі президент сайлауына дейін ғана. Сондықтан, жақсы күндерден үміт үзбейік. Ең бастысы – өзіміздің Қазақ елінің, басшылары емес, қара орман жұртының ұлттық санасы, ынтымағы мен тұтастығы берік сақталып тұруы. Советтік 70 жылдық геноцидтен əупірімдеп өткен қазақ бұл алмағайып кезеңді де аман-есен атқарып шығар деп сенемін.
Мұхтар Мағауин
6.ХІІ.2024, АҚШ.
Abai.kz