Сәрсенбі, 30 Сәуір 2025
Аласапыран 267 0 пікір 30 Сәуір, 2025 сағат 15:22

Трамптың биліктегі 100 күні

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Трамптың Ақ үйге қайта оралып, екінші президенттік мерзімін бастағанына 100 күн толды.

Қаңтардың 20-сы күнгі ұлықтау мүрәсімінде «Американың алтын ғасыры бүгіннен басталады» деп мәлімдеген ол сол күннен бастап тариф шоқпарын көтеріп, әкімшілік биліктің пәрменін күшейтті. Федаралдық жобаларды тоқтатты. Барлық салада: құқық, медсақтандыру, оқу-ағарту саласында реформаны қолға алды. Америкалықтарға өзі билік құратын 4 жылда Американың дәстүрлі сенімін, еркіндігі мен демократиясын, байлығын өзіне қайтарып, құлдыраудан құтқаруға уәде берді.

Берген уәделері шындықтан алшақ болса да, кейінгі айларда да сол сөзінен танған жоқ.

Сыртқы саясаттағы оның аты шулы «Канаданы АҚШ-тың 51-ші штатына айналдыру», «Панама мен Гренланд аралын қосып алу», «Палестиналықтарды көшіріп, Газаны жұмаққа айналдыру» бастамалары әлем жұртының наразылығын тудырды. Украина мен Ресей соғысында Путинді айыптаудың орнына, Зеленскийді кіналап, әбден шатасты. Оның әлем елдеріне ашқан тариф соғысы ел сыртында ғана емес, ел ішінде де оған деген сенімге селкеу түсірді.

Америкалықтардың Трамптың жүз күніне бағасы да екіге жарылды. Сауалнамаға қатысқан жандардың 66 пайызы оның жүргізген саясатын «дүрліктіру» деп бағаласа, 59 пайызы «қорқынышты» деп сипаттаған. Оны қолдаушылар қатары бастапқы 48 пайыздан 42 пайызға төмендеген.

Соған қарамастан Трамптың партиялас жақтастары «оны 21-ші ғасырдағы ең керемет президент» деп көкке көтеруде. Ақ үй баспасөз хатшысы Трамптың жүз күнін «АҚШ тарихындағы ең шұылалы мерзімнің бастауы» деп сипаттады.

Демократтар болса Трамптың билікті монополиялап алғанына наразылық білдіруде. Бұған әрине Трамптың аузынан қағынып: «Үшінші рет президент болуға кет ары емеспін» дегені себеп болғаны анық.

Ал Трамп жүз күндікке орай: «Біз істеуге тиістінің бәрін істедік немесе істеу үстіндеміз. Бір ғана көші-қон мәселесін алсақ, біз оны 99.9 пайызға жеткізе орындадық. Сауда жағынан бұрын біз күніне миллиардтаған доллар зиян тартып келдік. Енді міне көп өтпей күреп ақша табатын боламыз», - деп пікір білдірген.

Десе де демократия партия өкілдері оның шешімдерімен келіспейді. Олар: «АҚШ-тың орта тап өкілдері Трампқа дауыс берем деп оңбай алданды. Оның тариф соғысы нарықтың астаң-кестеңін шығарды», - деп санайды.

Халықаралық сарапшылар да Трамптың әлемдік экономикаға, геосаясатқа түбегейлі өзгеріс әкелген жүз күнін әлемдік деңгейдегі жер сілкінісіне балап, «Трамп әлемнің нөмірі бірінші қуатты елі саналатын Американың ғана емес, жаһанның тағдырын басқа арнаға бұрып жіберді» деп пікір білдіруде.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2584
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5490
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4816