Дүйсенбі, 3 Наурыз 2025
Күбіртке 322 11 пікір 3 Наурыз, 2025 сағат 15:48

Азшылық көпшілікпен келісуге тиіс...

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Бұл рас және оны бәріміз көріп те біліп отырмыз, Қазақ елінде екі әлеуметтік топ бар: қазақ тілді және өзге тілді.

Осы өзге тілді әлеуметтік топ өз ішінен орыстілді, сосын анатілді деп тағы жіктеледі. Орыстілділер ұлтқа, нәсілге һәм дінге бөлінбейді. Ал, анатілді әлеуметтік топ ұлттық белгісіне орай топтасқан. Олар - өзбек, вайнах (шешен-ингуш), ұйғыр, тәжік т.б. ұзын-саны 10 мың мен 100 мыңның (тіпті одан да көп) арасындағы бір аумаққа шоғырлана қоныстанған диаспоралар. Елімізде өзге тілді әлеуметтік топ үшін: орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілінде білім беретін мектептер ашылған.

Сондықтан 140 ұлт пен ұлыс деген кеңестік мифті "өзге тілді ұлттық азшылық" пен "мемлекеттік тілді ұлттық көпшілік" деген ұғымдармен алмастыруымыз керек! Өзге тілділер нәсіліне, дініне һәм ұлтына қарамай мемлекеттік қызметке тұруға толық қақылы. Олай болса, олардан қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жаза алатын сауаттылықты талап ететін Заң керек. Қазақ тілін мемқызметте аудармашы жалдап алға сүйрейміз деу ендігі жерде ұят. Ол - тұтас ұлтты қорлау. Осы арада ащы да болса, айта кетейін, орыс тілді қазақ та өзгетілді әлеуметтік топтың өкілі болып табылады. Неге?

Өйткені оларға қазқтың ұлттық проблемалары беш тиын екенін түсінетін кез келді. Мемлекеттік қызмет тілі қазақтанбай еш нәрсе өнбейді. Үш тіл білетін қаншама қазақ тілді бауыр-қарындастарымыз мемлекеттік қызметке бас сұға алмай жүр. Бұл да үлкен проблема. Билік пен бизнес қазақтанбай еш нәрсе өнбейді. Оларға құжаттарды қазақ тілінде жүргізуді талап ету заман талабы. Бұл сондай-ақ, демократия табиғатының да талабы: азшылық көпшілікпен келісуге тиіс.

Abai.kz

11 пікір