Қос жыраудың айтысы...

Айтыс біздің журфакқа сексен бесте, қайта құрумен бірге келді. Аяқ астынан аспаннан түскендей болған бұл «бақытқа» алғашында абдырап қалғанымыз рас. Жазба ақындары жыртылып айрылатын журфактан айтыс аламанына атойлап шығатындар да оңай табылды. Тіпті, суырып салмай-ақ қағазға жазғанды оқып беретіндер де көрініп қалды.
«Айтыс деген өр өнер, есіл өнер,
Айтыс десе бел буып, шешінеді ел,
Суырып салмай қағазға қарап айтқан,
Ұрпағыңды бабалар кешіре гөр!» деген шумақ та сол кезде шыққан.
Журфактың дәлізінде жан алысып, жан беріскен айтыс болып жатқан кезде Табылды Алманияда әскерде жүрген. Дегенмен бұл доданың қызықтары «авиа» маркалы хаттармен әскердегі жанкүйер біздерге де жетіп жататын. Жерлесі Светқали айтысқа түскелі жатқанын естіген Табылды «брат» ретінде былай деп хат жазады ғой.
«Айтыста ақын озбас па,
Туғаннан кейін Адай боп.
Жеңіп бір шықсаң, сөз басқа,
Жеңіліп қалсаң, «не дай бог!..»
Көп ұзамай өзі де елге оралды. Алғашқы әрі соңғы айтысына куә болып едім.
...Сол сексен алтының көктемі. Қалалық студенттер айтысы мәреге таяп қалған кез болатын. Досымыз қарсыластарын қоғадай жапырып ақтық сынға шықты. Қарсыласы да белгілі. Орта бойлы, арықша келген бозбала – айтыскерден гөрі әншіге көбірек ұқсайтындай. Және де ақындыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «политехтан» көрінеді өзі. Бір қызығы, баяғының сал-серілеріндей қасында әншісі бар, ақыны бар, бір қауым ел жүр. Айтыстың ақтангерi – Баянғали ақын да жаңағы «сырбаздың» командасында. Табылдың маңайында төрт-бес ашқұрсақ студенттер ғанамыз. Қалай десе де досымыз жеңіске жетеді деген сенім бар. Олжас ақынның да «политехтан» шыққанын естігенбіз. Алайда ол – Олжас қой! Ал, мынау...
...Айтыс ә дегеннен екі жақтың бір-біріне төкпелі жыр селдетуiнен басталды. «Полтехымыз» күміс жырды «күлдір, күлдір кісінетіп», керемет дауысымен шырқап кеп жібергенде жиналғандар Әмiре тіріліп келгендей күй кешкені анық. Айтысып жатыр ма, әлде, біз білмейтін бір жыраудың жырына сусындатып жатыр ма, ол жағын ажырату қиын енді. Табылды да саспады. Қоңыр даусымен өзінің мiрдің оғындай өткір өлеңдерін қарсы қойып жатты. Текетірес ұзаққа созылды. Сәл үзіліс жасалып, оның қайта жалғасқаны, сол кезде әлгі әнші-ақынның жанындағы ақылшыларының кішігірім кеңес өткізгені де есте қалыпты. Әйтеуір, екеуі де бір-бірін ала алмады. Бас жүлде екеуіне де тең бұйырды. Мұндай ғажайып айтыс сол кездегі телевизия басшыларының да құлағына шалынып, аз уақыттан соң қос айтыскердi студияға шақырып, сөз сайысын арнайы жазып алды. Кейін сол түсірілімдi телевизия мұрағатынан іздеп көргенмін. Табылмады. Әлі де іздеймін. Табылуы тиіс!
Тағдыр деген қызық қой. Сол екі студентті арада жылдар өткен соң қазақ халқы «жырау» деп атады. Екеуі де ел аузынан түспейтін ерекше дарын екендіктерiн дәлелдеді. Бірі – біздің досымыз, қазақтың тұңғыш бард әншісі Табылды Досымов еді. Екіншісі – ғасырлар қойнауынан жеткен жыраулық дәстүрдің мұрагері, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханов болатын...
Арман Сқабылұлының естелігі
Abai.kz