Бейсенбі, 13 Наурыз 2025
Қоғам 155 0 пікір 13 Наурыз, 2025 сағат 15:51

Сенатор жүргізуші куәлігін алу тәртібін өзгертуді ұсынды

Сурет: BKontakte-ден алынды.

Былтыр жол-көлік оқиғалары алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейіп кеткен. Сонымен қатар, жарақат алған балалар саны 4 мыңнан 10 мыңға дейін өсті. Бұл деректерді сенатор Марат Қожаев өз депутаттық сауалында жария етті.

«Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 2024 жылдың 12 айында елімізде 31 597 жол-көлік оқиғасы тіркелген, өсім 99 пайызға жуық болды. Ерекше алаңдататын жайт, зардап шеккен балалар саны артқан, яғни жараланғандар 133,7 пайызға және мерт болғандар саны 3,5 пайызға өсті», - деді М. Қожаев Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Депутаттың айтуынша, жол апаттарының жиілеуінің негізгі себептерінің бірі – жүргізушілерді дайындау деңгейінің төмендігі. Жол-көлік оқиғаларының 96 пайызы жол қозғалысы ережелерін бұзудан туындайды. Көптеген жүргізушілер мектебінің түлектері сапалы білім алмайды, ал кейбір жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен иемденеді. Такси қызметінде елеулі кемшіліктер байқалып отыр. Такси жүргізушілері демалыссыз жұмыс істейді және міндетті медициналық тексеруден өтпейді, бұл ауыр зардаптарға әкеледі.

Оның пайымынша, жүргізушілерді даярлау және аттестаттау жүйесін жетілдіру шараларын қабылдау қажет. Бұл үшін жүргізушілерді оқытатын ұйымдарға мемлекеттік бақылау енгізу, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу тәртібін қайта қарау керек.

«Сонымен қатар, айналма жолдардың құрылысын жеделдету, елді мекендерде жарықтандыру мен жаяу жүргіншілер өткелдерін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін әзірлеу және заманауи жол стандарттарын енгізу маңызды. Жолдағы қауіпсіздік пен өзін-өзі ұстау мәдениетіне назар аудара отырып, автомектептердің оқу бағдарламасын жаңарту қажет. Емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу тәртібін қайта қарастыру керек», – деп атап өтті сенатор.

Еске салсақ, биыл ақпан айында Марат Қожаев жол ережесін жиі бұзатындарға айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынған еді.

Abai.kz

0 пікір