Алпауыт елдер ойын ережесін өзгерте береді

Біз – ұзақ жылдар бойы әлемдік саясатқа араласпаған елміз. «Мәскеу біледі, Мәскеу шешеді» деп 70 жыл бойы жүрдік. Соған үйреніп те қалдық. Ал қазір, тәуелсіздік алған уақытта бәрін өзімізге шешуге тура келіп тұр. Қиын ба? Әрине, қиын. Ал тәуелсіздік алаңсыз бақытты күндер кешуден тұрады деп кім айта алады? Тәуелсіздік бақпен бірге жауапкершілікті де арқалап келеді.
Соны түсінгенде ғана біз ел ретінде қалыптасамыз. Бүгінгі әлемдік саясат үлкен деформацияға ұшырап жатыр. Мұндай жағдайда ірі мемлекеттер өз үстемдігін сақтап қалуға тырысады, өз мүддесін қорғайды, Мәселен, Қытайдың өз көзқарасы бар. Еуро Одақ мүшелерінің де ішкі есебі жоқ емес. Үш жылдық соғыстан қажыса да, Ресейдің де әлемді қайта бөлу процесінен қалыс қалғысы жоқ. Түркия мен Индия да ірі ойыншылар қатарына қосылды. Бәрі де, сіздер мен біздерге емес, осы елдердің мүдделерінің тоғысуына байланысты. Қытайдың Азияда жалғыз доменантты рөльге ие болып қалмауын ойласа, АҚШ Ресейдің біржола құлдырауына жол бермейді. Еуро Одақ Украинаның қолымен Ресейді біршама әлсіретіп, энергетика көздері мәселесінде көнбіс қылғысы келеді. Алайда олар да Ресейдің құрдымға кеткенін қаламайды. Себеп сол баяғы – Қытай. Бірақ Ресейдің соңғы жылдары Қытаймен тым жақындасуы да коллективтік Батысты мазалайды. Сол себепті олар Украина картасын шамасы келгенше аяғына дейін ойнатады. Түркия бүгінде ірі регионалдық лидерге айналды. Оның амбициялары тек түркі елдерін біріктірумен шектелмейді. Түпкі мақсат – барлық мұсылман елдерін өз ықпалына алу. Қытай экспансиясын тежеу үшін АҚШ Түркияның бұл ниетін қолдауы әбден мүмкін. Әсіресе, Түркі қауымдастығын нағайту ісінде. Бірақ оған Ресей мен Қытай қарсы. Оның үстіне Түркияның өз ішіндегі ахуал дәл қазір мәз емес. Ел қақ бөлінуге дайын тұр. Өзбекстан да оңтүстігіндегі Ауғаныстанға қарап отыр. Талибан үкіметінің Тәжікстанды бір аптада басып аламыз деген мәлімдемесі оларды да алаңдатпай қоймайды. Ар жағында, келесі кезекте біз тұрмыз. Демек, бізге қауіп тек шығыс пен солтүстіктен емес, оңтүстіктен де келіп тұр.
Қазіргі таңда Еуропаға қоқан лоққы көрсетуге Ресейдің шамасы жетпейді. Үш жылдық соғыста әбден қажыды. 1 млн-ға жуық әскерінен айрылды. Сондықтан жақын арада Еуропа елдері Орта Азияға ықпал ету үшін күресе бастайды. Және күрестің көкесі әлі алда. Әр тарапты мүдделер тірескен жерде кез-келген сценарий болуы мүмкін. Өкінішке орай, ірі мемлекеттердің жұлдыздары қарсы болған кезде БҰҰ емес, НАТО, ОДКБ секілді әскери бағыттағы блоктардың дегені жүреді. Қалыптасқан жағдайда бір нәрсе анық. Өзге елдер бізбен саннасын десек, Түркі елдеріне бірігуден, оның ішінде әскери одақ құрудан басқа жол жоқ. Бірақ ол үшін қазақ Түркиядағы саяси теке-тіреске шек қоюы керек. Бүгінгі басты мақсат сонда. Және оны жүзеге асыра алатын Қазақстан ғана.
Қазіргі алаңдататын мәселе – ірі мемлекеттер позициясының тұрақсыздығында болып тұр. Кеше ғана бітіспес жау көрінген АҚШ пен Ресей бүгінде ауыз жаласуға бар. Онымен қоймай, Америка өмір бойы одақтасы болып келген Канадаға қысым көрсете бастады. Не жазды олар Америкаға? Канада экономикасының негізгі қазықтарының бірі – ауыр өнеркәсіп. Ал, Канада өнеркәсібінің өнімін тұтынушы елдердің бірі – АҚШ. Енді дәл сол саланың өніміне АҚШ қосымша 25% баж салығын енгізіп отыр. Мұндай жағдайда Канада өнеркәсібінің бәсекелестік қабылеті күрт төмендейтіні анық. Ал ондай шектеуді АҚШ неліктен енгізіп отыр? Себебі, Канада Трамптың сыртқы саясаттағы жаңа бағытын қолдамай отыр. АҚШ болса, осындай санкциялар арқылы Канаданы өз дегеніне көндіргісі келеді. Украинаның сирек металл өндірісіне қол салмақ ниеті де сол – Канадаға «сенің өніміңе альтернатива бар» дегенді көрсетудің амалы. Міне, осы тәріздес экономикалық соғыс әр жерде жүріп жатыр. Кезіндегі Ирак соғысының да, Сирия дағдарысының да, Украина теке-тіресінің де астарында экономикалық мүдде жатыр. «Ойбай, Иракта биоқару бар көрінеді, ол күллі әлем үшін қауіпті», «Ауғаныстанда экстремистік топтар жасырынуда, оны жоймасақ болмайды», «Украинада фашизм бас көтерді, жөргегінде тұншықтыруымыз керек» деген ұрандар – көз алдау үшін, көпті жоққа сендіру үшін айтылған ұрандар. Кез-келген конфликтінің түпкі себебін экономикалық тиімділік тұрғысынан іздесеңіз қателеспейсіз.
Экономикалық тиімділік демекші, Қытай әзірге «Қазақстанның біртұтастығы мен тәуелсіздігін қолдаймыз әрі қорғаймыз» деп отыр. Алайда оның Ресеймен де жұлдызы қарсы деп айта алмайсың. АҚШ-тың кенеттен РФ мүддесін қорғап шыға келуі бір нәрсені ғана білдіреді. Бұл әлемдегі алпауыт мемлекеттерге «алатын жерлеріңді қазір алып қалыңдар, кейін, жағдай орныққан кезде кеш болады» деген меседж. Соған сәйкес Ресей мен АҚШ, соңынан Қытай да Тай-Вань аралдарын басып алуға хақымыз бар демей ме? Міне, сол кезде ҚХР-ға сенімді серіктес керек болады. Ондай серіктес кім болуы мүмкін? Әрине – Ресей. Бірақ ол да Қытайды қолдағаны үшін ертең ақы сұрайды. Ал, ақы ретінде Қазақстанды өзара қылдай бөліп алайық десе ше? Біреуге мұндай сценарий фантастика болып көрінер. Ондайларға 1939 жылдығы уақиғаларды еске алуға кеңес берер едім. Сол жылы Германия мен Кеңес Одағы Польшаны теңдей бөліп алмап па еді. Одан кейін 1945 жылы Германияның өзін АҚШ пен СССР екі бөлікке бөлді. Алпауыт елдердің бұл әрекетіне кім және не деп қарсы тұра алды? Оңтүстік пен Солтүстік Корея ше?
Берідегі Югославия, Оңтүстік Судан мен оның солтүстігі, Сирияны алыңыз. Судай аққан қан, қашып-босқан халық, дүние мүлкі талан-таражға түскен елдер...
Бізге бір нәрсені анық түсіну қажет. Алпауыт мемлекеттер кез-келген мәселені қашанда тек өз мүдделері тұрғысынан шешеді. Және ойын ережесін өздерінің қалауы бойынша өзгерте береді. Оған қазіргі теріс айналып түскен АҚШ позициясы дәлел. Неліктен олар Ресейдің Украина территориясының бір бөлігін тартып алуына қарсы болмай отыр? Қарсы болғаны былай тұрсын, соған Зеленскийді көндірмек. Себебі, АҚШ-тың келешекте Гренландия аралдары мен Панаманы өзіне қаратып алу жоспары бар. Трамп тіпті Канаданы АҚШ-тың 56-ншы штаты қылмақ ойын жасырмайды. Сол кезде оларға ешкімнің қарсы болмағаны керек. Бір сөзбен айтқанда, алып мемлекеттер өз амбицияларын жасыруды қойды. Бұрындары «демократия үшін», «тарихи әділдік үшін» деген лозунгтарды желеу етсе, бүгінде еш нәрседен қымсынбайтын болды. «Бұл біздің стратегиялық мүддеміз үшін қажет» дейді. Бітті сонымен әңгіме.
Бүгінде олардың ашылған аранын шектейтін бір ғана ұйым бар. Ол – БҰҰ. Өкінішке орай, оның беделі соңғы 20-30 жылда күрт төмендеп кетті. БҰҰ-ның беделін түсіруге атсалысқан да сол – алып мемлекеттер. Себебі, оларға өз дегендерін жүзеге асыру үшін еш кедергі болмауы керек. Бүгінде бұл халықаралық ұйымның резолюциялары орындалмайтын, тіпті еленбейтін кездер аз емес. Алысқа бармай-ақ, Ресей мен Украинаны алыңыз. РФ БҰҰ-мен де, оның қауіпсіздік кеңесімен де келіспестен, көршісінің жеріне басып кірді.
Солай бола тұрғанымен, БҰҰ бүгінде, әсіресе шағын мемлекеттерге ауадай қажет. Тек сол ұйымның төңірегіне бірігіп, оның беделін көтергенде ғана халықаралық аренада белгілі бір әділеттілікке үміттенуге болады. Сондықтан да ҚР президенті Тоқаев халықаралық кездесулердің бәрінде: «Біз ең алдымен БҰҰ жарғысын негізге аламыз», – деуден жалықпай келеді. Сөйтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымын шама-шарқынша қолдауға тырысады. Ол сөздерінің басқа да астары бар. Мәселен, бүгін болмаса, ертең ОДКБ шешімі БҰҰ жарғысына қарама-қайшы келсе, онда Қазақстан БҰҰ заңдарын басшылыққа алады деген сөз. Себебі, ОДКБ – аймақтық құрылым, ал БҰҰ, қалай болғанда да, әлемдік ұйым.
Бір нәрсе анық. Бізге дәл бүгінгідей аумалы төкпелі уақытта нендей жағдай болса да жеті рет өлшеп барып шешім қабылдаған абзал. Кез-келген шалыс басылған қадам, тіпті ойланбай айтылған сөз орны толмас трагедияға алып келуі ықтимал. Аяғымызды шалыс баспайық, ағайын!
Abai.kz