Бейсенбі, 15 Мамыр 2025
Білгенге маржан 395 0 пікір 15 Мамыр, 2025 сағат 11:43

«Гитлер күнделіктері» Британ баспасөзін қалай алдады?

Сурет: Stern журналынан алынды.

Қазақ «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деп бекер айтпаған ғой. Мейлі қай саладағы өтірік пен былық болсын, тез ашылып, көп өтпей жұртқа жария болары анық. 1983 жылы сәуір айында Германияның «Stern» журналы мен Британияның «The Sunday Times» газеті ХХ ғасырдың ең таңғаларлық тарихи жаңалығын ашқандай болды. Алайда бұл оқиға шын мәнінде ғасырдың ең шулы өтірігіне айналды. Оның салдары миллиондаған шығынға және талай беделді адамның абыройының айрандай төгілуіне алып келді.

1983 жылы 25 сәуірде, яғни осыдан 42 жыл бұрын немістің беделді «Stern» журналы бұрын беймәлім болған Адольф Гитлердің жеке күнделіктерін жариялады. Осы жаңалықты әлемдік БАҚ-қа көрсету үшін журнал сол күні Гамбургте баспасөз конференциясын өткізді. Бұл жаңалық расында да бүкіл әлемнің басты тақырыбына айналды.

Үш күн бұрын Stern журналының Лондондағы редакторы Питер Уикман BBC News-ке берген сұхбатында: «Біз бұл күнделіктердің түпнұсқа екеніне толық сенімдіміз», деген болатын. «Алғашында күмәніміз болды, бірақ біз графолог сарапшын жұмысқа тарттық, күнделікті мамандар мұқият тексеріп, онымен жұмыс істеді. Тарихшылар, соның ішінде профессор Тревор-Ропер де оларды түпнұсқа деп таныды», деді ол.

Күнделіктер 1932 жылдан 1945 жылға дейінгі кезеңді қамтып, Гитлер билік еткен үшінші рейхтің бүкіл дәуірін суреттеген. «Барлығы 60 күнделік бар, мектепке пайдаланылатын дәптерге жазылған, бірақ қатты мұқабалы. Сыртында свастика мен бүркіт бейнеленген мөрлер бар, ал ішінде — Гитлердің готикалық жазуы», деді Уикман BBC-ге.

«Stern» журналы бұл күнделіктер Гитлер туралы бұрын белгісіз деректерді ашып, тарихты қайта қарауға себеп болады деп ойлады. Күнделіктерде фюрердің іш кебу мен ауыздан шыққан жағымсыз иіске байланысты мәселелері, сүйіктісі Ева Браунның Олимпиада билеттерін алуы, тіпті Сталинге туған күніне құттықтау жіберу ниеті туралы жазбалар енген. Ең таңғаларлығы – бұл жазбаларда Гитлердің Холокост жайлы хабарсыз болғаны аңғарылады.

Бұл күнделіктерді таптым деген журналист «Stern» журналының тілшісі Герт Хайдеман еді. Ол нацистік жәдігерлерге әуестігімен танымал болатын. 1973 жылы аталған журнал оған Гитлердің көмекшісі болған Герман Герингке тиесілі ескі яхта жайлы мақала жазуды тапсырған. Бірақ Хайдеман бұл яхтаны өзі сатып алып, жөндеуге ақша жұмсады. Сосын Герингтің қызы Эддамен жақын танысып, бұрынғы нацистермен  араласты. Осы байланыстар арқылы ол Гитлердің күнделіктеріне кезіктім деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл күнделіктерді ұшақ апатынан кейін шөп қорада сақтап келген, кейін олар Шығыс Германиядағы бір коллекционердің қолына өткен. Хайдеман сол адаммен мәміле жасап, күнделіктерді сатып алуға «Stern» журналы атынан делдал болды. Сенсациялық материалдың қызығына түскен журнал сақтық шараларын ұмытып, қолда бар ақпартты құпия ұстайды. Мысалы, сарапшыларға күнделіктерді тексеруге тек бірнеше бет қана берген. Сатып алу үшін журнал 9,3 миллион неміс маркасы (шамамен £2,3 миллион) төледі және оларды Швейцария сейфінде сақтады.

Күнделіктерді алғаш қарап шыққан тарихшы, профессор Хью Тревор-Ропер (Лорд Дэйкр). Ол 1947 жылы жарық көрген «Гитлердің соңғы күндері» атты кітабымен танылған, нацистік Германия бойынша беделді маман еді. Ол алғашында күмәнданғанымен, күнделіктердің көптігі мен сарапшылардың пікірі оны сендіргендей болады.

«The Times» басылымының бас редакторы Чарльз Дуглас-Хоум BBC-ге берген сұхбатында былай дейді: «Мұншама көлемдегі құжатты қолдан жасау мүмкін емес сияқты. Бұл жай ғана күнделіктер емес, Гитлердің суреттері, партиялық билеті, көркемсурет мектебіне тапсырған суреттері, тіпті майлы бояумен салған картинасы да бар. Мұны қолдан жасаушы шынымен шебер болуы керек».

Осыған сенген Лорд Дэйкр күнделіктерді түпнұсқа деп мақала жазып, тарихты қайта бағалауға шақырды. Жаңалық тарала бастаған соң, басылымдар арасында күнделіктерді жариялау құқығы үшін бәсекелестік басталды. «The Sunday Times» құрылтайшысы Руперт Мердок өзі Цюрихке ұшып барып, келісім жасасты.

Алайда баспасөз мәлімдемесі алдында-ақ күмән туа бастайды. «The Sunday Times» журналистері бұған дейін де алданған болатын. 1968 жылы газет Муссолинидің күнделіктеріне аванс берген, бірақ олар Милан маңындағы Верчеллиде тұратын екі қарияның жасаған жалған дүниесі болып шыққан.

Атышулы алаяқтықтың ашылуы

Мердок күмәнға қарамастан, редактор Фрэнк Джайлздың ескертуіне құлақ аспай, күнделіктерді жариялауға бұйрық береді. Джайлз Лорд Дэйкрге қоңырау шалғанда, ол күнделіктердің шынайылығына мүлде сенбейтінін айтып, пікірі 180 градусқа өзгергенін жеткізді. Журналист Филип Найтли: «Бөлмеде отырғандардың бәрі орындықтарына сылқ етіп отыра кетті. Себебі біздің басты сарапшымыздың пікірі өзгергені тосын жағдай еді», деп еске алады.

Газет басылымды тоқтатып үлгерер еді, бірақ Мердок: «Дэйкрдің екіұдай пікірі бізге кедергі бола алмайды. Жарияла!» деген. Келесі күні «Stern» журналы баспасөз конференциясында бас редактор Петер Кох күнделіктерге «100% сенімді» екенін айтқан сәтте, Лорд Дэйкр керісінше, өз пікірін өзгерткенін көпшілік алдында мойындады. Ол: «Тарихшы ретінде айтарым,  мұндай маңызды құжаттарды зерттеуде қажетті ғылыми әдістерден бас тартуға мәжбүр болғанымыз өкінішті», деді.

Келесі күні АҚШ-тың қолтаңба сарапшысы Чарльз Хэмилтон BBC-ден күнделіктердің парақтарын көрген бетте: «Жалғандықтың иісін бірден сездім», деп мәлімдейді. Ол қолтаңбаның шынайы еместігін, тіпті арнайы сарапшылар тобының қажеті де жоқ екенін айтты. «Бұл – адамзат тарихындағы ең ірі алаяқтықтың бірі», – деді ол.

Екі апта ішінде жүргізілген химиялық және тарихи сараптамалар бұл күнделіктердің соғыстан кейінгі дәуірде жасалғанын анықтайды. Қағазы, сиясы мен желімі – барлығы соғыстан кейін пайдалануға берілген заттар. Күнделіктерде анахронизмдер, қазіргі заманның сөз тіркестері мен тарихи қателіктер де көп болған.

«The Sunday Times» бұл ақпаратты жариялауды тоқтатып, оқырманнан кешірім сұрады. «Stern» басылымы да көпшіліктен кешірім өтінді. Тергеу барысында күнделіктерді қолдан жасаған адам – жалғанқұжатшы Конрад Куйау екені анықталды. Ол күнделіктерді өзі қолдан жасап, Гитлердің «қарапайым өмірі» жайлы ойдан шығарып жазған. Мысалы: «Жұмыстан шыға алмай, Еваның жанына да бара алмадым», «Поштаға барып, бірнеше жеделхат жіберу керек», «Ева менің аузымнан иіс шығады дейді» секілді жазбалар қосқан. Күнделіктердің мұқабасына «AH» (Adolf Hitler) емес, абайсызда «FH» деген инициалдар жазған. Қағазды ескі қылып көрсету үшін үстіне шай құйып, үстелге қойып, соққылаған.

Куйаудың ең басты айласы – өзінің басқа да қолдан жасаған Гитлер құжаттарын «Stern» сарапшыларына «түпнұсқа» ретінде беріп, олармен күнделіктерді салыстыруға мүмкіндік бергені болды. Яғни сарапшылар жалған құжаттарды өзге қолдан жасалған материалдармен салыстырған.

1985 жылы Куйау алаяқтық пен жалған құжат жасағаны үшін 4,5 жылға сотталды. Хайдеман да жазаға тартылды. Ол «Stern» журналы шығарған ақшаның бір бөлігін жасырып, жеке өміріне жұмсағаны анықталды. Ол өз кінәсін жоққа шығаруға тырысса да, Куйау журналист бәрін білген деп мәлімдеді. Хайдеман 4 жыл 8 айға сотталды.

Бұл алаяқтықтың салдары өте ауыр болды: Лорд Дэйкрдің беделі түсті, «Stern» журналы басшылары қызметінен кетті, «The Sunday Times» редакторы Джайлз да қызметінен алынды. Тіпті Мердок 2012 жылы өткен Левесон тыңдауында: «Бұл менің ең үлкен қателігім болды. Толық жауапкершілікті өз мойныма аламын. Бір өмір сабақ болатын жағдайды бастан кештім», – деді.

Алайда осы жалған жаңалықты жариялаған кезде газет тиражы артты. Ал Мердок алдын ала келісімге «егер күнделіктер жалған болса, ақша кері қайтарылады» деген шарт қойғандықтан, қаржылай шығын емес, керісінше пайда тапты.

Мақала авторы Милес Бурке

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2661
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4329