Ғалым: Түбімізге оралу жолы – Ясауи тағылымы!

Түркістан төрінде өтіп жатқан халықаралық симпозиум - тек ғылыми жиын емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани тұтастығын айқындауға бағытталған іргелі шара.
Бұл бастама – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет», – деп атап өткен еді.
Содан бері қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде, бүгінде Түркістанда «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Ауқымды шараға Германия, Үндістан, Иран, Италия, Ресей, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Жапония сияқты әлемнің 14 елінен 100-ге жуық белгілі ғалым жиналып отыр. Бұл – Ясауи мұрасының әлемдік деңгейде зерттеліп, танылып келе жатқанын көрсетеді.
Түбі Ясауи тағылымына келіп тіреледі
Дінтанушы Мұхитдин Исаның айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – тек діни мәтіндер жиынтығы емес, тұтас бір рухани ілім. Ол қазақ халқының қалыптасуында, Алтын Орда дәуіріндегі қоғамдық көзқарастарда, Қазақ хандығының идеялық негіздерінде терең із қалдырған.
«Сол дәуірдегі Ясауидің шәкірттері, яғни заманының ғұламалары Алтын Ордада да, кейін Қазақ хандығының құрылуында да рухани тірек бола білді. Бұл – ғылыми да, тарихи да шындық. Мөңке би сынды бабаларымыздың мұраларына көз жүгіртсек, түбі Ясауи тағылымына келіп тіреледі», – дейді ғалым.
Осы тұста Ясауи ілімі тек қазақтың ішкі рухани жүйесін емес, бүкіл түркі дүниесінің танымына ықпал еткенін айта кеткен жөн. Түркиядағы Осман империясының да іргесінде Ясауи жолының рухы жатқанын ғылыми зерттеулер растайды.
Дінтанушы-ғалымның айтуынша, бүгінгі таңда түркі әлемінің ортақ интеграциялық идеясы саналатын Тұран тұтастығы да дәл осы Ясауи мұрасынан бастау алуы керек.
«Ясауи ілімі – түркі дүниесінің жүрегін біріктіретін алтын көпір. Бұл тек тарихи-рухани сабақтастық емес, қазіргі заманғы саяси-мәдени аралас-құраластықтың да негізі Түркістан – түркі халықтарының рухани астанасы. Осы ұғымды нақты іспен бекемдеу үшін Ясауи мұрасын зерттеу – аса маңызды», - дейді Мұхитдин Иса.
Шынында да, симпозиум осы бағытта нақты қадам болып отыр. Ғалымдардың ортақ басқосуы, тәжірибе алмасуы – түркі интеграциясын тек саясат пен экономикада ғана емес, руханият пен білімде де тереңдету мүмкіндігі.
«Ясауи ілімінің іске асырылуы – рухани жаңғырудың тірегі»
Ғалым өз сөзінде Ясауи мұрасының әлі де толыққанды зерделенбей келе жатқанын айтты. Қоғамда оның рухани әлеуеті туралы жиі айтылғанымен, нақты ғылыми істер аз.
«Қожа Ахмет Ясауи ілімі қанша айтылып жүрсе де, бүгінгі таңда бір шетте қалып қойып жатыр. Сол себепті біз көп нәрседен – тіпті әлемдік деңгейден де – артта қалып отырмыз. Неге? Өйткені біз өз түбімізге оралмай жатырмыз», – деп ашық пікір білдірді ол.
Бұл ой Мемлекет басшысы көтеріп жүрген ұлттық құндылықтарды қайта тану бағытымен үндес. Ясауи мұрасын тек ғылыми зерттеу нысаны ретінде емес, қоғам дамуының рухани темірқазығына айналдыру - бүгінгі күннің өзекті міндеті екені даусыз.
Бұл симпозиум – Ясауи мұрасының қайта өркендеуіне жол ашады
Мұхитдин Иса атап өткендей, Түркістанда өтіп жатқан халықаралық ғылыми жиын – Ясауи мұрасын жандандыруға үлкен серпін береді. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағыттағы ұстанымын ерекше атап өтті:
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын көтеруі – бүгінгі таңда өте өзекті, негізгі мәселенің біріне айналды. Бұл конференция Ясауи ілімінің қайта өркендеуіне, қанат жаюына нақты себеп болады деп сенемін», – дейді ол.
Айта кетелік, Қожа Ахмет Ясауи – тек тарихи тұлға ғана емес, бүгінгі рухани тірегіміз. Оның ілімі – түркі халықтарының ортақ жауһары, мәдени үндестіктің іргетасы. Түркістанда өтіп жатқан халықаралық симпозиум осы мұраны жаңа биікке көтеріп, түркі руханиятының тұғырын нықтауға бағытталған тағылымды іс-шара болып табылады.
Меруерт Райым
Abai.kz