Украина соғысы: Әлемдік БАҚ не дейді?

Екі жылдан бері әлемнің назарын аударған Ресей-Украина соғысы әлі жалғасып жатыр. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропадағы ең ірі қақтығыс болып отыр. Зерделеп көрсек, аталған соғыс бірнеше бағытта жүріп жатыр: әскери, ақпараттық, экономикалық және гуманитарлық.
Украинадағы соғыс қазіргі әлемнің ең өзекті және күрделі мәселелерінің бірі санатында. Бұл қақтығыс тек екі елдің арасындағы текетірес емес, ол – халықаралық тәртіп, егемендік, демократия және адам құқықтары үшін күрестің көрінісі. Соғыстың қашан аяқталары белгісіз, бірақ оның салдары әлем тарихында ұзақ уақыт бойы сезілетін болады.
BBC-дің жазуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің ең ірі әуе шабуылынан кейін АҚШ-тың үнсіздігін сынға алды. Ол бұл үнсіздік Ресей президенті Владимир Путинді шабуылдарын жалғастыруға ынталандырады деп мәлімдеді. Жақында Ресей бір түнде 367 дрон мен зымыранды атқылап, Украинада кемінде 12 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды .
Зеленский АҚШ пен басқа елдердің үнсіздігі Путинге шабуылдарын жалғастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Ол Ресейдің қатыгездігін тоқтату үшін Ресей басшылығына қатты қысым жасау қажет екенін ескертті.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп шабуылдан кейін Путинді «мүлде есінен адасқан» деп сипаттап, оның әрекеттерін айыптады . Алайда, Трамп нақты қандай шаралар қабылдайтынын айтқан жоқ.
Бұл шабуылдар Украина мен Ресей арасындағы соғыстың шиеленісуін көрсетеді және халықаралық қауымдастықтың, әсіресе АҚШ-тың, әрекет ету қажеттілігін айқындайды.
Сонымен бірге, «The Guardian» басылымы былай деп жазыпты: «Украиналық ресми тұлғалар Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға бағытталған халықаралық күш-жігеріне қарамастан, Ресеймен ұзаққа созылған, позициялық соғыс әлі бірнеше жылға жалғасуы мүмкін деп есептейді. Жұма күні Ыстанбұлда өткен Киев пен Мәскеу арасындағы алғашқы тікелей келіссөздердің нақты нәтижесіз аяқталуына және АҚШ президентінің Ресей басшысы Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскиймен жоспарланған қоңырауларына қарамастан, украиналық тарап Мәскеудің бейбітшілікке шын ниетті екеніне дәлел көріп отырған жоқ».
Шындығында бұл пікірлер Ресей соғыс басталғалы бері ең ірі дрон шабуылын жүзеге асырған кезде айтылды – барлығы 273 дрон жіберіліп, негізінен Киев облысы мен елдің шығысындағы Днепропетровск және Донецк облыстарын нысанаға алған.
«АҚШ-тың айтарлықтай көмегінсіз бұл жағдай өзгермейді және тіпті ушығуы мүмкін. АҚШ болмаса, тепе-теңдікті өзгерту мүмкін емес. Уақыт өте келе бұл Ресейдің пайдасына жұмыс істеуі мүмкін. Біз тірі қаламыз, бірақ үлкен құрбандыққа барамыз» деп сұхбат беріпті аты-жөнін айтқысы келмеген бір Украин азаматы.
Ендігі сөз АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы туралы болмақ. «АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әлем экономикасына қалай әсер етеді?» деген толғақты сұрақ қазір экономикалық сарапшылар мен саясаткерлердің назарын аударатын тақырып. Тағы да BBC-ге сілтеме жасайық. Аталған ақпарат агенттігі «АҚШ пен Қытай бір-бірінен не импорттайды?» деген түйткіл туралы ізденіпті.
«2024 жылы АҚШ-тан Қытайға экспортталатын ең ірі тауар санаты — соя бұршақтары болды. Бұл өнім негізінен Қытайдағы шамамен 440 миллион шошқаны азықтандыру үшін пайдаланылады. Сонымен қатар, АҚШ Қытайға фармацевтикалық өнімдер мен мұнай да экспорттады.
Ал Қытайдан АҚШ-қа экспорттың басым бөлігін электроника, компьютерлер және ойыншықтар құрады. Сондай-ақ, электромобильдер үшін маңызды батареялардың да едәуір көлемі Қытайдан жеткізілді. АҚШ-тың Қытайдан импорттайтын ең ірі тауар санаты — смартфондар, бұл барлық импорттың 9%-ын құрайды. Бұл смартфондардың көп бөлігі Қытайда АҚШ-тың трансұлттық компаниясы Apple үшін өндіріледі.
АҚШ әкімшілігінің Қытайға салған 20% кедендік тарифі америкалықтар үшін бұл өнімдердің бағасын айтарлықтай өсірген еді. Енді бұл тариф 125%-ға дейін көтерілді (кейбір тауарлар үшін 145%-ға дейін), бұл оның әсерін алты есе күшейтуі мүмкін. АҚШ-тың Қытайға экспорттайтын өнімдері де Қытайдың қарсы тарифтері салдарынан қымбаттайды, бұл ақырында Қытай тұтынушыларына да осындай ауыртпалық әкеледі. Алайда, тарифтерден бөлек, бұл екі ел бір-біріне экономикалық зиян келтірудің басқа жолдарын да қарастыруы мүмкін».
Abai.kz