Бейсенбі, 20 Наурыз 2025
Қоғам 319 12 пікір 19 Наурыз, 2025 сағат 13:16

Қазақстандағы азаматтық қоғам: Келешегі, сын-қатерлері және даму жолдары

Сурет: turkystan.kz сайтынан алынды.

Азаматтық қоғам дегеніміз не?

Азаматтық қоғам – бұл мемлекеттік емес ұйымдар, бастамашыл топтар, белсенді азаматтар және әлеуметтік институттар жиынтығы, олар мемлекеттің ықпалынан тәуелсіз әрекет етеді және қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ), кәсіподақтар, қоғамдық қозғалыстар, БАҚ, академиялық қауымдастықтар және мемлекет пен халық арасындағы диалогты нығайтатын басқа да құрылымдар кіреді.

Азаматтық қоғам демократиялық мемлекетте маңызды рөл атқарады: азаматтардың елді басқаруға қатысуын, билікке бақылау жүргізуді, құқықтар мен бостандықтарды қорғауды және қоғамдық сана-сезімді дамытуды қамтамасыз етеді.

Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастыру перспективалары

Қазақстан демократияландыру бағытымен дамып келе жатқан мемлекет ретінде азаматтық қоғамның қалыптасуы үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Негізгі перспективаларға мыналар жатады:

1. Азаматтық белсенділіктің артуы – үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен еріктілер (волонтерлер) ұйымдары мен қоғамдық бастамалар санының көбеюуі;

2. Цифрландыру және әлеуметтік желілердің дамуы – азаматтарға өз үнін білдіру, ақпарат алмасу және әлеуметтік қозғалыстарды ұйымдастыруға жаңа мүмкіндіктер берілуі;

3. Заңнаманың дамуы – адам құқықтары мен сөз бостандығы саласындағы мемлекеттік реформалар ‑ азаматтық қоғамның ықпалын кеңейтуге алғышарттар жасалуы;

4. Экономикалық даму – экономикалық жағдайдың үздіксіз жақсаруы ‑ білім деңгейінің көтерілуіне және азаматтардың қоғамдық процестерге тартылуына ықпал етуі.

Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына оң әсер ететін факторлар: 

1. Мемлекеттік қолдау – ҮЕҰ-ға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар әлеуметтік белсенділікті дамытуға бағытталып, нақты нәтижені көздейтін қоғам үшін маңызды бағдарламаларға бөлінуі тиіс. Бұл сала әлі де жетілдіруді талап етеді;

2. Білім деңгейінің өсуі – азаматтық қоғам мәселелері бойынша білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулердің дамуы. Бұл бағыт «жалпыұлттық» сипатқа ие болуы тиіс. Қоғам осы бағытта бірегейленуі қажет. Бірақ бізде қазір олай болмай отыр. Еліміз «діни наным‑сенімді демократия көрінісі» деп санағандықтан, дінге ерікті шамадан тыс берді. Ал бұл аренада ғылым мен білім міндетті түрде діни догмалармен қайшылыққа келеді – келмеуі мүмкін емес. Бізде қазір осы процесс өтуде. Біршама бейтараптыққа жеткен дін – ұлттық тарихтан алшақтап, білімге қарсы насихатын күшейтті. «О дүниеде сенің диплом алғаның маңызды емес, құлшылық етіп, оқыған намазың маңызды» деген догмалық насихат күшейіп бара жатыр. Ал, дін басқармаларының «Дін ғылымға қайшы емес» дегені – тек құлаққа жағымды естілетін сөз боп қалуда. Осы мәселені реттеу керек;

3. Ақпараттық технологиялар – интернеттің, әлеуметтік желілер мен медиа-платформалардың дамуы адамдарға өздігінен ұйымдасуға мүмкіндік береді. Бұл жағынан біз біршама жетістіктерге ие болудамыз деп айтуға болады;

4. Халықаралық қауымдастыққа интеграция – Қазақстанның халықаралық ұйымдарға қатысуы, тәжірибе алмасу және демократияның халықаралық стандарттарын сақтауы. Оған осы салада білімнің аздығы әсер етуде. Бірақ, жыл сайын бұл үрдіс даму үстінде, оған бірнеше министрліктер қатысуда. Бірақ олардың жұмысында ашықтық жоқ болуы себепті – бұл жұмыстың нәтижесі де қоғамға біршама белгісіз күйде қалуда.

Қазақстанда азаматтық қоғамның дамуына теріс әсер ететін факторлар:

1. Сөз бостандығын шектеу – ілгерілеуге қарамастан, тәуелсіз БАҚ пен азаматтық белсенділерге қысым көрсету жағдайлары сақталуда. Бұл «салада», әсіресе, әкімшіліктер өте «белсенділік» танытуда. Себебі, олар әлі де «сақтансаң – сақтайды» деп әрекет етіп, азаматтық қоғамның тез аяққа тұрып кетуінен гөрі, өздерінің «қызметтік тыныш жағдайына» көбірек алаңдайды деуге болады. Бұл тоқырау билік жүйесі толығымен жаңа форматтағы ойлайтын азаматтармен алмасқанша жалғаса береді деуге болады;

2. Бюрократиялық кедергілер – ҮЕҰ-ны тіркеу және олардың жұмыс істеуі барысында кездесетін қиындықтар. Бұл мәселе кейінгі кезде қиындады дейді көптеген азаматтар. Бірақ, бұрынғы коррупциялық жүйе кезінде көп адам тамыр‑таныстық арқылы «тіркеліп» алатын. Қазір, цифрлық кезеңге көшкелі, ҮЕҰ Жарғысына және өзге құжаттардың заңға сәйкес жасалуына талап күшейді. Халық осыған әлі үйрене алмай жатыр ‑ бұрынғы «тамыр‑таныстық» жүзеге аспай қалды. Сондықтан, аз уақыттан соң, азаматтар тіркеу құжаттарын дұрыс жасауды меңгереді, сөйтіп, бұл кедергілер азаяды деп болжауға болады.

3. Құқықтық мәдениеттің төмендігі – азаматтардың өз құқықтары мен мүмкіндіктері туралы жеткілікті хабардар болмауы. Әрине, қазіргі интернет заманында азаматтардың құқықтық сауттылығын жетілдіру біршама жеңілдеді. Алайда, ол азаматтар құқықпен бетпе‑бет келген жағдайда ғана жүзеге асуда. Өйткені, ұзақ жылдар бойы билік жүйесіндегі заң тұрғысында орын алған өрескел қателіктер азаматтық қоғамдағы «құқықтық апатияны» туындатты. Халықтың заңға деген сенімі төмендеді. Қазіргі «әділетті қоғам орнату» ұмтылысына қарамастан, ондай заң бұзушылықтар, яғни, заңды белгілі бір шенді қызметкерлердің, бай адамдардың, не мүдделі тараптың ыңғайына бұру әлі де орын алуда. Мысалы, Алматы қаласы тұрғындарының «құрылысты өзен жағасынан 35 метр қашықтату» туралы заңды талабы ескерілмей, бұрынғы олигарх‑депутат жеке құрылысын одан әрі жалғастырып жатыр... Бұл бір ғана мысал. Яғни, бізде әлі де «Күштінің желі диірмен тартады» деген заңбұзушылықтың нормиалары сақталуда, сыбайласқан жақ «өз үстемдігін» сақтауға ұмтылуда дегенді білдіреді;

4. Қаржылық қиындықтар – азаматтық қоғам ұйымдарының шектеулі ресурстары, гранттарға тәуелділігі. Бірақ, жыл сайын осы салаға бөлінетін қаржының өзі де әділетті жүзеге аспай жатыр. Кейбір, билікпен «әріптес» болан ұйымдар жыл сайын грант ұтып алуды жалғастыруда, бірақ, нәтиже аз. Сол себепті, «жаңа проектілер конурсын» өткізіп, гранттарды Ұйымдарға емес, ұтымды бағдарламаларға беруді жаппай біріздендіру қажет сияқты;

5. Қоғамдық немқұрайлылық – азаматтық қоғам институттарына деген сенімнің төмендігі және қоғамдық өмірге қатысудың әлсіздігі. Қоғамдық ұйымдардың жұмыс істеу тәсілдері жылдан‑жылға еш өзгеріссіз қалуда. Олар өз жұмыстарын «қоғамдандырумен» айналыспайды. Сөйтіп, «өнім өндіру» кезеңінде, грант қаржысын түгеседі де ‑ жұмысын тоқтатады. Өз бағдарламаларын соңына дейін апармайды. Билік те оған қайтып оралмайды.

Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту үшін қажетті шаралар:

1. Заңнаманы жетілдіру – ҮЕҰ мен БАҚ қызметін реттейтін неғұрлым либералды заңдарды қабылдау;

2. Бюрократиялық кедергілерді азайту – қоғамдық ұйымдарды тіркеу және олардың қызметін жүргізу рәсімдерін жеңілдету. Ол үшін, Әділет министрлігі бір субьектіден тапсырылған құжаттарды қайта‑қайта «Мынадай заң талабы орындалмады» деген Бұйрықпен қайтара бергенше, өз тарапынан «құжаттарды дұрыс толтыру» сервисін іске қосса – бұл процесс әлдеқайда жеңілдер еді. Осының заңнамалық негізін жасау қажет сияқты;

3. Азаматтық белсенділікті танымал ету – азаматтардың хабардарлығын арттыру мақсатында білім беру және ақпараттық науқандар жүргізу. Бірақ, ондай науқандар көбіне формальды сипатта жүреді. Дегенмен, бұл мәселе үнемі, үздіксіз атқарылғанда ғана іске асатын болғандықтан – оған құқық қорғау органдары, әкімшіліктер, ҮЕҰдар жаппай, өзара әрекеттесе атсалысуы керек;

4. Тәуелсіз БАҚ-ты дамыту – баспасөз бостандығын қамтамасыз ету және балама ақпарат көздерінің қолжетімділігін арттыру. Тәуелсіз БАҚ үлесін үздіксіз арттырып отыруға алдымен биліктің өзі мүдделі болуы тиіс. Онсыз бұл жүзеге аспайды;

5. Еріктілікті қолдау – волонтерлік қозғалысты дамыту үшін жағдай жасау және жастар бастамаларын ынталандыру. Волонтерлік болуы үшін, қоғамның белгілі бір мүшелері «ерікті» болып жұмыс жасауға дайын болулары керек. Бұл – қоғамдағы қалыптасқан моралдік принциптерге тәуелді: мейірімді қоғамда «еріктілер» көбейеді;

6. ҮЕҰ-ны экономикалық қолдау – азаматтық бастамаларды қаржыландыру бағдарламаларын әзірлеу және гранттық қолдау көрсету. Бұл да аса маңызды. Өйткені, мемлекеттік қаржылық қолдау мен меценаттық қозғалысты дамыту қатар жүруі тиіс. Бірақ, біздегі олигархия тобы шектеулі ғана және олар азаматтық қоғам дамуына мүдделі емес болып қалыптасты.

Қорытынды: Қазақстандағы азаматтық қоғам қалыптасу кезеңінде тұр және оның дамуы көптеген факторларға байланысты. Мемлекет осы бағытта реформалар жүргізіп жатыр ‑ цифрландыру және азаматтық белсенділікті арттырудың жолдары іздестірілуде.

Бірақ, бұл жеткіліксіз. Елімізде әлі де ескі автократиялық қоғамға тән «сөз бостандығын шектеу» және өзге де «әкімшілік‑бюрократиялық кедергілер» көптеп кездеседі. Бұл болашақ үшін сын-қатерлер.

Азаматтық қоғамды табысты қалыптастыру үшін заңнамалық реформалар жүргізіп, мемлекеттік күш‑жігерді тәуелсіз бастамаларды қолдауға, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, экономиканың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, қоғамда ғылым‑білім құндылығын қалыптастыруға арналған кешенді басқару тәсілдерін айналымға тездетіп енгізу міндеттері тұр.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

12 пікір