Бейсенбі, 30 Шілде 2026
46 - сөз 684 0 пікір 27 Шілде, 2026 сағат 14:15

Боз даланың баһадүрі

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Ақтамберді Сарыұлына арнау

Арнау үш бөлікке жіктелді. Біріншісінде – кейіпкер болмысы. Екіншісінде – оның ел мен жер қорғаудағы орны. Үшіншісінде – бабалар аманатының өміршеңдігі мен ұрпақ сабақтастығы.

I

Атамыз ақсауытты – Ақтамберді,
Азаттық жырларының ақтаңкері.
Ұрпаққа ұланғайыр жер қалдырған,
Ерлікті жалғастырып Сақтан бергі.
Зер салсақ тарихтың тереңіне,
Тағдыр көп оқиғалар дерегінде.
Ол нағыз боз даланың баһадүрі,
Бас иген ханның өзі беделіне.
Бір өзі – берен батыр, ұлы жырау,
(Оларды білген дұрыс, құлыным-ау!)
Мейманы мейірінен мерейленіп,
Қаймыққан қаһарынан бұғынып жау.
Жырлары – сап түзеген сайыпқыран,
Сананы сілкілеген, айықтырған.
Ерлерге сертке берік құшақ ашып,
Уәде бұзғандарды майып қылған.
Жасаққа жігер берген жорық жыры,
Алапат, жойқын күштер – соның нұры.
Жыраудың тоғыз тарам толғаулары,
Халықтың азаттыққа жолын бұрды.
Ерлік пен ел ісінде зор тұлғасы,
Басталған батасымен жолдың басы.
Бойдағы бес қаруыдың орны бөлек,
Алтыншы қаруы оның – домбырасы!

II

Адамның перісі де, бөрісі де,
Топжарып танылмай ма топ ішінде.
Кектенген жастайынан Ақтамберді,
Аттанған алғаш жауға он үшінде.
Ежелден егескен ел қалың қалмақ,
Алмақшы маңайының бәрін жалмап.
«Ақтабан шұбырынды» аз болғандай,
Қазақтың қалған жерін тартып алмақ.
Ел іші ие болса бірлігіне,
Тап болып қалмас еді мұңлы күнге.
Күн туса ел басына – Ер жата ма,
Жиылды батыр біткен ту түбіне.
Бектерім бастамайды бекер істі,
Бір қолға біріктірмек жеке күшті.
Қосылып қосынымен Ақтамберді,
Ақ туын Абылайдың көтерісті.
Еңсесін тіктеу үшін елдің ауған,
Босатып алу керек жерді жаудан.
Жоңғардың жонын тіліп, жөнге салмай,
Белгілі арылмасың мәңгі даудан.
Жорықтар жоспарланды саналуан,
Шолғыншы құтылмастай қарауылдан.
Жырымен Ақтамберді рухтанған,
Ер біткен атқа қонды әр ауылдан.
Ұрандар күңірентті күрең белді,
Бір туға тоғыстырды түмендерді.
Қабанбай, Бөгенбайлар тізе қосып,
Қазақтың төрт тарабы түгенделді.
Бәрінің атамекен бар арманы,
От-жалын оқ боп ұшты жанардағы.
Қасқайып қалың жауға қарсы шауып,
Жапырды жау бекінген қамалдарды.
Сөгілді, жаудың шебі қақырады,
Мысалға «Аңырақай» жатыр әні.
Ордасы отқа бөгіп атажаудың,
Босады атақоныс атырабы.
Сақтаған бүтіндігін сары даламның,
Тарихта орны бөлек әр бабамның.
Ел менен жер тағдыры сынға түссе,
Батырлар биік қойған жаннан арын.
Қалса да фәнидегі түгесіп жол,
Тоқтатпас жыры арқылы күресін ол.
Бөгделер бөлісінен байтақ жерді,
Қорғауда Ақтамберді үлесі мол.

III

Бабаның баяндадық даралығын,
(Қаншалық қабылдайды сана бүгін?!)
Жалғап тұр өнегелі өсиеті,
Өткен мен болашақтың аралығын.
Жеріңді қорғап тұру – ірі сұрақ,
Ұлтыңды сақтап қалу – ұлы сынақ.
Өзегі өсиеттің осында тұр,
Мән берсек мәйегіне дұрысрақ.
Тоғысса ерен күш пен терең ақыл,
Көшбасшы қала қойсын неге қапыл.
...Бұлжытпай бабалардың аманатын,
Арқалап бүгінгі ұпақ келе жатыр!

Қайрат Зекенұлы,

Семей қаласы.

Қосымша: Ақтамберді жыраудың 350 жылдығына арналған мүшәйра мәресіне жетті. Бірақ, біздің “Боз даланың баһадүрі” жюрилердің іріктеуінен өтпей қалыпты…

Abai.kz

0 пікір