Стипендия: Қандастар, қапы қалмаңдар!

Қазақстанда қандастарға арналған стипендиялық бағдарламаға құжат қабылдау басталды...
Қазақстан шетелдік талапкерлерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік беретін стипендиялық бағдарлама жариялады. Құжат қабылдау 2025 жылғы 30 наурыз бен 31 мамыр аралығында онлайн түрде жүргізіледі. Үміткерлер өтінімдерін studyin.kz/admission сайты арқылы тапсыра алады.
Биыл бөлінген грант саны:
Бакалавриат – 490 грант
Магистратура – 50 грант
PhD докторантура – 10 грант
Бағдарламаның операторы – «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ.
Бұл бастама шетелдік жастар үшін Қазақстанда сапалы білім алуға жол ашып қана қоймай, еліміздің білім беру жүйесін халықаралық деңгейде ілгерілетуге де серпін бермек. Үміткерлер өтінімді қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде тапсыра алады.
Бакалавриатқа түсушілерге қойылатын негізгі талаптар:
- Жеке басын куәландыратын құжаттың (соның ішінде босқын куәлігі болса – оның да) көшірмесі;
- Орта білім туралы құжат пен транскрипттің нотариалды куәландырылған аудармасы (қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде);
- Орташа оқу үлгерімі кемінде “жақсы” болуы қажет (босқын мәртебесі бар үміткерлерге талап жеңілдеуі мүмкін);
- Орта білім құжаты болмаған жағдайда – оқу орнынан анықтама мен ағымдағы бағалар көрсетілген құжат (аудармасымен бірге);
- Қазақ, орыс немесе ағылшын тіліндегі уәждемелік эссе;
- Бұрынғы оқу орнынан немесе жұмыс берушіден екі ұсыным хат;
- Денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама және АИТВ/ЖҚТБ жоқтығын растайтын анықтама;
- Толтырылған сауалнама (https://bolashak.gov.kz/.../mitkerge-ojylatyn-talaptar);
- Қазақстандық жоғары оқу орнынан шақыру хаты (егер бар болса).
Ерекше атап айтатын бір түйін: бұл бағдарлама аясында әсіресе шетелдегі қазақ диаспорасына ерекше мүмкіндік беріліп отыр. Қазақстан шекарасынан тысқары жатқан қандас жастардың тарихи отанында білім алуына барлық жағдай жасалуда. Бұл –Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі қазаққа арнаған шынайы жанашырлығының көрінісі.
Мемлекет шетелдегі қандастардың білім алып, елге қызмет етуіне жол ашу арқылы ұлт бірлігін нығайту, рухани байланыстарды бекемдеу және білімді жастарды ел дамуына жұмылдыруды көздейді.
Стипендиялық бағдарлама аясында білім алу ғана емес, шәкіртақы, жатақхана, медициналық сақтандыру және өзге де әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Бұл – Қазақстанның халықаралық білім нарығындағы тартымдылығын арттырумен қатар, өз ұлтына деген жанашыр саясатының бір көрінісі.
Толық ақпаратты https://bolashak.gov.kz/kz/ctipendiyaly-badarlama сайтынан қараңыз.
Abai.kz