Балалар әдебиеті – ұлттың рухани дамуының өзегі

Балалар әдебиеті – әр ұлттың рухани дамуының өзегі. Бұл жанр жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырып, мәдени және рухани құндылықтарды бойына сіңіруінде маңызды рөл атқарады. Еліміздегі балалар әдебиеті кеңес дәуірінен бері даму жолынан өтіп, бүгінде жаңа кезеңге қадам басты. Алайда қазір бұл салада бірқатар мәселелер сақталғаны анық.
Кешегі замандағы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұзафар Әлімбаев, Сапарғали Бегалин сынды жазушылар балаларға арналған шығармаларын шын жүрегімен, нағыз пейілімен жазды. Олардың қаламынан туған ертегілер, өлеңдер, әңгімелер қазақ әдебиетінің алтын қорына еніп, күні бүгінге дейін оқылып келеді.
Қазіргі уақытта бұл жанр жаңа бағытта дамып келеді. Жас қаламгерлердің туындылары әр басылым бетінде жарық көріп, қазақша аударылған әлемдік шығармалардың саны да жылдан жылға арта түсті. Дегенмен, бірқатар маңызды мәселелер бізді осы мақаланы жазуға итермеледі. Ең алдымен аталған саладағы авторлардың тапшылығы. Балаларға арналған сапалы әдеби шығармалар жазатын авторлар өте аз. Жас жазушылар бұл салаға қызығушылық танытқанымен, олардың қатары көп емес. Сонымен бірге кітаптардың аздығы және таралым мәселесі де көкейіміздегі көп сауалдың бірі.
Балалар әдебиетіне арналған кітаптардың саны шектеулі екені рас. Әсіресе, қазақ тіліндегі сапалы кітаптардың тапшылығы кітап сататын дүкендерге барғаныңызда бірден байқалады. Ал бұған қазақша аударма сапасының төмендігін қосыңыз. Соңғы жылдары әлемдік балалар әдебиетінің қазақ тіліне аударылған нұсқалары көбеюде. Алайда, олардың тілі көркемдік талаптарға сай келмей жататын жағдайлар жиі кездеседі.
Біз сөз етіп отырған мәселелерді шешу жолдары аталған саланы дамытудың әдістері деп білген жөн. Мысалы, жас жазушыларды қолдау ауадай қажет екені сөзсіз. Балалар әдебиетін дамыту үшін жас қаламгерлерге арналған гранттар мен байқаулар санын көбейту қажет. Мемлекет және жеке қорлар арқылы балалар әдебиетіне қызығатын жазушыларға қаржылай қолдау көрсету маңызды. Балалар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру да ұлтымыздың мәдениеті, балалар әдебиетін алға жылжытудың бір жолы болмақ. Мектептерде, балабақшаларда кітап оқу сағаттарын ұйымдастыру, балаларға арналған әдеби фестивальдер өткізу – оқырман мәдениетін дамытуға көмектеседі.
Жазбамызға тұздық ретінде балалар әдебиетімен айналысып жүрген жас қаламгер Әдина Жүсіпті сөзге тарттық: «Технология дәуірі балалардың құштарлығы мен арманын шынымен өзгертіп жатыр. Бұрынғыдай «батыр болсам» емес, қазір «жетістікке жетіп, жаңалық ашсам», «өз қолыммен ерекше дүние жасасам» деген мақсаттар жиі кездеседі. Олардың ойы кең, арманы жаһандық деңгейде. Сондықтан, жаңа буынға арналған шығармалар да осы өзгерістерді ескеріп, оларды дамуға ынталандыратын, ұлттық құндылықтарды да қамтитын туындылар болуы керек. Балалар әдебиеті дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімінен тұруы тиіс. Ұлттық болмыс сақталып, сонымен қатар қазіргі заман тақырыптары мен балалардың ойлау жүйесіне сай бейімделген мазмұн жасалу керек».
Сөз арасында қаламгерге «балалар әдебиеті туралы байқаулар жиі өтіп тұрмайтыны анық. Негізінде сол арқылы да аталған саланы дамытуға болар, сіздің ойыңыз қалай?» деген сұрақты да қойдық. Оған да жауап алдық. «Тақырып аясын тарылтпай, орын санын шектемесе, біраз адам жазады деп ойлаймын. Сонан кейін әділқазылар ашық шығып, шығарманы талдаса, дұрыс-бұрын айтса, бірінші жылы жақсы шығарма жаза алмаған жазушы келесі жылы жақсы жазар ма еді деп ойлаймын. Байқаудың әділ өтетініне сенімді болады. Байқау өтіп жатқаны туралы ертерек хабарландыру берілсе, себебі көп байқаулардың өтіп кеткенін ғана естіп жатамыз. Екінші мәселе өте аз уақыт беріледі. Көбісі жазып, қатысуға үлгермейді. Қазір біраз танымал баспалар бар. Сол баспалар жазушылармен тікелей жұмыс істеп, кітап жазуға тапсырыс берсе, шағын роман да, басқа да жазылады. Жазушылар ынталанса, қаржылай қолдау тапса балаларға лайықты, әрі қызықты, қолдан-қолға түспей оқылатын шағын романдар жазылады. Әрі ол шығармалар қазақ қоғамына өтеді. Қазір көп баспалар шетел балалар жазушыларының шығармаларын аударып басып жатыр. Солай қазақ балалар жазушыларымен жұмыс істеуді ұйымдастырса керемет болар еді. Одан кейін қандай тақырыпта жазатынын жазушының өзіне қалдыру керек. Шығармаға араласса жақсы дүние шықпауы мүмкін», дейді Әдина Жүсіп.
Еліміздегі балалар әдебиеті дамып келе жатқанымен, әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер бар. Балалар әдебиеті тек оқулықтар мен ертегілермен шектелмеуі керек. Ол жан-жақты дамып, бүгінгі заманға сай жаңа форматтарға бейімделуі қажет. Мемлекет, жазушылар, баспалар және ата-аналар бірігіп, балалар әдебиетіне қолдау көрсетсе, болашақта қазақ балалар әдебиеті өз деңгейінде дамиды.
Дүйсенәлі Әлімақын
Abai.kz