Украина соғысты тоқтатуға келісті. Ресей ше?!

Кеше Саудияда АҚШ пен Украинаның делегациясы 7 сағаттан астам келіссөз жүргізді. Жиддадағы АҚШ және Украина делегациясының кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемесін назарларыңызға ұсынайын. Мәтін Украина президентінің сайтында жарияланды:
«Бүгін Сауд Арабиясының Жидда қаласында, тақ мұрагері, ханзада Мұхаммед Бин Салманның қонақжайлылығымен Украина мен АҚШ-тың делегациясы Украинада мызғымас бейбітшілік орнату үшін маңызды қадамдар жасады.
Қос тараптың өкілдері де украин халқының ерлігін атап өтіп, мемлекеттің тәуелсіздігі жолындағы күресіне тоқталды және бейбітшілік орнататын сәт келді дегенге келісті.
Украинаның делегациясы АҚШ президенті Трампқа, АҚШ Конгрессі мен АҚШ халқына көмектері үшін алғыс айтты және бейбітшілік жолында жасаған қадамдарын жоғары бағалады.
Украина АҚШ тарапы ұсынған ұрыс қимылдарын дереу арада 30 күнге тоқтату ұсынысын қабылдауға әзір екенін айтты және бұл ұрысты тоқтату тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы мүмкін. АҚШ тарапы бейбітшілікке қол жеткізу үшін Ресейден де тиісті әрекеттерді күтеді.
Америка Құрама Штаттары барлау қызметінің ақпарат алмасудағы үзілісін дереу арада алып тастап, Украинаға қауіпсіздік саласы бойынша көмекті қалпына келтіреді.
Делегациялар сондай-ақ бітімгершілік процесінің бір бөлігі ретінде гуманитарлық миссиялардың маңыздылығын, атап айтқанда, жоғарыда аталған ұрысты тоқтату кезінде әскери тұтқындарды алмасу, күштеп ұстап отырған бейбіт тұрғындарды қайтару және күштеп қоныс аударылған украин балаларын қайтару мәселесіне де тоқталды.
Екі делегация да Украинаның ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін келіссөз жүргізетін топтардың құрамын анықтауға және келіссөздерді дереу бастауға келісті. Америка Құрама Штаттары бұл нақты ұсыныстарды ресейлік өкілдермен талқылауға міндеттенді. Украина делегациясы еуропалық әріптестерінің бітімгершілік процесіне қатысуы керектігін тағы да баса айтты.
Сайып келгенде, екі елдің президенттері Украина экономикасын нығайту және Украинаның ұзақ мерзімді өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Украинаның маңызды минералдық ресурстарын игеру туралы толық келісімді тезірек жасасуға келісті».
Яғни, АҚШ Украинаға қару беруді жалғастырады және барлау ақпаратын қайта береді.
Енді ұрыс қимылдарын 30 күнге тоқтатуға Ресей келісе ме? Оны жақын аралықта көреміз. АҚШ арнайы дипломатиялық арналар арқылы Ресейге ұсынысты жеткізеді. Мәскеу көнбесе, Вашингтон қуатты санкция салу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтуда.
Асхат Қасенғали
Abai.kz