Жұма, 14 Наурыз 2025
Айтқыш екен 3048 11 пікір 14 Наурыз, 2025 сағат 13:58

«Кәрі түйе ойнақтаса жұт болады»

Сурет: forbes.kz сайтынан алынды.

Соңғы кезде қазақ қоғамында жаһан үдерісінен тыс қалған, өз «әлемінде» өмір сүретін ұлтқа ақыл айтқыштар көбейіп кетті. Тозақпен қорқытатын діндарларды айтпағанда, «Байға да, Гәйге де бағынбайтын» жаулықсыз қатындар көсемситін болды. Атам қазақтың «еркек тұрып, әйел сөйлегеннен без» деген тыйымы қазіргі нитернет дәуірінде әдірем қалды.

Тәуелсіз Қазақстанға Кеңес заманынан мұра болып қалған мерекелердің бірі әрі бірегейі – «8 наурыз» әйелдер күні екені белгілі. Сол мерекеде бір топ «модный» қыз-келіншектер жиналып, сұхбат құрыпты. Иә, нәзік жандыларға қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді.

Десе де қашанда хайп қуып жүретін Баян Алагөзованың жақсы мерекеде жақсы сөз айтудың орнына, қазақтың «сәлем салу» дәстүріне өзінше баға беруі жұрт ашуын тудырды. Өзін іштей батыстың гендерлік саясатының өкілі санайтын Баян ханым:

«Маған ешқашан да ер адамға бас ию дегенді үйреткен емес. Алматыға барғанымда Шымкенттен келген қыздардың иіліп, сәлем салғаны мен үшін өте жабайылық болды. «Не үшін иілесің», - десем: «Бұл қалыпты жағдай, солай болуы керек», - дейді. Кешіріңіздер, мен әкемді өте құрметтеймін. Атама деген құрметім шексіз. Үлкендерге, ер адамдарға құрметпен қараймын. Бірақ менде мұндай құлшылық ету деген болған емес.

Маған оны үйретпеген. Үйрете де алмайды. Бұл – менің таңдауым. Мені әжем еркін өсіріп, тәрбиелеген. Кеңес Одағының батыры атағын алған әйелдердің бәрі батыс жақтан. Жамбылдан да, Шымкенттен де шыққан жоқ. Бәрі Орал мен Ақтөбеден. Батыста біздің қыздар еркіндікті жақсы көреді. Құдайға шүкір, өзім осы жақта туып-өскеніме қатты қуанамын», - деп көсіліпті. Өзін «аванград» етіп көрсетемін деп, өзінің ұлт тарихынан, дәстүрінен, мәдени-саяси үдерістерден сауатсыздығын жайып салыпты.

Оған «Сәлем салудың» қазақта ғана бар «жабайылық» емес, Англия мен Жапония императорларының отбасында бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан бегзаттық құрмет екенін түсіндіріп жатқандар көп.

Мұқтар Түменбай ағамыз Баянның қазақшасының балабақша деңгейінде екенін ескеріп, оған танымдық қателіктерін түсіндіру үшін орысша жазба арнапты. Батыс өңірде сәлем салу дәстүрінің қызыл идеология кесірінен ұмытылғанын, Кеңес одағы батырына лайық оңтүстіктен шыққан, майданда ерлік көрсеткен қыздарға Сталиннің «қазақтарға екі батыр әйел жетеді» деген шешімінің себеп болғанын жеріне жеткізе түсіндіріпті.

Сәлем салудың өзінен үлкенге құлдық ұру емес екеніне, Қазақ даласында әйелдер құқының тапталмағанына төмендегі мына бір жазбада жақсы дәлел екен.

Абайдың келіні Кәмәлия естелігінде былай деп жазған:

«Мен Абайдың кенже інісі Оспанның үйіне, Еркежан бәйбішенің қолына келін болып түстім. Ол кезде 17 жаста едім. Еркежан бәйбішені Абай әйелдікке алып, інісінің үйіне кірген екен. Мен Абай отырған үйге келін болып түскенім үшін өзімді бақытты санадым. Мен қазақтың басқа келіндеріндей қайнағадан қайырыла қашатын, енеден еңкейе қашатын, жасы үлкеннің бәрінен жасқанатын, ертеден кешке дейін келіп жатқан қариялардың барлығына тізе бүгіп, сәлем ететін келін болғам жоқ.

Мен түскеннен кейін әкем шақырып алып: «Қарағым, Қамаш, ата-енеңді сыйлау, үлкенді қадірлеу бетіңді жауып ұялып, тізе бүгіп сәлем етіп, жан біткеннен жасқаншақ болудан басталмайды. Алдымен менің өз алдымда бетіңді аш, сәлем етпей-ақ, осы үйдің ішінде өзіңнің оң жақта жүргеніңдей, қаймықпай жүре бер. Мына Еркежан екеуімізге ата-ене деп қарамай, әке-апа деп қара, менің тілегім осы», - деп өз алдында менің басымдағы желегімді алғызды. Сол күннен бастап мен оң жағымдағыдай еркін жүретін болдым. Біздің ауылдың үлкен-кішісі Абайды әке деп санайды екен, сондықтан мен де әке деп атайтын болдым.

Тойшыбек, Бейсембі дейтін ақсақалдар: «Абай келіндерін бетімен жіберіпті, сәлем етпейді екен», - деп сөз қылды. Бір күні сол Тойшыбек пен Бейсембі келіп еді, кәне менің келіндерім туралы не деп жүрсіңдер деп әкем дүрсе қоя берді. Тойшыбек те, Бейсембі де үндей алмай қалды. «Өздерің менің үйіме келін болып түссеңдер ми қайнаған ыстықта кимешек шаршының сыртынан қалын жібек шалы жауып, беттеріңді ашпай ертеден қара кешке дейін келіп жатқан елге сәлем істетіп қойсам қайтер едіңдер? Келін өзіңнің балаңның жан жолдасы емес пе?! Оның балаңнан қанша өзгешелігі бар», - деп ұялтты.

Қазақта «кәрі түйе ойнақтаса жұт болады» деген аталы сөз бар. Әйелдер теңдігін желеу еткен Кеңес заманында кертарпа мақал атанған: «Қатын бастаған көш оңбас!» деген тәлім де бар.

Оны экономикасы, ғылым-техникасы әлемнің алдынғы орнындағы Жапония әйелдері күні бүгінге дейін қатаң ұстанады. Күн шығыс елінің Баянды мың орап алатын шоу бизнес жұлдыздары теңін тапқан соң, ел назарынан кетіп, бала тәрбиесімен айналысады. Ұлттық дәстүрін жалғастыратын сапалы ұрпақ қалыптастырады.

Жапон қоғамына, ұлтына солай қызмет көрсетеді. Өзінің аналық борышын абыройлы өтейді. Қазақтың «модный» қатындарына да үлгі етсек артық болмайды.

Батыстың көп дәріптелген гендерлік саясатының да арты көрінді. Байсыз, баласыз, мансап қуған батыс әйелдері өмірінің соңында рухани күйзеліске ұшырап, әйелдік табиғатынан айырылғанына өкінуде. Тым еркінсіп кеткен күллі батыс жұрты қазір демографиялық қана емес, рухани дағдарысқа ұшырауда. Одан шығудың жалғыз жолы – дәстүрлі құндылықтарға қайтуда екеніне көз жеткізуде. Қазақ қоғамында да жалаң бұт Баяндарды емес, үлкенді көрсе иіліп сәлем салатын келіндер мен кимешек киген аналарды дәріптейтін кез келді.

Abai.kz

11 пікір