LRT ісі: Талғат Ардан Түркияда тұтқындалды

Астана LRT-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталды – ол елге депортацияланады.
Түркия сотының шешімі және оның ұсталғаны туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
"Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталып, жақын арада елге қайтарылады.
ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, "Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды экстрадициялау туралы өтініш Қазақстан Бас прокуратурасымен Түркия Әділет министрлігіне 2019 жылы жолданған.
«Ағымдағы жылы ҰҚК оның нақты орналасқан жерін анықтап, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталья қаласында ұстады.
9 мамырда Анталья соты Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта ол қамауда отыр. Аталған тұлғаны Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдер қазақстандық уәкілетті органдармен басталды», – делінген Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.
2024 жылы Астана қаласының соты Талғат Арданды қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін, мемлекетке 85 миллиард теңгеден астам шығын келтіргені бойынша сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Abai.kz