«EL ARNA» мен «Хабар» арналары біріктіріледі

«EL ARNA» телеарнасы жабыла ма? ҚР Мәдениет және ақпарат мипнистрі аталған сауалға жауап беріп, «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданғанын айтты.
Аида Балаева:
– Отандық медиакеңістіктегі қарқынды – өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру үшін «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешім қабылданды. Бұл қадам, ең алдымен, отандық телекомпаниялардың жұмыс тиімділігін арттыруға және қазақстандық контент аудиториясын кеңейтуге бағытталған.
«EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. «EL ARNA»-ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
«EL ARNA» телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «EL ARNA» телеарнасының ұжымына көпжылдық еңбектері, кәсібилік пен отандық медиа кеңістікті дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғыс білдіреді. Қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылады. Жалақы деңгейі сақталып, олардың тәжірибесі мен білімі жаңа жобаларда сұранысқа ие болады.
«EL ARNA» телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы «24KZ» және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді.
«EL ARNA» телеарнасының қызметіне атсалысқан барша жандарға шынайы ризашылығымды білдіремін және алдағы уақытта жаңа жетістіктер, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін!
«EL ARNA» телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде «Хабар-2» атауымен құрылды.
2002 жылдың наурызында атауы «EL ARNA» болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті.
2014 жылдың наурызында арна өз жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде «24KZ» жаңалықтар телеарнасы іске қосылды.
2017 жылдың 27 наурызында «EL ARNA» жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап «EL ARNA» жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.
Abai.kz