Бейсенбі, 5 Маусым 2025
Алашорда 756 0 пікір 3 Маусым, 2025 сағат 15:33

Өлмес

Суретте: Алматы қалалық зиратындағы Саттар Ерубаев құлпытасы.

Жақсы өмір үшін қаламымен күресіп, жаңа да өршіл сезімді жырлаған, жасампаз идеяға иланып еңбек еткен жаңа адамдар бейнесін жасаған, «Менің бақытым, қуанышым бүкіл елдік болады, Мен жасаған жаңа өмір жайнап өсед, жанады»  деп сенген жиырма үш жасар  ақын, жазушы Саттар Ерубаев артына аяқталмаған, бірақ  бәрібір өлмейтін жалғыз да дара, ерек романын, әлденеше сезімшіл өлең,  балладаларын, әңгімелерін, фантастикалық туындысын қалдырып, 1937 жылғы 2 маусымда дүниеден өтті.

Осы күні – 1994 жылғы маусымның 2-сінде, туғанына сексен жыл толатын жылда, Алматыдағы қалалық зираттың кіреберісіне тақау жерге Саттарға ескерткіш-құлпытас орнатылды. Ескерткішті С. Ерубаев атындағы «Саттар» әдебиетшілер қауымдастығы қойған-тын.  Қауымдастықтың президенті – осы жолдар авторы, ал бас директоры көрнекті ақын Қасымхан Бегманов болатын.

Қасымхан сол заманғы іскер жастардың бірі әм бірегейі ретінде, сүйікті қаламгеріміздің рухын ардақтау үшін, тек ескерткіш қоюмен шектелмей, Саттардың сексен жылдығын атап өту шараларын қаржыландырды,  кезінде архивтерден жинап, толық шығармалар жинағын құрастырған үлкен әдебиет зерттеушісі Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың жинақты қайта қарап, мерейтой құрметіне жарыққа тағы да шығаруына мұрындық болды.

Біздің ұрпақ Саттардың әйгілі романын да, тамаша поэзиясы мен әлденеше жанрда қалам тербеулерін де негізінен Тұрсекең құрастырып 50-ші жылдары шығарған жинақ арқылы таныған-тын. Ал «Менің құрдастарым» тұңғыш рет Саттар қазасына екі жыл болғанда, 1939 жылы латыншаланған әліпбимен басылып шыққан еді. Иә, жазушы өмірден өткеннен екі жыл кейін. Сол заманда баспасөзде, жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарған  ақын Дихан Әбілов: «Қолжазба бізге Қарағандыдан поштамен келіп түскен-ді», – деп еске алған болатын...

60-шы жылдары Саттардың өмір жолы мен шығармашылығын арқау еткен ғылыми диссертация қорғалды, 70-ші жылдары жаңа зерттеулер, естеліктер көптеп жарық көрді. Осы жолдар авторының сол жылдардан басталған түрлі жазбалары Саттар шығармашылығын сүйіп өскен қалам қайраткерлерінің бірі Балжан Хабдинамен бірлесіп, жастардың сүйікті жазушысының 100 жылдығы құрметіне  шығарған «Саттар Ерубаев. Шығармалары» кітабына енді...

Саттар Ерубаевтың шығармашылығын Ұлжалғас Есімова сынды  жекелеген ізденімпаз, жаңашыл педагогтар оқу үдерісінде, оқу-тәрбие жұмыстарында пайдаланып жүр. Саттардың немере қарындасы Ұлжалғас Әшімқызының көп жылдар бойы Шымкент қаласындағы № 24 Саттар Ерубаев атындағы мектеп-лицей директоры қызметін атқарған шағында көрсеткен іс-тәжірибесі республика бойынша мектептерге  кеңінен таратылды. Бүгінде шымкенттік мұғалима Гауһар Алтекова мектеп ұстаздары арасындағы саттартанушылық істерді алға апаруда.

Алматы қалалық қабірстанның Саттар Ерубаев құлпытасы жанынан өтетін жол ұлтымыздың сонда, Орталық зиратта тыншыған  біртуар ұл-қыздары жатқан орындарға бастайды.

Онда жаһандық соғыс майдангерлері мен тыл ардагерлері, сондай-ақ әйгілі әнші Күләш Бәйсейітова, аса көрнекті композитор, қоғам қайраткері Мұқан Төлебаев, ұлы жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов, минералогия ғылымдарының докторы, академик Қаныш Сәтбаев, ақын, әнші-композитор, домбырашы Иса Байзақов, әйгілі актер, режиссер, КСРО Халық әртісі Шәкен Айманов, актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Халық әртісі Қалыбек Қуанышбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабай Шаяхметов, қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбанов, революционер Әліби Жанкелдин, әйгілі әнші Әміре Қашаубаев, атақты күйші Дина Нұрпейісова және басқа да Қазақстанға еңбегі сіңген тұлғалар, жақында ғана қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат  Мұхтарұлы Әуезов  жерленген.

Соларды нұсқап, баршасы хақында қысқа ақпарат беретін жол нұсқағыш жасау қажет-ақ. Бір кезде бұл істі осы уақытқа дейін ескерілмей жүрген Алаш арыстары мұрасын жарыққа шығаруды батыл қолға алып, көпшілікті сүйсінткен жақсы істерімен көзге түсіп жүрген «Қыр баласы» қорының жас зерттеушілері қолға алғанын естіп қуанған едік. Алайда іс әзірге  тиянақталмай тұр. Дегенмен үміт үзбейміз, өйткені ондай істің танымдық, тәрбиелік мәні зор.

Саттар бейнесі, Саттардың шығармашылығы, оның мәңгі өлмес «Менің құрдастарымы» жас ұрпаққа әрқашан шамшырақ іспетті қызмет көрсете берері ақиқат.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір