Сейсенбі, 18 Наурыз 2025
Алаң 381 7 пікір 17 Наурыз, 2025 сағат 12:04

Ұлт киносының негізі - тіл!

Сурет: Qalamger.kz сайтынан алынды.

«Қазақфильм» төңірегіндегі дау ушығып кетті. Негізі бұл дау емес еді... Ақиқатқа мән бермей дауға ерік берген кино басшылары - шенеуніктер. Неге ақиқат дейміз? Тыңдаңыз.

Қазақ киногерлердің жан бұлқынысы «Қазақфильм» басшылығын А.Омаровқа беріп қойған соң тіпті ширықты. Алдыңғы басшылар киноның жанын түсінбей ит шырғалаңға салса, мына басшылыққа келген жандар тіпті тілді, яғни, қазақ интеллигенциясының (кино өнеріндегі) жанын (тілін) түсінбей (менсінбей) ит шырғалаңға салды. Ол аздай «Қазақфильм» аумағына да жібермей («Әбіл» фильмінің авторы Елзат Ескендір мен Ерлан Төлеутай оқиғасын есіңізге алыңыз. Тіпті өзім де «Хабар» арнасының тілшісі шақыруымен барып, күзетшілердің қоршауында қалған едім...) жандарына жара салды.

«Қазақфильмде» көркемдік кеңес өлген. Ол сценарлық-редакциялық алқа-көркемдік кеңесте бір-де бір сүт бетіне шығар қазақ тілді жан жоқ болса, өлгені емей немене? «Қазақфильмде» қазақтың жаны (тілі) бұрын басшыларында болмаса да «көркемдік кеңесте» бар болатын. Онда Сатыбалды аға Нарымбетов, Дидар Амантай, Болат Жетекбай, Елзат Ескендір, осы жолдардың авторы жұмыс істейтін. Арнайы шақыртумен Әшірбек аға Сығай, Дулат аға Исабековтер т.б. мүйіздері қарағайдай ұлт әдебиеті мен мәдениетінің тұлғалары келетін. Қазақ фильмдерінің жанын сақтауға осы кісілер жанын салатын. Қазір кім бар? Кім бар қазір көркемдік кеңесте ұлттың жанын арашалап алатын? Ада болды бәрі.... қазақ киносы шлагбауымның сыртынан сығалап қалды...

Жалпы қазақ өнерінің жаны - тіл! Қазақ тілі шетқақпай көрген жерде өнері де шет қалды деген сөз. Түсіндірейін, рұқсат болса?

Тіл - қазақтың болмысы. Ал болмыстан - өнер сығып шығарылады. Қазақ болмысынан сығымдалып шыққан өнерде - қазақтың өмірі болады, өрнегі болады, қасіреті болады, қайғысы болады, ақжарма қуанышы болады.

Ал тіл жоқ жерде - будан өнер өмірге келеді. Қашырдың ұрпақ бермейтіні секілді, будан өнер ұрпаққа ештеме бермейді... Қашырдың төзімді болып келетіні секілді - будан өнердің де жаны сірі келеді. Лигерді білесіз ғой? Арыстан мен жолбарыстан пайда болған будан? Ол бәле де әлгі екі аңға қарағанда әдемі болады, ірі болады! Бірақ ұрпақ бермейді... Яғни, үміт жоқ...

Будан өнерден де үміт жоқ.

Қазір қазақ кино өнерінде бір шоғыр ұлт киносын айналары өсіп келеді. Олар: Кенжебек Шайқақов, Елзат Ескендір, Азамат Шарғын, Әрібибек Өралтай, Бекзат Смадияр, Дәулетжан Махмұт, Мұрат Есжан (осы жолдардың авторын да қоссаңыздар болады) т.б. Бұлардың алдыңғы легі Халықаралық кинофестивальде топ жарып қазақ киносының мәртебесін биіктетсе, бірі халқының сүйікті фильмдерін жасады. Біреулері алғашқы толықметражды фильмдеріне кірісіп, мамандарды еліктіре білді. Бұлар қазақ әдебиетін (әлем әдебиетін де) жақсы білетін, уызына жарыған, тілден жаралған киногерлер. Қазақ киносының негізі де осылар, болашағы да осылар! Бірақ... бірақ... бұлар - шлагбаум сыртында...

Өткен жылы ғана елімізде Халықаралық «Евразия» кинофестивалі өтті. Өзіміздің кинофестиваль. Оны басқару «Қазақфильм» басшылығына берілді. Жоғарыда аты тізбеленген қазақ киносының болашақтарының бір де бірінің фильмі өз еліндегі кинофестивалге шақырылған жоқ! Қанша А класындағы кинофестивалдерден топ жарып, әлемді аузына қаратып келсе де, олар өз шенеуніктерінің бетін бері қарата алған жоқ.

Сол... шлагбаумның сыртындағы әңгіме ғой...

Айтар сөз көп, бірақ уақыт жоқ...

Бастысы, қазіргі даудың астары - ақиқат. Ақиқатқа жету үшін, еліміздің идеология саласындағы басшылар киногерлер жанайқайын байыппен тыңдаса дейміз.

Олар қашанғы шлагбаум сыртында жүреді?

Данияр Саламат, кинорежиссер

Abai.kz

7 пікір